Өндіріс • 10 Сәуір, 2024

Вакуумдық түтікше шығаратын кәсіпорын

45 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Гүлия Жүзенова сонау 1995 жылы дәрі-дәрмекті көтерме бағамен саудалайтын фирма ашып, кәсіп бастаған. Мамандығы – фармацевт. Сондықтан бизнестің бұл түрін таңдауы еш кездейсоқтық емес. Жұмысы алға басып, 160 дәріханасы, 11 облыста қоймасы болды. 2010 жылы «Даму» қорының мүмкіндігін пайдаланып, фирмасы үлкен кәсіпорынға айналады. Бүгінде «ЭкоФам Интернейшнл» ЖШС өндіретін медициналық бұйымдар отандық өндірістің мақтанышы болып тұр.

Вакуумдық түтікше шығаратын кәсіпорын

Кәсіпорын ассортименті қандай?

«Үкіметтің фармацевтикалық өндірісті қолдауға арналған жаңа бағдарламасын екі-үш түн қатарынан ұйықтамай оқығаным әлі есімде. Маған өте қызық көрінді. Иә, фирмамыз болды, бірақ дәрі-дәрмек саудасында артылатын пайда аз еді. Ақшамыз болмай дәріхананы жалға алатынбыз. Уақыт тапшы болған­дықтан көрмелерден алып келген нұсқаулық пен кітапшалар оқыл­май, бір бұрышта үйіліп жату­шы еді. Соларды да ерінбей қарап шық­тым. Күйеуім, екі балам бәрі­міз ақылдаса келе меди­ци­на­лық бұйым шығаратын кәсіп­орын ашайық деп шештік. Есеп­теп көрсек, жыл сайын әр аза­мат­ты медициналық тексеруге ша­мамен 18 дана түтікше  (пробир­ка), 2 ине жұмсалады екен. Со­дан вакуумды түтікше шығаруды ұйғардық», деді Г.Жүзенова.

– Ол қан сынамасын алуда ең қауіпсіз әдіс саналады. Өйткені қан арқылы көптеген ауру жұғып кетеді. Тіпті кәріз жүйесіне түскеннің өзінде кеміргіштер арқылы да ауру таралуы мүмкін. Бірақ өндіріс ашуға тәжірибеміз жеткіліксіз еді. Кеңес сұрайын десек, маман таппаймыз. Бар білгенімізбен Кореядан керекті құрал-жабдықтарды сатып әкеліп, оларды орнатып 2012 жылы алғашқы өнімді шығардық. Сол жылы «СК-Фармация» арқылы 10 жылдық қолдау келісімшартына тұрып, емханалар мен ауруханаларға өнім өткізіп келеміз.

паап

Кәсіпорынның өнім ассор­ти­менті өте кең. Күре тамырдан қан сынамасын алатын 57 түрлі вакуумдық түтікше мен оның қоспалары, 6 түрлі ине бар. Ине­нің әртүрлі жіңішкелікте болуының ма­ңыз­дылығы өте үлкен екен. Себебі қан құра­мы­ның өзгеріп кетуіне иненің де әсері бар көрінеді. Әлемде медицина саласы күн сайын дамып барады. Заманға сай өндіріс үрдісінен қалып кетпеуге кәсіпорын басқа да бұйымдар шығарып, «СК-Фармация» арқылы саудасын жүр­гізіп жатыр. Әдетте медициналық өнді­ріс туралы айтылса, бірінші ойға келе­тіні дәрі-дәрмек екені белгілі. Алайда ме­ди­ци­налық бұйымдар да өте маңызды рөл ой­найды. Мәселен, ота кезінде қанды қою­латпай, сұйылтпай бірқалыпты ұстап тұра­тын арнайы түтікше керек болады. «ЭкоФарм Интернешнл» ЖШС оны да өндіреді.

 

Сыртқы нарыққа сата алмай отыр

Кәсіпорын отандық өндірісті қолдау бағыты бойынша, сондай-ақ ашық конкурстарға қатысу арқылы елімізді вакуумдық түтікше, инелермен толық қамтамасыз етеді. Жылына 45 млн вакуумдық түтікше, 15 млн ине, тағы сонша дана инеұстағыш шығарады. Әрі «ЭкоФарм Интернешнл» – мұндай өнім шығаратын елдегі жалғыз зауыт. Өзімізден артылған өнімді Ресейге экспорттауға болар еді, алайда Батыс санкцияларына байланысты бұл шаруа­ны дөңгелету мүмкін болмай тұр.

«Барлық техниканы, технологияны­ және шикізатты Еуропадан әкеле­тін­діктен, Ресейге ешқандай өнім сатпаймыз деп тілхат беріп отырамыз. Олар сол үшін бізді тексеріп тұрады. Егер қандай да бір өніміміз Ресейден табылып қалса, бізге шикізат беруді тоқтатады», дейді.

Келесі тиімді нарық Өзбекстан еді, бірақ ол елмен жасалған келісімнің күші жойыл­мақ.

