Қоғам • 20 Наурыз, 2024

Депутат: 1% межені орындамаған компанияларға заңға сәйкес шара қолдану керек

47 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, депутат Нартай Сәрсенғалиев ғылымның теңгеден таршылық көріп отырғаны туралы депутаттық сауалын Үкімет басшысына жолдады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Депутат: 1% межені орындамаған компанияларға заңға сәйкес шара қолдану керек

«Отандық ғылымға бөлінетін қаражат «жетім қыздың жүгіндей» болып тұр. Әлем, келесі кезекте ғылымның қай саласында тыңнан түрен саламыз, қай биікті бағындырамыз деп жүргенде біз ғылымға ақшаны қайдан табамыз деп түбі тесік қалтамызды түрткілеп отырмыз. Содан кейін елден ақылды бастар кетіп жатыр деп сан соғатынымыз және бар», деді депутат.

Депутаттың айтуынша ғылымға жауаптылардың «жалпы ішкі өнімнің кем дегенде 1 проценті ғылыми зерттеулер мен өндіріске жұмсалса» деп айтып жүргеніне талай жыл болған. Бірақ ғылым жыл сайын бюджетке ғана қол жаюға мәжбүр. Биыл республикалық бюджеттен ғылымды қаржыландыруға 204 млрд теңге қарастырылған. Бір елдің ғылымын аяққа тұрғызып, дамыту үшін аталған сома жеткіліксіз.

«Бұл мәселені шешудің, онсызда кім көрінген бүйірінен теспей сорып, түбі көрінген бюджетке салмақ салмаудың бір тәсілі бар. Ол талап заңда тайға таңба басқандай жазылған. Яки, Қазақстанның жерасты байлығын қалағанынша игеріп, қисапсыз қаржы тауып отырған компаниялар ақшасының 1 пайызын ғылымды дамытуға беруі тиіс. Заңда солай көрсетілген. Бар болғаны 1 пайызын ғана. Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің бірінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Жер қойнауын пайдаланушылардың өндіріске жұмсайтын қаржысының 1 пайызын Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға міндетті инвестиция ретінде құюына айрықша назар аудару қажет. Бұл ретте өндіруші компаниялардың аталған шығындарын орталықтандыруды жалғастыру керек», деді. Алайда қазақтың жеріндегі байлықты барынша қазып отырған Жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың сол 1 пайыз қаржысын ғылымға жолдап жатқаны жөнінде ашық ақпарат жоқ. Ғылымның нақты қай саласына қаржылық қолдау көрсетілгені туралы да анық дерек жоқ.

Депутаттың айтуынша жер қойнауын пайдаланушы қай компания ғылымның қайсы саласына қанша ақша салды деген нақты сұраққа салаға жауапты министрлік өкілдері нақты жауап бере алмады. Қазақтың жеріндегі байлықты қалағанынша игеріп, қымбатшылықтан әбден зәрезап болған қазақ халқының ғылымын дамытуға ақшасының 1 пайызын қимай, заңды тиісінше орындамай отырған компанияларды қатаң тәртіпке шақырар кез келді.

Осы орайда депутат ұсыныстарын айтты:

Жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың бүгінге дейін ғылымға нақты қанша қаржы бөлгенін, оның қайда жұмсалғанын қатаң тексеру керек. Жер қойнауын пайдаланушы компаниялар ғылымға деп бөлген 1 пайыз қаражатқа жасалатын ғылыми жобаларға арнайы ашық байқау жариялануы тиіс. Қай жобаның ұтқаны, оған қанша теңге аударылғаны анық көрсетілуі қажет. 1 пайыздық межені орындамаған компанияларға заңға сәйкес шара қолдану керек. Жер қойнауын пайдаланушы компаниялар ғылымға деп бөлген қаржыны орталықтандырудың тетігін іздеу керек. Сол үшін арнайы қор құрып, ғылымды қолдауға арналған қаражаттың барлығы соның қамбасына аударылуы тиіс. Бұл қордың жұмысын тәуелсіз комиссия бақылауы керек, оның құрамына қоғам белсенділері міндетті түрде кіруі қажет.

Аталған депутаттық сауал бойынша заңнамада белгіленген мерзім ішінде жазбаша жауап күтіледі.