Сұхбат • 08 Сәуір, 2024

Элмар БӨРІБАЕВ: Шынайы өнерде шекара жоқ

54 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Әйгілі музыкалық әулеттің із­басары Элмар Бөрібаев – жо­ғары кәсібилігі мен шеберлігін паш етіп келе жатқан дарынды дирижер. Соңғы жылдың өзінде ол Иржи Килианның «Кіші өлім» бірегей балетінің, Цезарь Кюи­дің «Етік киген мысық» операсы­ның қоюшы дирижері атанып, Гаэтано Доницеттидің «Дон Паскуале» операсында дирижер­лік дебютін жүзеге асырды. Ол «Шопениана», «Шехеразада», «Сильфида» спектакльдеріне ғана емес, сонымен қатар гала-опе­ралар мен гала-балеттерге де дирижерлік етеді. Ал бұл – көпшілік білетіндей, айрықша ыждаһаттылық пен ауқымды материалды зерттеуді талап ететін аса күрделі міндет. Енді міне, 13-14 сәуір күндері жас маэстро Л.Минкустың «Дон Кихот» балетімен дирижер тұғырына көтеріледі. Аталған спектакльдегі Элмар еңбегі – оның дебюті. Махаббат пен ерлік туралы айтулы классикалық хикая жас маэстроның жетекшілігімен жаңа бояуларға ие болмақ. Операның қыр-сырын дирижердің өзінен сұраған едік.

Элмар БӨРІБАЕВ: Шынайы өнерде шекара жоқ

– Дебютке қалай дайындал­дыңыз және балеттің музыкалық бөлігінің қандай аспектілері сізге ерекше қызықты болды?

– «Дон Кихот» – әлемдік балет репертуарының классикасы, бұл спектакльдің пайда болғанына жүз жылдан асты. Л.Минкус – атақты композитор, дирижер, дарынды ұстаз, керемет скрипкашы. Оның ішекті аспаптар тобына жарқын күйлер шығаруы сондықтан болар. Мұнымен қоса, ол осы балет музыка­сында ойып тұрып орын алды. Композитордың биге арналған музыканы өте келісті жазғанын айта кетуіміз керек. Таңғажайып музы­ка өзінің көркемдігімен, жай­дар­лылығымен ерекшеленеді, сон­дық­тан туындының көңіл күйіне толық ену үшін мен оркестрдің бар­лық аспаптарының партияла­рын меңгеруге айрықша көңіл бөл­дім. Кейіпкерлердің сан алуан эмо­ционалдық күйлері мен сюжет­тің драмалық бетбұрысын музыка арқылы жеткізу мүмкіндігі мені ерек­ше қызықтырды.

– Музыкалық интерпрета­ция көрермендердің балетті қа­был­дауы­на әсер ете ала ма?

– Иә, әрине, көрермендердің опера немесе балетті қабылдауын­да музыкалық интерпретация­ның маңызы зор. Ол қайталанбас атмосфера жасап әрі аудиторияны қызықтыра отырып, сюжеттің эмо­­ционалдық тереңдігін, драма­лы­­лығын немесе әзіл-сықақтығын айшықтайды. Жалпы, музыканың та­биғатына эксперимент тән ғой. Шы­найы өнерде шекара болмайды.

– Өнерді бейнелі, үндескен һәм үйлесімді біртұтастыққа жеткізу үшін бір уақытта хореограф, әртістер және оркестр музыканттарымен әріптестікті қалай жүзеге асырасыз? Дирижерлік басқарудағы өз тәжірибеңізді айтып беріңізші.

– Егер балетке дирижерлік ету керек болса, мен әрқашан хорео­графиялық мәтіннің қыр-сырымен танысып, түсініп, тіпті оны жаттап алу үшін алдымен балет класына барамын. Сондай-ақ солистердің қар­қынын, шығармашылық әлеуе­тін сезінуім үшін міндетті түрде бас­ты партияларды кімдердің орындайтынын білуім керек, бұл жалпы сахналардағы кордебалеттің жұ­мысына да қатысты. Әрі қа­рай жұ­мыс барысында қоюшы хорео­графтың кімге басымдық бергені түсінікті бола бастайды. Содан кейін ғана оркестр әртістерінің дайын­дығына кірісе аламын. Бұл жерде мен өзімнің интерпретациямды музыкалық жағынан тиянақты ету үшін ғана тырыспаймын, сонымен қатар барлық ерекшеліктерді түсіне отырып, оны дайындықта көп уақытымды бірге өткізген балет әртіс­тері үшін түсінікті еткім келеді. Сондықтан бұл – ортақ еңбекті, тұрақты байланысты, өзара әрекет пен ой-пікір бөлісуді талап ететін көп сатылы үрдіс. Бірыңғай үйлесімді өнер көрсету үшін барлығын әрбір орындаушы өзін жалпы музыка­лық жобаның маңызды буыны ретін­де сезінетіндей етіп ұйымдастыру қажет деп ойлаймын.

– Айтарлықтай аз уақыттың ішінде-ақ сіз «Астана операда» үлкен жұмыс атқардыңыз. Осы кезең ішінде ең көп есте қалған жарқын, жемісті сәттермен бөлі­сіңізші...

– «Астана операдағы» әрбір жа­ңа спектаклім – дирижер ретін­де мен үшін зор тәжірибе, оған үл­кен жауапкершілікпен қараймын. Сондай-ақ мен кәсіби тұрғыда же­тіліп жатқанымды түсінемін, күн са­йын дирижерлеудің мануалды және көркемдік тәсілдері бойынша жаңа нәрсені білемін. Сондықтан жаңа жобаларды алға қадам басуға тал­пы­ныс ретінде қабылдаймын. «Астана опера» менің студент кезімдегі бір арманымды орындады десем бола­ды, мұнда Н.А.Римский-Корсаков­тың музыкасына «Шехеразада» балетін­де дирижерлік дебютім өтті. Шы­ным­ды айтсам, бұл симфониялық сюита емес, балет болады деп ойлаған жоқ едім. Айтулы шығармаға С.Рах­маниновтың «Симфониялық биле­рімен» бірдей дирижерлік етуді ар­ман­дадым. Алда бағындырар белес­т­ерім, іске асырғым келетін жоба­ларым өте көп. Сондықтан қымбат­ты көрермендерімізге қуаныш пен ­шабыт сыйлау үшін тынбай еңбек етуді, әріптестерімнен тәжірибе алуды жал­ғастыра беремін. Жақында патша көңілді көрермендерімізді «Дон Кихот» спектаклінде күтеміз.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Назерке ЖҰМАБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»