Аймақтар • 21 Наурыз, 2024

Сұрмергендер анықталды

51 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ұлыстың ұлы күні қарсаңында Журналистер одағының Шы­ғыстағы филиалы өкілдерінің ұйымдастыруымен БАҚ өкілдері арасында садақ атудан ашық турнир өтті. Облыс орталығында өткен жарысқа елуден аса журналист қатысты.

Сұрмергендер анықталды

Суретті түсірген – Тілеубек Шаяхмет

Арғысы – Абай облысының Көкпекті ауданы, берісі – Са­мар, Ұлан, Катонқарағай аудан­­дарынан келген сөз мер­гендерінің сұрмергендері анық­­талды. Қалай дегенмен, топтың арасында керіп тұрып садақ ату қанымызда бар екен. Кей­біреулер садақты сонда ғана қолға алып, сәл жаттығып, жарыс сызығына тұрды. Сөйте тұра жүлдеге ілінді.

Журналистер арасында тұң­ғыш өтіп тұрған сайыс әуелі ардагер журналист Уәлихан Тоқ­патаев­тың бата беруімен басталды. Ол жинал­ғандарды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, жеңіс тіледі.

– Бабаларымыз ақ білектің күшімен садақ тартып, жаугер­шілік заманда ұлан-ғайыр атырапты кейінгі ұрпағына аманат етіп қалдырды. Ендігі тіле­ріміз сол, ел аман болсын! Бұл жебені бұрындары ел мен жерді жаудан қорғау үшін қолданса, бүгінде көшпелілер ойынында тек сәнге тартып жүрейік! – деді ардагер қаламгер Уәлихан Тоқпатаев.

Сайыста ер­лер­­­мен қатар, нәзік жанды қыздар да бақ сынасты. Қоры­тын­­ды­сында атқан жебелері ны­санаға дөп тиіп, бірінші орынға жай­ғасқан – облыстық «Менің өлкем» газетінің тілшісі Ди­дар Ерболатқызы. 2-орынды «Рудный Алтай» газетінің фототілшісі Аяужан Өтеулинова еншілесе, 3-орынды тағы да «Менің өлкем» газетінің жур­налисі Қымбат Му­ха­мадиева қанжығалады. Ал ерлер арасында облыстық «Ди­дар» газетінің тілшісі Ын­тымақ Толқын 1-орын­­ды жебесіне ілді. 2-орын осы газеттің бас редакторы Серік Әбілханға, 3-орын Көк­пек­ті аудан­дық «Жұл­дыз» газе­тінің ре­­дак­торы Дархан Берді­бекке бұйыр­ды.

Сайыс соңында ұйымдас­тыру­шылар салтанатты шараға қол­дау көрсеткен, демеушілік ет­кен аза­маттарға алғысын айтты.

 

ӨСКЕМЕН