Сұхбат • 19 Наурыз, 2024

Транзиттік әлеуетіміз арта түседі

623 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Жақында Көлік министрлігі Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитеті шетелге және кері қарай автокөлікпен жүк таситын компанияларға берілетін шетелдік рұқсат құжатты таратудың жаңа жүйесін жасап, ел назарына ұсынды. Бұл тура­лы комитет төрағасы Алтай Әлімен аз-кем сұхбат құрдық.

Транзиттік әлеуетіміз арта түседі

– Алтай Сембекұлы, таяу­­да Орталық комму­ни­ка­ция­лар қызметі ала­ңында халық­ара­лық авто­тасы­мал­дау­шыға шетелдік рұқсат блан­кісін беру­дің жаңа тетігі мен тәртібі таныстырылды. Сол күннен бері шетелдік рұқсат құжат туралы ақпарат қоғамда қызу талқыланып жатыр. Ұсынылған жаңа жүйенің артықшылықтары туралы айтып берсеңіз?

– Қазақстан әлемдегі 42 елмен мемлекетаралық келісімшарт аясында автокөлікпен жүк тасымалын жасайды. Әрбір елмен жүк тасымалдаудың ережесі мен тәртібі толық айқындалып, келісімшартта анық көрсетілген. Кейінгі жылдардағы статистикаға назар аударатын болсақ, өкінішке қарай қолданып жүрген жүйе арқылы таратылған бланкілер жыл соңында 45-50 пайызға дейін пайдаланылмай, яғни игерілмей қалып жатыр. Сол себепті, қолданыстағы жүйені зерделеп, әріптестермен бірлесе отырып, сараптап көрдік. Қолданыстағы жүйе жүк тасымалдаушылар арасындағы кейбір топтарға қолайлы жағдай жасап, қайсыбіріне артық­шы­лық тудырып тұрғаны байқалады.

апр

Мәселен, жыл басында әр елдің блан­кі­сінің 50 пайыздайын шетелге жүк тасы­мал­даушының былтырғы көрсеткішіне қарап, бір жылдық кепілдігімен солардың еншісіне бөліп қоямыз. Қалған жартысы ортақ пайдалануға кетеді және олар­дың бәрінде мекеменің аты, көліктің мем­лекеттік нөмірі көрсетілмейді, яғни тап-таза күйде беріледі. Мұндай жағдай бланкіні алған компанияға осы рұқсат құжат­­ты әрі қарай көлеңкелі на­рық­­­та үстемеақымен сатып жібе­руге мүм­кіндік береді және осын­дай оқиғалар анықталып та жатыр. Яғни кейбір компаниялар ше­телге апаруға тауар табылмай жат­қан болса, рұқсат бланкісін заңсыз жолмен екінші біреуге сатып жібереді.

Оған қоса, бланкіні алған соң оны қолданып қайта тапсыру­ үшін жүк тасы­мал­даушыға 100 күн беріледі. Аталған уақыт ара­­лығында тапсырыс табылма­са, рұқсат бланкісі басқа бір кә­сіп­кер­ге сатылып кетеді. Көлең­ке­лі нарықтағы оның құны 3 мың дол­­ларға дейін көтеріледі деген дерек бар. Айта кетерлігі, бізде бе­кі­тілген рұқсат беру бланкісінің құ­ны 1 айлық есептік көрсеткішке пара-пар.

– Көлеңкелі нарықта саудаланатын, кейін қолдан қолға өтетін бланкілер туралы статис­тика бар ма?

– Иә, ондай статистика бар. Алайда олардың заңды айналып өтіп, өз қалауын істеуіне барлық қолайлы жағдай қолда­ныс­­тағы жүйеде қаралған. Мұндай факті анықталғанның өзінде, құқық бұзушыны заң алдында жауапқа тарту өте қиын. Нәтижесінде, заңсыздық әрі қарай өрістей береді. Дегенмен Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитетінде әр бланкінің есебі қатаң қаралады. Мысалы, 2022 жылы 155 мыңы берілген болса, соның 45 па­йызы ғана пайдаланылған. Ал былтыр 270 мың бланкі үлестіріліп, оның 68 пайызы ғана игерілді.

