Әдебиет • 04 Сәуір, 2024

Сырбайдың дауысы

32 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сырбаз ақын Сырбайдың сыршыл жыры ер­те кездің ақтұма күміс қо­ңы­ра­уын­­дай. Алғашқы бүр ашқан сезім­дер аң­са­­­­­рындай, алғашқы іңкәрлік қуа­ты­ның күшіндей. Болмысы жазира­ дала­ға­­ ұқсас шаңқанбоз дарын желді күнгі қа­­­­йың­дай сыңсып тұрады, толғап тұ­­ра­ды.

Сырбайдың дауысы

Өкінішке қарай, ақын дауысы бізге жеткен жоқ. Әйтсе де, музыкаға, қоңыр сарынға толы шоғыр жырлар жардан теңізге құлаған кесектей қоңды бір дауысты елестетеді. Ақын Серік Тұрғынбекұлының «Сырбайдың дауысы» өлеңі аз ғана деталімен бейтаныс дауыстың көркін ашып бейнелеп тұр. Қызығы, өлеңде Сырбай үні егжей-тегжей сараланып та жатпайды.

«Шөлдеген жердей жауынға,

Жыр құмар кезім болатын.

Бір күні біздің ауылға

Сау ете қалды топ ақын.

Қуанып қалдық біз-дағы,

Қуаныш – көркі баланың.

Сейіліп соғыс ызғары,

Сергіген кезі даланың».

Иә, бірінші жейдесі ағытылып, кең көсіліп сергіген дала, сол далада ерлікке ісімен де, сөзімен де ескерткіш қойған ақын келе жатыр. Майдан туралы қалай жырласа да, қай тұсынан толғаса да жарасып-ақ тұр. Сірә, ақын өзі көрген құбылыстың ғана мәнін ашушы. Өз танымының ажарын айшықтаушы. Шопенгауердің «Дүние деген – менің ұғымым мен түсінігім» деген сөзі тереңдікке саяды. Ал неміс тілді ақын Пауль Целан мен иран ақыны Сохраб Сепехри «Адам деген көзқарас қана» деп жырлайды.

«Жиналмас халық мұндай көп,

Сыймай жүр бойға дарыны,

Көрсетті біреу «Сырбай», деп

Сидиған ұзын сарыны.

Ұсынып жұртқа жан гүлін,

Оқыды өлең не түрлі.

Басқадан гөрі әлгінің

Әлпеті бөлек секілді».

Осы бір шумақтардың әрбірі біз іздеп отырған дауыстың әлпетін қалыптап келеді. Сол шақтағы кеңістік пен уақыт, көңіл күй арқылы айбарлы үннің шежіресі санаға орнығып-ақ тұр. Адам мен да­уыс егіз. Кісіні даусына қарап тануға болады. Әлем психологтері адамның даусын жаппай зерттеуді 1950-1960 жылдардан бері ірі жобалар арқылы бастап та кетті. Ғалымдар әр дауыстың саусақтың таңбасы секілді өз ерекшелігі болатынын айтады. Қазақ даусының құнары өзге, әсіресе Мұстафа Шоқай, Қаныш Сәтбаев, Бауыржан Момышұлының таспада қалған даусын тыңдасаңыз, нағыз қазақы қалыптың тұнбасындай көмейден бүлкілдеп шығады, сөйлеу интонациясы шөл қандырады.

«Тағатын елдің тауысса,

Күткені шығар жаңа жыр,

Гүр ете қалған дауысқа,

Дүр ете қалды бар ауыл.

... Апталар, айлар ауысты,

Алмасып жазым, қысыммен.

Сонда да сол бір дауысты

Қайталай бердім ішімнен».

Шағын балладада Сырбай ақынның ауы­лына кел­гені, сол дауысты үнемі салып жүр­ген, еліктеп жүрген боз­бала, Алматыға барып жарына хабарласып ақын даусын салғаны, Сырбайдың «жеңгеңді алдасаң да, өлең­ді алдама» деп басынан сипағаны жылы әуезбен жан­ға қонады. Осының бәрі бір ғана ұғымды ашып тұр­ғандай. Ол – сыршыл Сырбай дауысы...