Қытай Халық Республикасындағы «Айдаhардың гүлденген ғасыры, бақытты, қуанышты Цинпру жылы» атты іс-шараға Франция, Италия және Қытайдың түкпір-түкпірінен келген өнерпаздармен бірге Мұрат Өскінбаев атындағы Маңғыстау облыстық филармониясының «Ақшағыл» этно-фольклорлық ансамблі мен «Жорға» би ансамблі қатысты. Шаньси провинциясы Тайюань қаласы Цинсюй округі халықтық үкіметі ұйымдастырған халықаралық шамдар фестивалі Қытайда ХІ ғасырдан бері тойланып келеді. Қытайлықтардың сенімі бойынша, жаңа жылда ата-бабалардың аруақтары жерге түсіп, өздерінің жақын ағайындарымен жаңа жылды қарсы алып, кейін аспанға қайта ұшып кетеді-мыс. Ұшу барысында олардың «жолын ашып, жарық қылу» мақсатында аталған шамдарды ұшырады. Қытай Халық Республикасының мемлекеттік мерекелерінің бірі саналатындықтан, жыл сайын дәстүрлі түрде шамдар фестивалі ұйымдастырылып отырады. Аталған фестиваль аясында екі күн бойы Қытайда өнер көрсетіп, жергілікті халықтың ықыласына бөленген маңғыстаулық өнерпаздар араға аз уақыт салып Аустрия және Латвия мемлекеттеріндегі Қазақстан елшілігінің арнайы шақыртуымен Наурыз мерекесіне арналған салтанатты іс-шараға қатысады. Маңғыстау облыстық филармониясының «Ақжарма» фольклорлық ансамблі мен «Жорға» би ансамблі Вена қаласындағы Musikverein Wien концерт залында, Austrian National Library кітапханасы сахнасында, Рига қаласындағы Mercure Riga Centre Hotel қонақ үйіндегі Латвиядағы елшіліктің ұйымдастырған арнайы іс-шарасында, VEF Kultūras Pils концерт залында өнер көрсетпек.
Бұл өнер сапарларын қазақтың ұлттық киімдері мен өнерінің өрісін кеңейту, ұлы Наурыз мерекесін насихаттау жолындағы сапар деп санаймыз.
Маңғыстау облысы