Енгізіліп жатқан жаңа жүйе саладағы бланкі беру тетігі мен тәртібін түбегейлі өзгертеді. Былтыр сәуір айынан бастап Қытай елімен жаңа жүйенің қанатқақты жобасын бастадық. Оған сәйкес, шетелге жүк тасымалдаушы рұқсат бланкісін кедендік бақылауға келген жағ­дайда ғана қолына алады. Осы мақ­сатта Мемлекеттік кіріс коми­тетімен бірлескен бұйрық шыға­рылды. Яғни жүк тасы­мал­­даушыға шекарадан өту мақ­са­тын­да кеден аймағына кіріп тиісті құжаттарды рәсімдеу барысында ғана рұқсат бланкі беріледі.

пр

Бұрын-соңды Қытайға тауармен баруға бланкі сұрай­тын­дардың саны 50 мыңнан аспайтын еді. Көлеңкелі нарықта оның құны 3 мың долларға дейін жететінін жоғарыда атап өттік. Осы заңсыз қитұрқы әрекетті кейбіреулер кәдімгі табыс көзіне айналдырып алған. Ол үшін белгілі топтар бірлесе отырып жұмыс істеген. Жаңа жүйе аясында бланкіні нағыз жүк тасымалдаушыға шекарада қолма-қол беру тәсілі оң нәтиже көрсетті. Былтыр Қытай еліне рұқсат құжаты 50 мың данадан 113 мыңға дейін көбейді. Қолға алынған бұл шара шағын және орта кәсіпкерлер үшін де жақсы әрі тең мүмкіндік тудырып отыр.

– Тауар тасымалдаушы қай елге, қан­­­­ша бос бланкі бар екенін қайдан, қа­­лай біле алады?

– Оның еш қиындығы жоқ. Ең алдымен, әр жүк тасымалдаушы және оның әрбір жүк көлігі комитеттің ресми электронды жүйесінде тіркелуге тиіс. Кейін мекемеге және көлікке жеке-жеке куәлік алып, Халыққа қызмет көрсету орталығындағы электронды кілттің көмегімен арнайы орынға тапсырыс береді. Жүйеде жүк тасымалдаушының іс-әрекеті, қай күнге тапсырыс бергені, қызмет алу нәтижесі қалай болғаны, жалпы рұқсат беру блан­кі­сін алу үдерісі түгел тіркеліп тұрады. Мұның бәрі адами факторсыз автоматты түр­де орындалып жатады. Нәтижесінде, жаңа жүйеде «бланкіні көлеңкелі нарықта сату» деген ұғымға мүлде жол берілмейді. Бұған дейін қолдан жасалып жүрген «бланкі тапшылығы» да болмайды.

– Шетелге жүк тасымалдау­мен айналысатын азаматтар­мен бір­неше рет кездесіп, арыз-ша­ғым, тілек-ниет­терін тың­да­ды­­ңыз­дар. Қоры­тын­ды­сын­да қан­дай уағдаластыққа қол жетті?

– Иә, бірнеше кездесу өтті. Басым көп­ші­лігімен ортақ шешімге келдік. Егер жаңа жүйе бойынша рұқсат бланкісіне қолы жетіп тұрса, көпшілігі кәсібін дөң­ге­летумен қатар, көлігін уақтылы жаңартып оты­ратынын айтып жүр. Негізі, Еуропаға бір барып келу ақысы шамамен 10 мың еуро­ға дейін бағаланады. Отандық бір кә­сіп­кер батыс елдеріне барып келсе, қа­сында бір жүргізушісі мен механигі бо­ла­ды. Орта есеппен топтағы механик, жүр­гі­зу­шінің әрбіріне 1 млн теңгеге дейін жа­ла­қы алуға мүмкіндік бар.

