Өндіріс • 05 Сәуір, 2024

Отандық өнімге сұраныс көп

42 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қызылордадағы «NP-Consulting» компаниясы шығаратын қорғаныш кас­каларын еліміздің әр түкпіріндегі мұнай, құрылыс, байланыс саласындағы кәсіпорындар пайдаланып отыр. Жергілікті кәсіпкер Ғалым Прекешов басқаратын серіктестік кейінгі жылдары 19 литрлік су бөтелкесіне арналған қақпақ өндіруді де қолға алып, өңірдегі жеңіл өнеркәсіп аясын кеңейте түсті.

Отандық өнімге сұраныс көп

Кәсіпкер бастапқыда мейрамхана, туризм, құрылыс бизнесін біраз уақыт зерттеп көріпті. Ойлана келе бас­тауы қиын болса да, бәсеке аз өндіріс саласына тоқталды. Қазір облыс орталығының іргесіндегі Махамбетов аулында орын тепкен кәсіпорында екі ауысымда 15 адам жұмыс істейді. Олардың дені – осы ауыл жастары.

Ғалым Прекешов саланы зерттеуді кітапханадан бастапты. Түрлі еңбекті парақтаған, істің көзін білетін мамандар іздеген. Сонда байқағаны, кеңес өкі­меті тұ­сында Қазақстанда каска шығарыл­ма­ған екен. Осылайша, «NP-Consulting» се­рік­тес­тігі осы салаға тұңғыш түрен салды. Жа­ңашыл жобаны жүргізуге «Даму» кә­сіп­керлікті дамыту» қоры қолдау көрсетті.

Кәсіпорында басы артық қоймада тұрған өнім жоқ. Өйткені бұлар тек тапсырыспен жұмыс істейді. Шикізатты да Ресейден соған шақтап алдырады. Жылына үш жылдық кепілдікпен 30–35 мың каска шығарады. Сонымен қатар бұлар өндіріп жатқан 19 литр­лік бөтелке қақпағын Қызылордадан бөлек, Атырау, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан об­лыс­тарынан арнайы алатындар бар.

ондирис

«Қондырғыларды Қытайдан, тех­но­логияны Германиядан ала­­­мыз. Ұзақ зерттеуден кейін өн­дірісті осы екі елдің тәжіри­бе­сіне негіздедім. Өнімді тап­сы­рысқа сай шығаратын «Мерседес Дэмлер» зауытында тәжірибеден өтіп, менеджменттің қыр-сырын үйренгенім істі жүргізуге көп пайдасын тигізді. Өндірісті үйлестіру біздің көзіміз үйренген мұнай мен күріш саласын басқарудан басқаша. Бұл жерде қалтаңды қағып, өнімді көптеп өндіріп, алушы іздеп жүрсең, салығың, жұмысшыларға беретін жалақың төленбей қалады. Ал өніміңді сата алмасаң, амалсыз банкрот боласың», дейді кәсіпкер.

Бұлардың өніміне алғаш тапсырыс берген жергілікті «Ай-Дан мұнай» компаниясы болды. Қазір «ҚазГермұнай» БК серіктестігімен жұмыс істеп келеді. Осы күні Қызылорда кас­касына «Қазақстан теміржолы» ҰК» АҚ, «Қазмұнайгаз» ҰК» АҚ, «Қазақтелеком» АҚ еншілес серіктестіктері, энер­ге­тикалық ком­паниялар, ірі жылу орта­лық­тары, Атырау, Маң­ғыс­тау облыс­та­рындағы мұнай өнді­рі­сімен айналысатын мекемелер тапсырыс береді.

Қазір бұл салада Ресейдің аты озып тұр. Әсіресе кішкентай ғана Суксун қаласындағы «Ро­сомз» компаниясының қор­ға­­нысқа арналған каскалары, көзіл­ді­рік­терінің сапасын әлем мойындайды. Өңірде тың өндірісті қолға алған Ғалым Прешеков бізде де осындай жағдай жасауға әбден болатынын айтады. Былтыр Атырауда пластик өнімдер ши­кізатын шығаратын зауыт ашылды. Кәсіпкер бұл өндіріс салаға серпін беретініне сенеді.

Саладағы салмақты мәселе – жеңіл өнеркәсіп маманы жоқтың қасы. Кәсіпкер істі бастарда өзі­мізден бір-екі жасты іріктеп, Қытайдан маман алдырыпты. Сол елде туған бір қандасты тілмаш ретінде жалдап, жұмысты бастап кетеді. Он шақты күннен кейін біздің жастардың үйренгені шамалы екенін, ал сырттан келген баурымыз керекті тетікті қосып, жұмыс істейтін жағдайға жетіп қалғанын байқайды. Сол күннен бастап аудар­­машы-инженер болып жұмысқа тұрған.

Іскер жігіт маман даярлайтын оқу орындарын өндірісті білетіндер немесе бір кәсіптің иесі басқаруы керек деген ұсыныс айтады. Осы күні токарь, дәнекерлеуші, фрезерші секілді болашақ кәсіп иелерін педагогикалық, техникалық білімі бар, бірақ өндірісті көрмегендердің оқытып жатқаны ақылға сыймайды. Баланың білімін тәжірибемен ұштастырмай, жылына миллиард­тап қаржы бөлсек те, ештеңе ұт­пай­мыз.

«Қытай, Түркия, Германия мен Ресейде өндірістік аймақтарды қалыптастыру біздегіден мүлдем басқа. Бізде жер беруден бөлек, мемлекет жобаға сәйкес цехын салып, белгілі бір уақыт ара­лы­ғында кәсіпкерге салықтан жеңілдік жасағаны жөн. Кесімді мерзім біткенде салығын көтерсе, аяғына тұрып кеткен кәсіпорын қиналмас еді. Статистика бо­­йын­ша өндіріске салған ақша 5 жылдан кейін қай­­тады. Осыдан да бастапқыда құрал-жабдық алу үшін төмен пайызбен несие беруді ойластырған дұрыс. Маман даярлауда өндірістің әр саласындағы қажеттілікті ескеру керек. Бізге тек қондырғыны қосу, ажыратудан бөлек, оның жұмысын бақылап, шикізаттар технология­сын білетін инженерлер қажет. Қазір біз соларды жан-жақтан іздеуге мәжбүрміз. Кезінде Ресей­ден маман даярлау бас­тамасы көте­рілгенде қуана-қуана ұсыныс бергенбіз. Сол күйі аяқсыз қалды», дейді Ғалым Маратұлы.

Өндіріс уақыт сұранысына ілесіп отырмаса, көштен қалады. Құрылыс қызатын жаз айларында жұрттың көбі еден мен қабырға плиталарын тегістеу жүйесіне арналған кішкентай ғана пластик затты іздеп табанынан тозады. Бізге велосипед ойлап табудың қажеті жоқ, осындай дүниелерді көбірек шығару керек. Бөтелке тапшылығынан өзімізде шығатын су да қымбат. Бұл – ойландыратын мәселе. Осыны зерттеген кәсіпкер жақында Қытайдан кішкентай түтікшені жарты, бір литрлік бөтелкеге айналдыратын тағы бір қондырғы алдырды. Амандық болса, алдағы сәуір айының соңына қарай ол өндірісті де іске қосады.

 

Қызылорда