Айтыс • 12 Наурыз, 2024

Сырдағы сөз сайысы

32 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Сырдың бойында «Руханият жылының» ресми басталуына орай Әйтеке бидің 380 жылдығына арналған «Әділ сөздің алдаспаны» атты Қызылорда облысы мен Шымкент қаласы ақындарының арасында командалық айтыс өтті. Атадан мұра болып қалған дәстүрлі өнер сонау сексенінші жылдары алдаспандай жарқ етіп сахнаға қайта шыққан сәтте Алматыдан бастап әр өңірде командалық ақындар айтысы дәуірлеген болатын. Кейіннен ұмытылған осы дәстүр араға талай жыл салып Сыр төрінде тағы бір жаңғырды.

Сырдағы сөз сайысы

Қос өңір өнерпаздарына ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайрат­кері Жүрсін Ерман бастаған топ қазы­лық етті. Төл өнерге жанашыр азамат залға кіріп келгенде күллі көрермен орнынан тұрып, қол соғып қошемет көрсетті. Айтыскерлерден бөлек, күй­ші, жыршы, термешілер және дәстүр­лі әншілер өнеріне баға берген алқа құрамында филология ғылымдары­ның докторы Қойлыбай Асанов, ақын, филология ғылымдарының кандидаты Серікзат Дүйсенғазин, ақын, Мәдениет саласының үздігі Құдай­берлі Мырзабеков, дәстүрлі әнші, Қазақ­станның халық әртісі Рамазан Стам­ғазиев, күйші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанғали Жүзбаев пен жыршы-термеші, Мәде­ниет саласының үздігі Ерболат Шал­дыбаевтар болды.

Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев, облыстық мәслихат төрағасы Наурызбай Байқа­дамов, көрші өңір өнерпаздарын бас­тап келген Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек команда­ларға сәттілік тіледі. Сәрсен Абайұлы қызыл­ордалықтарға Шымкент қаласы әкімінің сәлемін жеткізіп, аламанға арнайы келген Жүрсін Ерманға көп алдында құрмет танытты. Сөз сайы­сын Қазақстанның еңбек сіңірген қай­раткері, Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай жүргізді.

ве

«Биылғы наурыздан басталып, келер жылы осы уақытта түйінделетін мега жобаның Сыр елінен бастау алып жатқаны тегін емес. Жақында ғана халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы­ның «Үздік мәдени өңір» аталымын же­ңіп алған Сыр өңірі тек біздің мемлекет­тің ғана емес, ордалы Орта Азия­ның төріндегі мәдени, рухани әлеуеті кемелденген құтты өңір», деді Аманжол Дүйсенбайұлы.

Дала ділмары, өз заманының қабыр­ғалы қайраткері атанған Әйтеке бидің 380 жылдығына арналған командалық айтыстың таныстыру үрдісін, сүйінші сөзін шымкенттік өнерпаздар тарапынан Батырхан Байданов, сырбойы­лық топ атынан жас дарын Нөсер Айдосұлы орындады. Ақындардың эпикалық тынысын, ұлттың ой-өрісінің байтақтығын танытатын сүре айтысқа Біржан Байтуов пен Ержан Әміров шақырылды.

Заманның бет-бейнесін, саяси ­ахуал мен қоғамдағы құбылыстарды тілге тиек еткен сөз сайысында қазір сырт­­тағы жұрт өзіне теліп алған ұлт тұлға­лары жайлы Біржан Байтуов «айтыс болған жері де қазақтікі, қай­тыс болған жері де қазақтікі» десе, Ержан Әміров «наша шеккен адамдар азай­майды, наша сатқан адамдар ұстал­маса» деп бүгінгінің тағы бір соқталы мәселесін сөз етті. Қос ақынның өнерін бағалағандар Біржан Байтуовқа 37, Ержан Әміровке 40 ұпай берді.

аро

Көрермен алдында шымкенттік Абылай Бөріханов «Ақыреттен хат» ат­ты жырды орындаса, жергілікті өнер­паз Төлеубай Бисенбек «Көр­ұғлыны» толғап, қазылар шешімімен басым түсті. Түре айтыста Әнәпия Нұрғалимен сөз сайыстырған қызылордалық айтыс­кер Бексұлтан Орынбасаров алға шықты. Қыз бен жігіт айтысы мен ән сайыс­та көрші өңір өнерпаздары Нұрлан Есенқұлов пен Тұрар Әлменовтің десі басым болды. Қайым айтыста қа­тар шапқан Мейіржан Жарылқап пен Мұх­тар Ниязов тең түссе, термеден Ербол Қалмырзаев қызылордалық Әділ­­хан Қуаңбаевтан бір ұпай артық алды.

Қызылорда облысы әкімдігі мен «Amanat» партиясы ұйымдастырған өнер бәйгесінің қорытындысында жер­гілікті команда алға шығып, келесі айтысқа жолдама алды. Екі топқа да теңдей құрмет көрсетіліп, әр ақынға 500 мың теңгеден сыйақы берілді. Ал жыршы, термеші, дәстүрлі әнші мен күйшілерге 250 мың теңгеден табыс­талды.

Жеңімпаз атанған Қызылорда облы­сының командасына Қазалы ауданы әкімдігінің Әйтеке бидің 380 жыл­ды­ғына тағайындаған «Бабалар аманаты» атты арнайы сыйлығы тапсырылды.

 

Қызылорда