Өндіріс • 11 Наурыз, 2024

«Қазалы» кәмпиті – бәсі жоғары тәтті өнім

161 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Сырдан сыртқа жол тартқан ағайынның елдің дәмі ретінде күріш пен «Қазалы» кәмпитін қолына іле кететіні – бұрыннан бар үрдіс. Осыдан болар, басқа аймақ тұрғындары арасында да осы күні Қазалыдан шығатын тәттіні аңсап отыратындар көбейген. Қызылордадан өзге өңірлерге сапарға шыққандардың да алдына жайылған дастарқандағы тәттілер арасынан «Қазалы» кәмпитін көзі шалса, ескі танысын көргендей елжірей қалатыны тағы рас.

«Қазалы» кәмпиті – бәсі жоғары тәтті өнім

Облыс орталығынан жырақта жатқан аудандағы кәмпит цехін 2012 жылдан бастап Нұрбек Қазбергенов атты азамат қолға алып, іс аясын кеңейтіп отыр. Қазір мұнда «Қазалы» кәмпитінің 7 түрі шығарылады. Алыс аудандағы цех облыста тәтті түрлерін шығаратын автоматтандырылған жалғыз кәсіпорын екендігін де айта кетейік. Дайын өнімдер Қызылордадан бөлек, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Атырау облыс­тарына жол тартады.

Тәттінің тарихына үңілсек, өткен ғасырдың елуінші жылдарына кетіп қаламыз. Өндіріс орындарын тұралатып кеткен тоқсаныншы жылдары осы кәсіпорынның айналасындағылар кәмпитті үйден жасап, онысын пойызда сауда жасайтындар көтерме бағамен сатып алып жүрді.

апр

Нұрбек Қазбергенов отбасылық кәсіп ретінде цехті жүргізе бастағанда да барлық жұмыс баяғыдай қолмен атқарылатын.

Қазанда қайнаған шәрбәт алдымен иленеді. Ол суы­ған­нан кейін бірнеше адам қайшылап кесіп, орауға кіріседі. Уақыт пен адам күші көп жұмсалатынынан бөлек тәттінің осы түрінде сырты жылтырап, жұтынып тұрған кәмпиттің өзге сорттарымен бәсекеге түсе алмайтыны да анық еді. Сондықтан жас кәсіпкер әуелі осы қиын шаруаны жеңілдетуді ойлады.

«Алдымен Қырғызстан мен Қытайдағы кондитерлік цехтар жұмысымен таныстым. «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы аясында 18 млн теңге несие алып, өндірісті ішінара автоматтандырылған жүйеге көшірдік. Осылайша, 30 адамның тірлігін 4 жұмысшы ат­қа­рат­ын болды. Қытай мен Ресейден кәмпит­терді созып, бөліп, турайтын және қаға­зын орай­тын аппараттар сатып алдық», дейді кә­сіпкер.

Осындай жұмыстар арқасында 2015 жылы «Қазақстанның үздік тауары» көрме-бай­қа­уында «Қазалы» кәмпиті жеңімпаз атанды. Әр жылға қойылған жоспарды орындау арқы­лы өнім қазіргі күні еліміздегі қатты карамель өнді­­рісінен өз орнын ойып тұрып алды. 2021 жылдан бастап «Қазалы» кәмпиті жаңа үлгі­де­гі қаптамамен шығып келеді.

вро

Бұл өнімді үйден дайындайтындар әлі де бар. Қазалыда 15 шақты үй, Қызылорда мен Аралда, Қармақшыда әзірлейтіндер де кездеседі. Ал цехтағы өнім халықарлық стандарттарға сай келуімен ерекшеленеді. Кәмпит дайындауға керекті қант бағасы да, өнімді орайтын қаптама мен хош иістендіргіштердің бағасы жыл сайын өсіп келеді. Әрі оның барлығы сырттан әкелінеді. Бұл ең алдымен әрине, өнімнің өзіндік құнына әсер етеді.

«Астанада өткен «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауы өнімімізді ел көлемінде таныстырудың мүмкіндігі болды. Былтыр об­лысқа жасаған сапарында Мемлекет басшысы да «Қазалы» кәмпитімен танысып, оң бағасын берді. Осының бәрі бастаған ісімізді жалғастыруға үлкен демеу. Бүгінде тұ­ты­нушылар талабының да көп өзгергенін бай­қай­мыз. Олардың сұранысына сай болу үшін із­де­ніс­ті тоқтатпаймыз», дейді кәсіпкер.

Ауда­ннан осы уақытқа дейін күріш, ба­лық өнім­­­дері және қа­мыс шетелге экспортта­­лып келсе, енді олардың қа­­тарына «Қазалы» кәм­­питі де қо­сылды. Өңір брендіне айналған өнім көп ұза­­­­май Қы­тай елін­дегі сауда сөрелеріне түсе бас­­­­тайды.

 

Қызылорда облысы,

Қазалы ауданы