Өндіріс • 03 Сәуір, 2024

Саумалдан табиғи косметика шығарады

63 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Өткен жылдың желтоқсан айын­да Меңдіқара ауданында құр­ғақ саумал шығаратын зама­науи ферма іске қосылған. Онда жыл­қы сүті неміс технологиясы ар­қы­лы тереңде­те өңделеді. «S-Agro-Borovskoe» жауапкершілігі шек­теулі серіктестігі құрғақ саумалды мамыр айында саудаға шы­ғару­ды жоспарлап отыр.

Саумалдан табиғи косметика шығарады

Аталған серіктестік пен немістің «Zollmann Stutenmilch GmbH» компаниясы таяуда тағы бір жаңа жоба­ны қолға алмақ. Қос тарап Қостанай облы­сында табиғи косметика шығара­тын өндірістік желіні іске қосу туралы келісімге келіп отыр.

«Неміс компаниямен әріптес­тік аясын­да жұмыс істеп жатқа­ны­мызға екі жылдан асты. Өткен жылы өндірістік цех, әкімшілік ғимарат пай­далануға берілді. Сал­қындатқыш танк­тер, пастеризатор, 100 литрлік субли­матор, сауу жүйесі іске қосылды. Бола­шақ­та жылына 40 тоннаға дейін өнім өн­діруді көздеп отырмыз. Ферма 150 адам­ды тұрақты жұмыспен қамтиды. Жобаның жалпы құны – 10 млрд теңге. Таяуда Берлин қаласында  ком­пания басшысы Ганс Цольман мыр­за екеуміз әу баста ойластырылған келісімшарттың екінші кезеңіне қол қойып, жобаны жүзеге асыру мерзімін ұзарттық. Осылайша, осы жылдың үшінші тоқсанында бие сүтінен органикалық косметика заттарын жасап шығаратын бірлескен өндірісті іске қосайық деп жатырмыз. Цольман мырза келісімшартқа қол қойып жатқан кезде қымыздың отаны болып саналатын Қазақстанның бие сүтін өңдеуге ең қолайлы ел еке­нін айтты. Мен де ол кісінің осы сөзін қолдаймын. Сондықтан екі та­рап болып бірле­сіп қолға алып жат­қан жобамыздың жемісті болатынына еш күмән жоқ», дейді «S-Agro-Borovskoe» ЖШС дирек­торы Мейрам Ахметжанов. 

Серіктестік басшысының айтуынша, ферма ұнтақталған құрғақ саумалдың халықаралық сертификаты мен жаңа өнімнің халықаралық сапаға сәйкес келетіні туралы декларация алған.

«Біз алғашқы өнімді шығардық. Бірақ оны сатуға жібермейміз, алдымен өзіміздің шетелдік және отандық әріптестерімізге, дист­рибью­терлерімізге үлестіріп береміз. Олар өніммен танысып, өз талдауларын жасайды. Ал мамыр айында құрғақ саумалды ресми түрде саудаға шығарамыз. Ол ұнтақ түрінде болады. Сонымен қатар біз капсулаға салынған құрғақ саумал шығарып көрмекпіз. Басты мақсатымыз – қазіргі жаңа технология мен ата-бабамыздан мұра болып қалған кәсіпті ұштастырып, қазақ қымызының дәмі мен қасиетін халықаралық деңгейде таныту. Саумал адам денсаулығына пайдасы мол қасиетке ие, сондықтан алдағы уақытта балалар мен спортшыларға арналған өнімдерді де шығару ойда бар», дейді М.Ахметжанов.   

 

Қостанай облысы