Өнер • 08 Сәуір, 2024

Суреттегі Сүйінбай

18 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қылқалам ұшындағы бояу талантпен, шеберлікпен ұш­тас­қан кезде сиқырға бергісіз дүние пайда болады. Сиқыр дейтініміз сол, халқымыздың маңдайына біткен тау тұл­ғаларының шын бейнесі де осы суретшілердің хас өнерінің арқасында жадымызда жаңғырып қалды. Мәселен, «қазақ­тан суретші шықты» деген сөзді айтқызған, Қазақ­станның халық суретшісі Әбілхан Қастеев қаншама ұлт қай­раткерлерінің бейнесін жазды. Автор салған сол бей­нелер бүгінде тарихқа айналып, ұлт мәдениеті мен руха­ниятының асыл қазынасына айналды.

Суреттегі Сүйінбай

Оның Алматыдағы Өнер мұ­ражайының алтын қорын­да сақтаулы Кенесары, Абай, Жамбыл, Амангелді Иманов, Шоқан Уәлиханов сынды мық­ты қазақтар бейнеленген портреттері бүгінгі өскелең ұрпаққа құнды олжа болып отыр. Сондай-ақ мұның ішін­де 1972 жылы салынған Сүйін­бай Аронұлының халықтық об­ра­зы тереңінен бедерленген порт­реті де бар. Суретші дәл осы туындысында эпикалық қа­рым-қабілетін жан-жақты ашқан­дай көрінеді.

Еске салсақ, Сүйінбай Арон­ұлының бейнесі тәуелсіздік­тің алғашқы жылдары төл валютамыз «үш теңге» арқы­лы көпшілікке таныс болды. Ақын­ның бұл суреті өмірден өткен соң жетпіс жылдан кейін салынған. Аталған туынды бү­гінде Солтүстік Қазақстан об­лыстық бейнелеу өнері мұра­жа­йында сақтаулы тұр.

Жалпы, Әбілхан Қастеев та­қырып қылған тұлғаларды қа­лай жазып, қалай зерт­те­ге­ні туралы түрлі аңыз айтылады. Мәселен, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің кө­се­мі, батыр Аман­гел­ді Имановтың порт­ретін салу үшін Торғайды бір­неше ай бойы аралап, деректер жинап, көзкөрген заман­дастарымен кездескен. Абай­дың бейнесін кескіндегенде де Шыңғыстауға бірнеше мәрте барып, туған топырағын сезінген.

Ал ХІХ ғасырда Жетісу өңі­рінде өмір сүрген ақынның фотосуреті болмағандықтан кес­кін-келбетін оның ұрпақ­тарының айтуымен айнытпай келтіріпті. Бұл туралы суретші 1972 жылдың 23 маусымында «Қазақ әдебиеті» газетін­де жарық көрген «Сүйінбай­дың суреті» атты мақаласын­да: «Алатаудай ақиық ақын­ның сурет бейнесін жасаумен шұғылданғаныма, міне, жылдан асты. Ақынның өмірі мен творчествосына қатысты деректердің бәрімен түгелдей дерлік таныстым. Сүйінбай­дың фотопортреті жоқ. Сондық­тан бұдан 80 жыл бұрын өмір сүрген атақты адамның қас-қабағы, маңдайы, көзі, мұ­рын бітісі, ерін, жақ, иек, тағы бас­қа анатомиялық кескіндері қан­дай еді деген сұрақтарға жеке-жеке анкеталық анықтама­лар алдын ала берілді. Содан соң олардың барлығы біртұ­тас күйге келтірілді», деп жазады. Ізденіс барысында немере қызы Үкіжан Сыпатаева мен аталасы Мырзабай Сатаев­пен ақылдасқанын, ақынның бет әлпеті, пішін-келбеті немере ұлы – Тоғызбай Малыбаев­қа келетінін, оның да фотосу­ре­тін жан-жақты зерттегенін, өзге де туған-туыстарының кес­кін-келбетін назардан тыс қал­дырмағанын, отбасы­лық ортақ белгілерін анықтаға­­нын тілге тиек етеді. Қылқалам иесінің бастаған ісін қашан аяқ­­тағанша жұмыс орнынан тұрмайтын әдеті болған. Соңғы нүктесі қойылып, бояуы кеп­пеген портретті ақынның ту­ған-туыстарына көрсеткенде Үкі­жан Сыпатаева: «Сүйін­бай­­дың кескін-келбетіне дәл ке­леді. Мен осы бейнені Сүйінбай д­еп ­танимын», деп жылап жібер­се керек.

Иә, кеңес өкіметі тұ­сын­­да облыстық бейнелеу өне­рі мұражайларының қо­рын Алматы мен Мәскеу қа­ла­ла­рының Суретшілер ода­ғы жа­сақтап отырғанын бі­ле­­міз. Сол кездері өңір-өңір­дегі жер­гі­лік­ті мұражайлар Қазақ­стан­ның ғана емес, өзге елдердің де бел­гілі су­ретшілерінің туын­дылары­­­мен толыққан. «Сүйінбай» порт­ре­тін де Пет­ропавл қаласына өткен ға­сыр­дың 90-жылдары Қазақ КСР Суретшілер одағы және көркемөнер көрмелері басшылығы жіберген. Қар­жының жетіспеушілігінен кар­тиналарды жер-жерлерге таратқан.

Биыл туғанына 120 жыл толып отырған шебер су­рет­ші Әбілхан Қастеевтің мол мұ­расы – бүгінгі ұрпаққа ол­жа. Отбасылық мұрағатта су­­­рет­шінің 400-ге жуық жұ­мы­сы бар. Портреттері, сызбалары, этюдтерінің көбі от­ба­сылық қорда сақталған. Одан бөлек, туындыларының біраз бөлігі Алматыдағы Өнер мұра­жайында тұр. Пав­ло­дардағы музейде де 15 шақты­ туындысы бар. Жаркенттегі ­Сурет гале­реясында да Қастеев­тің картиналары қойыл­ған.