– Бұрын рұқсат бланкісі 100 күнге бе­рілсе, енді бұл мерзім 30 күнге дейін қыс­­­қартылмақ. Мұн­дай жағдайда кей­бір­ ком­па­ниялар көрші елдерді сағалап кетпей ме?

– 15 жылда елімізге оннан аса шет­ел­ден 60-қа жуық бірлескен көлік компа­ния­сы өздерінің 2 мыңға жуық авто­кө­лігімен тіркеліпті. Аталған компаниялар отандық кәсіпорын болып тіркеліп, кө­ліктерін еліміздің аумағында есепке қойып, жаңа жұмыс орнын ашып отыр­ғандықтан оларды экономикамызға қо­сым­ша қаржы құйған инвесторлар деп санауға да болады. Алайда отандық жүк тасы­малдаушылардың ұсынысымен өткен жыл­дары құрылтайшысында шетелдік аза­маттар бар компанияларға қатысты бір­қатар шектеу қойылып келген. Соның сал­дарынан кейбірі шынымен-ақ біздің елден кетіп, көрші елдерге барыпты. Сондай-ақ жүргізілген сарап­тама нәтижесінде, отан­­дық тасымалдаушыларға қара­ғанда ше­тел­ден келіп тіркелген ком­па­ния­лар­дың са­лық­ты әлдеқайда көп төлейтіні анық­­талды.

Бұған анық көз жеткізу үшін жағдайы бірдей, көліктері тең 30 шетелден келіп тіркелген компания мен 30 отандық тасымалдаушы компанияны тексеріп, салығын есептедік. Бір жылда шетелден келіп тір­кел­ген компаниялар – 12 млрд теңге, ал отан­дық компаниялар 2 млрд теңгедей салық төлеген. Бұл – Салық комитетінен алын­ған ашық деректі сараптағанда анық­тал­ған дәйек. Демек бұл ком­па­ния­ларға инвестор және отандық кә­сіпкер ретінде қарап, транзиттік дә­ліздердің әлеуетін барынша арт­тыру кезінде ондағы отандық үлес­тің артуына қосатын ықпалын еске­руіміз керек. Сонымен бірге, отан­дық жүргізуші мен механикке де жұ­мыс табы­лып, кәсіпкердің тауарын тасымалдаса, бұл да пайда емес пе?

Отандық кейбір жүк тасымалдаушы компания өкілдері жүйе бұрынғы күйінде қалып, шектелген жасанды бәсеке аясында жүкті таси берсек деген ниеттерін де жасыра алмай жүр. Тіпті кейде түрлі амалды қолдана отырып, мемлекеттік органдарға қысым көрсеткісі келеді. Соның салдарынан шындыққа жанаспайтын ақпараттар да тарап кетіп жатады. Біз үшін мемлекеттік мүдде маңызды. Әрбір азамат мемлекетті нығайту ісі бірінші орында нық тұрғанын дұрыс түсінгені абзал.

Жаңа жүйе жақсы жұмыс істеп кетеріне сенімдіміз. Сондықтан осы бағыттағы жұмысты әрі қарай жалғастыра береміз. Бұрын рұқсат бланкілерінің жарамдылық мерзімі 100 күн болса, бүгін 30 күнге дейін қысқарды. Себебі жаңа жүйе тәртібі бо­йынша мекеменің аты берілген бланкіге жазылады. Десек те, тасымалдаушылар көлік нөмірін жазбауды ұсынып жатыр. Оның да өз себебі бар. Өйткені көлік бұзылып, сынып қалса, оны алмастыруға тура келеді. Оны жол бойы тексеріп отыратын мекемелер бар. Осы жағынан қиындық көбейіп кетеді дегенді алға тартады. Осы ретте бұл мәселені де егжей-тегжей зертеп жатырмыз.

