Аймақтар • 29 Наурыз, 2024

Батыс Қазақстан: 4 аудан мен Орал қаласында төтенше жағдай жарияланды

459 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысында көктемгі су тасқыны бойынша күрделі жағдай сейілмей отыр. Наурыздың 25-інен бері Орал қаласында және Сырым, Қаратөбе, Теректі және Бөрлі аудандарында төтенше жағдай жарияланды. Өңірде құрылған жедел штаб тәулік бойы жұмыс істеп, зардап шеккендерге көмек көрсетіп жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Батыс Қазақстан: 4 аудан мен Орал қаласында төтенше жағдай жарияланды

Қазіргі уақытта су тасқынына қарсы Төтенше жағдай департаментінен және жергілікті басқару орындарынан 953 адам, 265 техника, 146 мотосорғы жұмыс істеп жатыр.

«25 наурыздан бастап облыс бойынша 351 мың текше метр еріген қар суы сорылып, 21440 дана инертті материалдармен қаптар төселді», деп хабарлады төтеншеліктердің баспасөз қызметі.

Табиғаттың тосын мінезі 25 наурызда басталып, тәулік бойы жауған жылы жаңбырдан басталған. Бір тәулікте бір айлық жауын-шашын мөлшері көктен құйылып, жердегі қарды ерітіп жіберді. Осылайша суға су қосылып, шағын өзендер тасып, айналадағы ауылдарды жайпап кетті.

М

Наурыздың 28-і күнгі кешкі мәлімет бойынша облыста 455 тұрғын үйді, көпқабатты 5 тұрғын үйдің жертөлесін және 17 әлеуметтік нысанды су басқан.

Тілсіз жаудан ең көп зардап шеккен өңірдің бірі – Қаратөбе ауданы. Мұнда қардың еруі мен жауын-шашынның салдарынан Жақсыбай өзені тасып, Аққозы ауылдық округіне қарасты Қоржын ауылын су алып кетті. Елді мекендегі 130 үй түгелге жуық суға кетті. Ауылдың 400-ге жуық тұрғыны әуелі мектеп ғимаратына эвакуацияланса, кейін Қорғаныс министрлігіне қарасты екі тікұшақпен Қаратөбе ауданының орталығында орналасқан эвакуация бекетіне көшірілді.

Сондай-ақ өңірге Төтенше жағдайлар министрлігінің №28237 әскери бөлімінен 50 адам келіп, Сырым ауданының Жымпиты ауылына құтқару жұмыстарына жіберілді. Ол жерде де 295 адам эвакуацияланды. Айта кетейік, Сырым ауданында Өлеңті өзені мінез көрсетуде. Арнасынан асқан өзен суы жолындағы Өлеңті, Жымпиты ауылдарының кейбір көшелерін басып кетті. Бұлдырты ауылы да зардап шекті. 26-28 наурыз күндері Сырым ауданы бойынша 1327 адам қауіпсіз жерге көшірілген екен. Аудан орталығындағы тұрғындар «Жібек жолы» кемпингі мен Ж.Досмұхамедов атындағы мектепке орналасқан. Сырым аудандық ауруханасының директоры Сабыр Меңдешевтің айтуынша, 116 адамға дәрігерлік көмек көрсетілген.

Р

Шыңғырлау өзені деңгейі де күрт көтеріліп, маңайдағы елді мекендерді су басу қаупі туындаған. Ал Бөрлі ауданының Ақсу кентін су алып, 46 үйден 150 адам Ақсу мектебіне эвакуацияланды, оның ішінде 38 адам Орал қаласына жеткізілмек.

Қазіргі уақытта Орал қаласында, Қаратөбе, Сырым, Бөрлі және Теректі аудандарында жергілікті жердегі табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды.

Өңірде тасқын суға байланысты жедел штаб құрылып, тәулік бойы қызмет етіп жатқанын хабарлаған едік. Кеше облыс әкімі Нариман Төреғалиев Төтенше жағдайлар департаментінің мамандарымен бірге тікұшақпен аталған Қоржын елді мекеніне барып, тұрғындарды құтқару жұмыстарына өзі жетекшілік етті.

Өңір басшысы ауыл халқымен кездесіп, оларға мемлекет тарапынан көмек көрсетілетінін айтты.

«Баршаңызды сабырға шақырамын. Табиғи апат салдарынан облыстың бірнеше ауданы зардап шегіп жатыр. Арнайы комиссия құрылып, апаттан келген барлық залал есептеледі. Мемлекет тарапынан тиісті көмек беріледі. Қазір сіздерді төтенше жағдайлар қызметінің мамандарымен бірге су тасқынынан құтқаруға келдік. Тікұшақпен баршаңызды аудан орталығы Қаратөбеге, қауіпсіз жерге жеткіземіз», деді облыс әкімі.

Рр

Әрине, бірінші кезекте балалар мен әйелдер, денсаулығы нашар және мүгедектігі бар жандарға көмек көрсетіліп жатыр.

Айта кетейік, өңірде қиын жағдайға душар болған жерлестеріне қолдау білдіруші қайырымды азаматтар үшін «Ақжайық» қоры арқылы қаражат жинау басталды.

 

Реквизиттер:

БҚО, Орал қ. Ж.Молдағалиев көшесі 19, 101 кабинет

Байланыс телефоны: 50-64-95,

 

БСН 030540003364

ЖСК KZ 1960101811000219258 (теңге)

БСК HSBKKZKX

«Халық банкі» АҚ

КБЕ -18

 

Батыс Қазақстан облысы