Инвестиция • 13 Наурыз, 2024

Ауданға инвестор неге бармайды?

23 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев өңірге инвестиция тарту мәселесі бойынша жиын өткізіп, аудан әкімдерін инвестор тарта алмағаны үшін сынады.

Ауданға инвестор неге бармайды?

Батыс Қазақстан облысы кә­сіпкерлік басқармасының мәлі­метіне сәйкес, өңірде былтыр инвесторлардың күшімен 45 жоба іске қосылған екен. Осының аясында 1 мың жа­ңа жұ­мыс орны ашылған. Жал­пы алғанда 2023 жылдың қоры­тындысы бойынша негізгі ка­питалға салынған инвестиция көлемі 16,4%-ға өсіп, 645,6 млрд теңгені құрағанымен, оның басым бөлігі Қарашығанақ кен орны арқылы тартылған инвестиция болатын.

«Мемлекет басшысының түр­лі деңгейдегі әкімдерге қойып отырған ең басты міндеттің бірі – еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қа­лыптастыру және эко­но­ми­ка­мыз өзімізді толық қамта­масыз ете алатын жағдайға жет­кізу. Сондықтан облыс экономикасын одан әрі әртараптандыру, соның ішінде өңдеу саласын дамыту бағытында нақты істерді қолға алып жатырмыз», дейді Нариман Төреғалиев.

2023 жылдың қорытындысына қарағанда облыста өнеркәсіп өні­мінің көлемі 3,5 трлн тең­гені құрап, 6,6%-ға өскені бай­қалады. Соның ішінде өңдеу өнеркәсібінің көлемі 308 млрд теңгені құрап, 7,4%-ға артқан. Өсім металлур­гия өнеркәсібі, мұнай өңдеу өнім­дері, машина жасау, жиһаз, құры­лыс индус­трия­сы салаларында байқалған.

Ақпан айында үкіметтің кеңей­тілген отырысында Мем­лекет басшысы бірақатар тапсырма берді. Оның ішінде өңірлерге инвестиция тарту – аса маңызды мәселе болып отыр.

Облыс экономикасын әрта­рап­­тандыру үшін алдағы 5 жыл ішінде жалпы құны 2,4 трлн теңге болатын 67 инвестициялық жоба жос­парланғанын айтқан өңір басшысы 2024 жылы 100 млрд тең­гелік 15 жобаны іске асыру жоспар­ланғанын хабарлаған болатын.

«Бұл инвестициялық жобаларды жүзеге асыру өңірімізде қосымша жаңа жұмыс орындарын құруға, салықтық түсімдерді көбейтуге, жаңа технологияларды енгізуге мүмкіндік беретін болады», деген еді журналистермен кездесу кезінде Нариман Төреғалиев.

Алайда 12 наурыз күні шұғыл жиын өткізген әкім об­лысқа қа­расты қалалар мен аудан­дар, бас­қармалар тарапынан инвестиция тарту бағытындағы жұмыс баяу жүргізіліп жатқанын айтып, дабыл қақты. Мәселен, аудан­дардың жартысынан көбі жалпы құны 1 млрд теңгеге жет­пейтін инвест жобалар ұсын­ған. Оның ішінде Бөкей ордасы, Қаратөбе, Қазталов, Шыңғырлау аудандары ұсынған жобалардың жалпы құны 205 млн теңгеден де төмен деңгейде.

Нариман Төреғалиев әсіресе аудан әкімдеріне инвестиция бағы­тындағы жұмыстарды кү­шейтуді тапсырды. «Біз нақты іс­терді қолға алуымыз қажет», деді әкім.

Орал қаласы облыс орталығы болғанына қарамастан 2023 жыл­дың қорытындысы бойынша не­гізгі капиталға салынған жеке ин­вестиция көлемі 6,8%-ға төмен­деген. Бұл дегеніңіз 83 млрд теңге деген сөз. Сондай-ақ бірқатар ауданда да көрсеткіш көңілден шықпайды.

Облыс басшысы әр аудан әкі­мінің, әр басқарма басшының жұмысы тікелей инвестиция тартумен байланысты болуы керек екенін ескертті.

«Инвестиция тарту бойын­ша жұмыс жүргізбесеңдер, орында­рыңды босатасыңдар. Мен кадр­лық шешім қабылдайтын боламын. Нақты жобалар керек. Нәти­же керек», деп атап өтті аймақ басшысы.

Батыс Қазақстан облысындағы аудандардың басым бөлігі, соның ішінде жоғарыда инвестициялық тартымсыз деп аталған өңірлер негізінен мал шаруашылығымен айналысады. Көбі облыс орта­лығынан шалғай жатыр. Мұн­да коммуникация желілері жетіл­меген. Қазақстан бойынша сапасы ең төмен жолдар да осы облыс­та. Электр желілерінің 80 па­йызы тозған. Соңғы жылдары жол құрылысында оң өзгеріс болғанымен, тақтайдай жол түскен ауыл саны аз. 2024 жылға ар­налған жоспар бойынша биыл Батыс Қазақстан облысының жол­дарын жөндеуге 100 млрд тең­геден аса қаржы жұмсалып, 502 шақырым жол салынбақ. Егер бұл меже орын­далса, облыс аума­ғында қа­нағат­танарлық жолдың көлемі 58%-ға жетуі керек.

 

Батыс Қазақстан облысы