Пікір • 19 Наурыз, 2024

БТЖ неге тиімсіз?

294 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Еліміз бірнеше бағыт арқылы мұнай тасымалдайды. Соның негізгісі және әлеует­тісі – Каспий құбыр консорциумы, яғни КТК. Экспортқа шығаратын мұ­найы­мыздың 80 пайызы КТК-мен тасымалданады. 13-14 пайызы Атырау – Самара ба­ғы­ты арқылы жіберіледі. Одан қалғаны Ақтау арқылы кетеді – Махачкалаға немесе Баку – Тбилиси – Жейхан (БТЖ) және Баку – Супса бағытымен. Одан артылған мұ­най Қытай бағытына қарай жөнелтіледі. Былтыр біз БТЖ құбыры арқылы 1 млн 200 мың тонна мұнай тиеп жібердік. Осы жылы бұл көрсеткішті 2 млн 200 мың тон­наға дейін көтеру жоспарланып отыр. Бас­тап­қы мүмкіндік 1 млн 400 мың тонна болса, жалпы, 50 пайызға арттырды деп жа­тыр. Бұл дегеніміз 700 тонна қосылды де­ген­ді біл­діреді. Біз 70 млн тонна көлемінде мұнайды экспортқа шығаратын болсақ, соның тек неге 1,5 немесе 2 млн тоннасын ғана БТЖ арқылы жібереміз? Біріншіден, БТЖ ұзақ уақытты алады, екіншіден, қымбатқа түседі.

БТЖ неге тиімсіз?

Негізі БТЖ-ның тарифі қымбат емес, тоннасына 24 доллар ғана алады. КТК тоннасына 38 доллар алады. БТЖ-ны қымбат етіп тұрған – кез келген кен орнынан Ақтауға дейін мұнай жеткізудің әуресі. Теңізден шыққан мұнайды цистернаға құйып, Ақтауға дейін теміржолмен жеткізеді. Әр цистернаның сыйымдылығы – 60 тонна. 1 млн тонна мұнайды Ақтауға апару үшін 20 мың вагон қажет болады екен. Ал Қазақстанда вагон тапшы. Екіншіден, жол мүмкіндігі де шектеулі – Ақтауға дейін баратын жол тек бір бағытта. Әр станса сайын екінші бағытта келе жатқан пойызды күту керек болады. Бұл жағдай жеткізу мүмкіндігін әжептәуір баяулатып тастайды, нәтижесінде Теңізден Ақтауға мұнай тасымалдау екі аптаға созылады. Ақтауға жеткеннен кейін мұнай арнайы қоймаларға апарылады. Әрине, ол жерде орын болса. Кейде бос орын болмай қалады.

Кейін мұнайды сақтайтын жерден мұнай танкерге құйылады. Танкерге қарай ағызатын күші де, қабылдап алатын танкер де санаулы. Қоймадағы бос орын да, танкер саны да жеткілікті болды дегеннің өзінде, қоймада сақтау да, сосын оны танкерге тиеу де бәрібір көп уақытты алып кетеді. Сосын танкер мұнайды Бакуге алып барады. Осының бәрінің шығыны 100 доллардан (тоннасына) асып кетеді. Оған 24 доллар тарифті қоссаңыз, шығын 120-130 доллар болады. Сонда КТК дегеніңіз 3-4 есе арзан болып қалады.

Бұл түйткілді тарқатудың жалғыз жолы – Теңіз кен орнынан Ақтауға дейін мұнай құбырын салу. Негізі, бұл әңгіме 2003 жылдан бері айтылып келе жатыр. Тіпті кезінде жобалық құжаттар да жасалды. Алайда жоба 2010-2020 жылдар аралығында ол тоқтатылды. Өйткені КТК кеңейтілетін болды. Құбыр бастапқыда 28 млн тонна тасымалдаса, 2018 жылы қуаттылығы 67 млн тоннаға жетті, қазір 83 млн тоннаға дейін тасымалдайды. Қазақстанның максимум экспорттық мүмкіндігі – 70 млн тонна. Яғни біз бәрібір КТК-ны толтыра алмаймыз. Сонда оған балама маршрут іздеудің қажеттілігі де болмай қалады. Меніңше, КТК – Қазақстанды кезінде БТЖ-дан алшақтату үшін жасалған мақсатты жоба. Былай қарасаңыз, бәрі дұрыс – біз арзан әрі қысқа маршрутпен мұнайымызды сатып, пайдаға кенеліп отырмыз. Соның есесіне толықтай транзиттік тәуелділікке түсіп қалдық.

Теңізден Ақтауға дейін мұнай құбырын сал­ған­ның өзінде оған кемі 4-5 млрд доллар ақша қажет болады. Бұл жерде екі сұрақ туындайды: оны кім салады және ол құбырға мұнайды кім ай­дайды? Себебі Теңіз де, Қашаған да, Қара­шы­ғанақ та мұнайын КТК-ға жіберіп отыр. Олар тек КТК түбегейлі тоқтап қалған кезде ғана қозғалып, басқа амал іздей бастайтын сияқ­ты. Әрі ол құбырды салуға түрлі саяси, эко­но­микалық және әлеуметтік барьерлер кедергі келтіреді. Оларды шешіп алмай, құбыр салу мүмкін емес.

Әзербайжанда жыл санап мұнай өндірісі төмендеп жатыр. 2010 жылдары 50 млн тонна мұнай өндірілген болса (күніне – 1 млн баррель), қазіргі жылдық өндіріс деңгейі 30 млн тоннадан төмен. БТЖ жылына 60 млн тонна мұнайды еркін тасымалдауға қауқарлы. Тек өндірістің аздығынан құбыр желісінің жартысынан көбі пайдаланылмай, бос тұр. Сол себепті, өзіне салынған инвестицияны да әлі ақтаған жоқ. Ал КТК болса инвестицияны толық өтеді, қазір тек дивиденд беріп жатыр. Оның пайдаға шығатын себебі – КТК толық қуаттылықпен қолданылады.

Тап қазір Қазақстаннан басқа ешбір ел БТЖ-ны мұнаймен толтырып бере алмайды. Түр­ікменстанда мұнай өте аз. Грузия мен Ар­ме­нияда мұнай жоқ. Ресей онсыз да мұнайын бұл бағытпен тасымалдамайды. Қазақстан енді бос жатқан БТЖ-ға көз тікті, дегенмен ол арқылы тасымалдау шығынын азайту шараларын жасамайынша, жақын арада үлкен көлем жөнелте алмаймыз. Сондықтан КТК – оңтайлы бағыт және ең үлкен тәуекел болып қала береді.

Соңғы жаңалықтар

Нағыз ғалым еді...

Тұлға • 13 Шілде, 2024

Аурухана жағдайымен танысты

Саясат • 13 Шілде, 2024

Әскерилерді әлеуметтік қолдау

Саясат • 13 Шілде, 2024

Базалық мөлшерлеме төмендетілді

Экономика • 13 Шілде, 2024

Көршінің наны

Қоғам • 13 Шілде, 2024