Ал енді «неге 30 күн?» деген сауалға жауап берейін. Бұл уақыт аралығы мамандар тарапынан әбден зерделеніп, бірнеше рет пысықталды. Тасымалдаушы бланкі қолына тиген сәттен бас­тап 30 күннің ішінде тиісті жүгін тиеп алып, ел территориясынан шығып кетуге тиіс. Шекарадан өтіп кеткеннен кейін ол шетелде неше ай жүрсе де, есепке алынбайды. Бірақ шекарадан қайта кірген күннен бастап, есебін алу үшін тағы 30 күннің ішінде жергілікті инспекцияға бланкіні тапсырып үлгеруге тиіс. 30 күнде ел аумағынан шығып кеткенін анық біліп отыру үшін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің «Бүркіт» жүйесімен интеграция жасап жатырмыз. «Бүркіттен» үш түрлі мәлімет келіп отыратын болады. Атап айтқанда, көлік нөмірі, тасымалдаушы қай күні және қай бекеттен шықты деген ақпарат.

– Іске қосылғалы тұрған жүйе өзде­рі­ңіз ойлап тапқан отан­­дық жоба ма, жоқ әлде ше­тел­­ден алынған тәжірибенің же­­мі­­сі ме?

– Мұны өзіміз жасап шықтық, сон­дық­тан 100 пайыз отандық жүйе деп айта аламыз. Күнделікті осы қызметте жүрген соң қай жері бұрыс, қай тұсында кемшілік барын аңдап, білесің ғой. Соның бәрін сараптап, саралап, жаңа ережелер жазып, қоғамдық талқылауға шығардық. Сондай-ақ қанатқақты жүйе қорытындысы да өзінің оң нәтижесін берді және оны Қытай тарапы да өте жақсы қабылдап, енді қағаз жүзінде берілетін рұқсатты электронды форматқа ауыстыруға қатысты біздің ұсынысты қызу құптап отыр. Қытай елі әлемдегі ең көп тауар өндіруші мемлекет қой. Олардың экспорттық тауарының бір бөлігі біздің елдегі транзиттік дәліздер арқылы өтеді. Мысалы, 2022 жылы Қытай елінен 1,1 млн тонна жүк еліміз арқылы транзитпен өткен болса, ол 2023 жылы екі есе артып 2,2 млн тоннаны құрады. Егер Қытай елінен басқа елдерге теңіз жолымен кететін жүктің шамамен 5 пайызын автокөлікпен тасуға жағдай жасасақ, олар біздің ел арқылы өтетін болады, соның нәтижесінде транзиттік әлеует көмегімен ел қазынасына орасан мол қаражат түседі.

– Жүйеде адами фактор,­ әйт­­песе мем­ле­кеттік орган қыз­меткерінің қаты­суы қанша­лық­ты тыйылды?

– Рұқсат бланкісін рәсімдеуде адами факторды мүлде алып тас­тадық. Бұрынғы жүйеде блан­кіні мақұлдауда немесе кері қайтару бойынша комитет инспекторла­ры араласатын. Қазір олай емес. Бәрі автоматтандырылған. Тасы­мал­даушы жүйеге өзі кіріп, блан­кіні Халыққа қызмет көр­сету ор­та­­лығынан алады. Не­гізі қағаз құ­­­жатты басыбайлы жой­ғы­мыз ке­­леді, өкінішке қарай, тауар алмасатын көптеген елде жүйе­ні цифрландыру әлі ілгері баспай тұр. Сондықтан қағаз тасы­мал­да­ғыштан толықтай бас тарта алмай­мыз. Дегенмен биыл электронды бланкіні көрші Қытай және Өзбек­стан елімен бірлесіп енгізу жос­пар­ланып отыр. Толықтай 42 шет мемлекетпен электронды блан­кіге көшу – алдымызда тұрған ауқым­ды­ міндет.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Нұрбай ЖОЛШЫБАЙҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»