Әскер • 14 Наурыз, 2024

Сарбаз құрастырған роботтехника

28 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ақтаудағы сарбаздар қолда бар құралдардан жауынгерлік машина жасады. Осылайша, «Батыс» өңірлік қолбасшылығындағы теңіз жаяу әскерлері бригадасының мерзімді қызметтегі сарбаздары роботтехникадан машықтарын көрсетті.

Сарбаз құрастырған роботтехника

Туынды авторлары – 10 ай бұрын Түр­кістан облысынан шақырылған 2-ші шабуылдау батальонының механик-жүргізушілері. Бірі – қатардағы жауынгер Баттал Османов. Ол бала кезінен дизайнмен айна­лысқан­ды ұнатады. Енді міне, бала қиялы бүгінде адамның күнделікті өмірін жеңілдетуге көмектесетін ақылды құрылғы­лар жасауға сеп болып отыр.

– Взводтардың жауынгерлік атыстары аяқталғаннан кейін Юсуф екеуімізге батальон ко­­­ман­дирі қашықтан өзін өзі бас­­­қаратын жауынгерлік машина жасаңдар деген тап­сыр­ма жүктеді. Бірден сызбасын сызып, ой-қиялға ерік беріп, құралдардан машина жасауға кірістік. Оны жасауға екі апта кетті. Машинаға біз­дің батальонның «Барыс» деген аты берілді. «Бронды маши­н­а­ның» салмағы шамамен он кило, басқару пульті бар, 7,62 мм ПКТ отшашармен жабдықталған. Отшашар 360 градусқа бұрылады, барынша қозғалыс жылдамдығы 10-15 км/сағ. Болашақта оны жетілдірсек деп отырмыз, мүмкін граната атқышты орнатып, шассиді күшейтіп, жылдамдықты арттыратын шығармыз, – деді Баттал Османов.

Өнертапқышқа серік болған Юсуф Парманқұл да бұрыннан электротехникамен және автомобильдермен, мектепте роботтехникаға әуестенген. Тіпті колледжде «техник-электрик» мамандығын меңгеріп, роботтехника бойынша «Turkestan World Skills» халықаралық жарыстарына қатысыпты. Бұл жетістік әскери қызметтің беделін арттырып, сарбаздардың қызмет барысында әскери істі меңгеріп қана қой­май, талантын ашуға және өзін көрсетуге мүмкіндік беретінін айғақтайды.