«Өзбекстан өз нарығын қатты қор­­ғайды екен. Оларда біздегідей вакуум­дық түтікше шығаратын бір кәсіп­орын болғандықтан, нарығына тауар кір­гізгеніміз үшін екі рет кедендік баж салығын төледік. Яғни сырттан келетін бір өнім Өзбекстанда да шығарылатын болса, оның кедендік алымының бағасын екі есе қымбат етіп қояды. Ал бізде керісінше, дәл осындай вакуумдық түтікше шетелден әкелінсе, оған ешқандай кедендік баж салығы, қосымша құн салығы төленбейді. Тап-таза күйінше нарыққа енеді. Әлі өнімді өндірмей тұрып шикізатты шетелден әкелу үшін бүкіл салығын төлеп шығамыз. Шикізат 30%-ға қымбат болған соң өнімнің де бағасы жоғары болады. Осыдан кейін елу жылдан бері өнім шығарып келе жатқан кәсіпорындармен қалай бәсекелес боласың?», деді кәсіпкер.

 

Министрліктің бұйрығын күткелі көп жыл болды

Он жылдық қолдау аяқталған соң ком­­пания өнімін ашық конкурс арқылы са­тып жатыр. Ал ол құжаттар арқылы істе­­­летін көп жұмысты талап етеді. Егер дис­­трибьюторлық ұйымдар сату мәсе­лесін тұта­с­тай өз мойнына алса бұл ком­панияға өнді­рісін арттыруға, ғылы­ми-зерттеу жұ­мыстарын күшейтуге көп жәр­демін ти­гізер еді. Алайда дис­три­бьюторлардың тен­дер шартында отан­дық кәсіпорындарға еш­қандай жеңіл­дік қарас­­тырылмаған. Олар­ға отандық өнім­нен гөрі бағасы төмен ше­тел­дік тауарды таң­дап, оны сатқанда үсті­нен пайда көріп отыр­ған әлдеқайда тиімді.

«Өнімді ашық конкурста өткізіп бол­ған соң 60 күнтізбелік күн бойы ақша­ның тү­суін күтесің. 60 күнтізбелік күн жалпы 90 күнге кетіп қалады. Өнді­ріс­ке ақша керек болғандықтан амал жоқ несие ала­сың. Ол ертеңгі күні тағы да өнім баға­сының қымбат­тауына әкеп соғады. Осын­дай кезде еліміздегі ірі дистрибьюторлармен тауар бағасын төмендетіп беремін деп келіссек, несие де алмаған болар едік. Өйткені дистрибьюторда ақша көп, олар тауарды алған соң бірден төлем жасайды. Міне, қазір ортадағы алып-сатушы ұйымдармен осы келісімді жасай алмай отырмыз», деді Г.Жүзенова.

Өндіріс орны Үкіметтің қаулысы негі­зінде жұмыс істеп, соның нәтижесінде мемлекеттен көп қолдау тауып отыр. Жер­гілікті әкімдік те бар көмегін аяп жатқан жоқ. Соның бірі ретінде кәсіп­орын­ның индустриалды аймақтан аш­қан зауыттарына мемлекет тарапынан берілетін көптеген жеңілдікті атап өтуге болады. Ол зауыт құрылысына қажет­ті жер учаскесі, тиісті инженерлік инфра­құрылыммен қамтамасыз ету, басқа да осы секілді көмектер.

«СК-Фармация» компаниямен алдын ала тағы да келісімшарт түзген. Ол бойынша 5 жылда өнім өндіріліп сынақтан өтуге тиіс. Алайда мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде зауыт екі жылда аяғына тұрып, бұрынғы тәжірибенің көмегімен жаңа медициналық бұйымдар да тиісті сынамалардан өтті. Кәсіпорын «СК-Фармацияға» есеп беріп, бар­лығы дайын екенін баяндаған. Ендігі жерде Ден­саулық сақтау министрлігі «СК-Фар­мация» өтінішінің негізінде жаңа өнім­дердің бағасы, емдеу меке­ме­­ле­рінің тізімі секілді мәселелерді қам­титын №77, 88, 96-бұйрықтарды шы­ғаруы керек. Алай­да министрліктің әлгі бұйрықтарды шы­­ғармай жатқанына биыл төрт жыл болыпты.

«Соның кесірінен шығарып қойған затымызды төртінші жыл қатарынан сата алмай отырмыз. Сосын халықаралық ISO 13485 стандартына сәйкес кәсіпорын құрып, оның технологиялық тілін біле­тін мамандарға 3 жылдан бері бостан-босқа айлық төлеп келеміз. Осыны айтып вице-премьерге де кіріп шықтық. Уәде бері­ле­ді, бірақ нақты іске келгенде нәтиже бол­май тұр. Өндіріс орнын құруға 3-4 жыл, бұйрықты дайындауға тағы сонша уақыт жұмсалады. Сонда 9 жылдан бері өнім сата алмай жатырмыз. Осы уақыт ара­лығында ол затымыз ескіріп те кететін бол­д­ы. Біз бір емес, елімізде медициналық бұйым шығаратын кәсіпорындар өте көп. Со­лардың барлығы Денсаулық сақтау ми­нистрлігінің аталған бұйрықты күтіп отыр», деді Г.Жүзенова.

 

ШЫМКЕНТ