Қоғам • 02 Сәуір, 2024

Тарихи таным тағылымы

75 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Астанада «Tarikh talks» жобасы аясында журналист, режиссер және продюсер Майя Бекбаева мен тарихшы Мұхит-Ардагер Сыдықназаровпен кездесу өтті. Президенттік орталықта ұйымдастырылған жүздесуде тарихи зерттеулер жайында дәріс оқылып, «Сұлтан Бейбарыс» деректі фильмі көрсетілді.

Тарихи таным тағылымы

Іс-шараға тарихшылар, жо­ғары оқу орындары тарих факуль­тетте­рінің профессорлық-оқыту­шы­лық құрамы, мемлекеттік қызметкерлер, мұғалімдер, сарапшылар, қызығушылық танытқан белсенділер қатысты. Жиында Президенттік орталықтың директоры Бақытжан Темірболат бұл бастама тарих ғылымының өзекті мәселелерін талқылауға, өзара пікір алмасуға мүмкіндік беретін орта екенін атап өтті.

– Қазір тарих ғылымының жетістіктерін ғылыми айналымға енгізу өзекті. Өйткені медиа ке­ңістіктің жаһандануы жағдайында еліміздің тарихи-мәдени мұ­ра­сы негізінде тарихи сананы қа­лыптастыру және ұлттық біре­гейлікті нығайту мемлекеттік саясаттың маңызды құралы болып есептеледі. Бұл үдеріске, көрермен мен оқырманның назарын тарих ғылымына аударуда журналистердің орны бөлек, – деді Б.Темірболат.

Спикер сөзінің жаны бар. Қай кезеңде де ұлттық сананы рухани жаңғырту, түлету мәселесінде жур­налистердің еңбегі ерек. Іс-шарада көпшілікке көрсетілген «Сұл­тан Бейбарыс» деректі фильмі – соның айғағы. Бейбарыс сұл­танның 800 жылдығына арнайы түсірілген фильмде қазақ даласында дүниеге келіп, жат елде сұлтан дәрежесіне дейін көтерілген тарихтағы көрнекті билеушінің тағдыры баяндалған.

– Кейінгі жылдары қоғамның тарихқа деген қызығушылығы артты. Өйткені ұлттық идея да, ұлт­тық идеология да тарих ар­қылы жасалады. Тарихсыз дінге де, ділге де қажет құндылықтарды жүйелі түрде игеру мүмкін емес. Интернет желісіндегі өткінші әсері мол, сананы бұрмалайтын ақ­параттардан тарихи зерде, тарихи білім және ұлттық сана арқылы ғана ұрпақты қорғай аламыз. Санасы биік адам адаспайды. Ал ұлттық сана тарихи танымнан туындайтыны айғақ. Бұл ретте Бейбарыс сұлтан секілді ірі тарихи тұлғаларды дәріптеу, насихаттау, ұлтты ұйыстыру, мемлекет мүддесін іргелендіру жолындағы идеологиялық жұ­мыс­тарға серпін беретіні сөзсіз. Деректі фильмнің ұзақ­тығы – 45 минут. Мұнда тарихи құжаттар, ғалымдардың пі­кірі, сахналық қойылымдар көр­­сетіледі. Жо­баны түсіруге жарты жылдан астам уақыт кетті. Мәлі­меттерді жинақтап, сценарий жа­зудың өзіне бірнеше ай жұмса­дық. Оған қоса Мысырға іссапар­мен барып, көрнекті жерлерін түсіру үшін рұқсат алдық, – деді журналист, ре­жиссер және продюсер Майя Бек­баева.

Сондай-ақ іс-шарада отан­дық ғалым Мұхит-Ардагер Сы­дықназаров жиналғандарды өзінің «Үздіксіз қа­зақ мемлекеттілігі: XV-XIX ға­сыр­лардағы көне еуропалық кар­талардағы Қазақ мемлекеті» атты еңбегімен таныстырды. Оның айтуынша, 1465 жылы Қазақ хандығы құ­рылған кезден бері мемлекет атауы Батыс елдерінің озық кар­­­­то­графиялық баспаларынан шық­қан атлас карталарынан қа­лыс қалып көрмеген. Олардың арасында АҚШ, Бельгия, Ан­глия, Франция, Италия, Гер­мания және басқа да мемлекеттерде басылған карталар бар. Аталған еңбекте мемлекеттігіміз анық көрсетілген және орта ғасырлардан, яғни 1562 жылдан бастап 1879 жылға дейінгі кезең қамтылған. Барлығы – 130 карта. Автор кітаптың Бель­гия баспасынан шығуын бель­гиялық, нидерландтық карто­графтар Қазақ мемлекеттілігін ал­ғаш­қылардың бірі болып картаға түсірумен байланыстырады.

– XVI ғасырдың ортасында дүние жүзінің саяси картасында жас, егеменді, саяси белсенді және жоғары ынталы қазақ мем­лекетінің пайда болуы, оның осы кезеңдердегі одан әрі дамуы Ұлы географиялық ашылулар дәуірінің басталуымен тұспа-тұс келді. Сол кездегі еуропалықтар мен америкалықтар үшін бұл карталар Еуразия жерлерін танып-білуге, олармен дипломатиялық, сауда-экономикалық және басқа да байланыстар орнатуға бағыт-бағдар беруге және қол жеткізуге арналған навигациялық көмекші болды. Жалпы, XVIII ғасырдан бастап (1715 жылдан бас­тап) Қа­зақ мемлекеті туралы ма­те­риал­­­дар Англия, Франция, Аус­­трия, Италия, Нидерланд, ал XIX ға­­сырдан бастап АҚШ-та гео­графия пәнінің мектеп бағдар­ла­масына енгізілген. Қазір­гі таң­да жиған-терген қарта­лардың саны 3,5 мыңнан аса, – деді Л.Н.Гу­милев атындағы Еура­зия ұлт­тық уни­верситетінің про­фес­­соры Мұхит-Ардагер Сы­дық­на­за­ров.

Бүгінде кітаптың көшірмелері республикадағы облыстық және жоғары оқу орындарының кітап­ханаларына берілген. Жиын со­ңында қатысушылар «Tarikh talks» жобасы қонақтарына сауал­да­рын қойып, естелік суретке түсті.