Басылым • 11 Наурыз, 2024

Кеш болып кетпесін

51 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жазушының шеберлігін айтамын да, бір ғана «кеш» сөзінің астарында оқырманға салған үш түрлі пәлсапалық ой бар сияқты көрінді. Кеш. Ерсайын деген ақын азаматты еске алу кеші өткен. Кеш деп, әйелі Сәбира өмірден қайтқан күйеуінен кешірім сұрағандай егіліп жылаған, өткенді ойлап өкінген. Алайда бәрі кеш еді. Кеш.

Кеш болып кетпесін

Суретті түсірген – автор

Кей-кейде басымыздағы бақты көтере алмай, бағасына жете алмай жатамыз-ау. Жетейік деген ойымызға да кіріп шықпайды. Жақындарымызды өкпелетеміз, байыбына бармай жатып сөгеміз, абыройын айрандай төгеміз. Ар­тын­ша қателігімізді түсініп жат­сақ, кешірім сұраудың орнына пен­дешілікке жаба салғымыз келеді. Әлде, бас иіп кешірім сұрау­ды намыс көреміз бе? Ал біреу­дің жүрегінде тілім-тілім жара қалдырдық-ау деп ойлай бер­мейміз де. Дидахмет Әшім­ханұлының «Кеш» деген психо­ло­гиялық әңгімесі сан түрлі ойға жете­лейді. Тіпті кейіпкерлер ма­ңайы­мыздағы ет жақын туған-туыс, дос-жарандарымыздай көрі­ніп­ кетеді. Иә, тағдырлар ұқсас бола береді...

Шағын ғана бұл әңгімені бір демде оқып шыққаныңызбен, түсінген санаға салмақты ой салады. Ерсайын – ұлы ақын. «Ұлы» деп жан-жағындағы достары қол­паш­таған. Қолпаш көргенімен, мансапқа мастана қойған жоқ сияқты. Алайда ащы судың түбін түсір­генге ұқсайды. Сәбира Ер­сайынмен бірге тұрғанымен, ба­қыт­ты баянды ғұмыр кеше қойған жоқ секілді. Жақсы-жаман болсын, жары. Өмірден өткенде ақ жауып, үйінен шығарды. Артында аңырап екі баласы қалды. Қайғырып Сәбирасы қалды. Бірақ оның ішінде бір қыжыл бар секілді еді. Себебі күйеуін көршілері Шекер мен Күнсұлудан қызғанып өтті. Шекерді тіптен жек көрген. Жек көретін жөні де бар еді. Ерсайынды қиылып, есігінен шығарып салып тұрғанын неше рет көзімен көрген. Айналып келгенде, оған да өзін кінәлады. Бәлкім, солай да шығар. Ер адам үйден жылулық көрмесе, сырын тыңдайтын құлақ болмаса, оны сырттан іздеуі мүмкін. Сырттан тапса, соған қарай тартылып тұруы және мүмкін. Сол жылулықты Сәбира сыйлай да алмаған секілді. Егер жан-тәнімен жақсы көрсе, бүгінгі кешті де өзі ұйымдастырар еді ғой.

Кеш. Еске алу кеші. Ерсайын туралы деректі фильм көрсетілді. Өмі­рінің соңғы сәттерін досы Сейіл­­бек бейнетаспаға басып алған екен. Жүзі жүдеу. Көзінде мұң бар. Тауда жүріп, өлең оқыған. Со­ңында ілбіп басып, қоңыр күй­дің әуенімен ғайып болып кете бара­ды. Бұл сәтте басын төмен салып отырған Сәбираға қасындағы құр­бысы әрі көршісі Күнсұлу сынай қараған. Өңменінен өткен көз­қарасқа шыдай алмай қол жуа­тын бөлмеге кіріп барған Сәбира қа­быр­ғаның арғы жағынан «түнде ішіп келгенде әйелі кіргізбеген, со­дан өліпті» деген күбір-күбір еркек­тердің әңгімесін құлағы шалып, тағы да соққы алғандай күйге түскен. Көз алды тұманданып, сырт­қы есікке беттеп бара жат­қан­да Сейілбек қуып жетіп қо­лы­­на қара дәптерді ұстатқан. Есең­­гіреп келіп төсегіне құлаған. Егіліп жылаған. Ерсайынның «Әй Сәбира, сен түбінде жалғыз қаласың» деген сөзі есіне түскен. Расында жалғыз. Ұл-қызы шетел асып кеткелі қашан? Іштей өзін кінәлай берген. Ер азаматының басын төрге сүйрей алмағанына өкінді. Қадірін көрші әйелдер Шекер мен Күнсұлу түсінгендей еді. Мүмкін жанашырлық көр­сет­кендері ғана шығар. Олар ғана емес, досы Сейілбек те көкке көтерді. Кешті де досы ұйым­дас­тыр­ды. Сайып келгенде Сәбира не істеді? Осының бәрін жары кеш түсінді, кешірім сұрады. Енді көз жасын көлдей қылғаннан не пайда?!

Аунақшып жатып Сәбира Сейіл­бек берген қара дәптерді ашты. Күнделік екен. Шолып шықты. Кейбір беттерді қадалып тұрып оқыды. Күнделік – адамның жан досы дер едік. Үнсіз ғана ішкі зарын тыңдайтын, оның еркелігін, мінезін көтеретін – күнделік. Жүректің түкпіріндегі ешкімге айта алмаған сырыңды ақ параққа қанша төксең де мейлің. Көнеді. Үнсіз қабылдайды. Еш­кім­ге тіс жармайды. Сол секіл­ді Ерсайын жан дүниесін күн­де­лігіне ақтарғанға ұқсайды. Сөйтсе, Сәбирасын жанындай жақ­сы көріпті. Өзіне білдіре алма­ғанымен, сырын күнделікке ашқан. Шындықтың бәрі осында жазылған еді. Күндердің күні ұлын орыс мектебіне бергені үшін екеуінің ұрсысып, ауыр сөз айтып қойғанына дейін түсіріпті. Осылайша, әлі күнге өзектілігін жоймай келе жатқан тіл мәселесін де түйреп өткен. 23 қаңтар күні Сәбира үйге кіргізбегеніне дейін түртіп қойған. Өткенде бір далада түнегенін де жазған. Бұл жолы дәлізде сүйретіліп жүргенде Күн­­сұлу есігін ашып, кіргізіп алға­нын ақтарыпты. Ол үшін жарынан кешірім сұраған. Қағаз бетінде. Бұған дейін Шекер көр­шісі бірнеше рет кіргізіп алып, жы­лы-жұмсағын алдына төсегені бар. Сол үшін де «Шекер – әйел емес, періште» деп жазса керек. Бірақ Сәбира ойлағандай емес, Шекер төсекті пәтерінің кіре­бе­рісіне салып беріп жүрген екен. Шын­­дықтың бәрі күнделікте еді. Сәби­ра кезінде сенбегеніне тағы өкін­ді. Өкініп жатып ұйықтап кет­кен. Түсінде кешірім сұраған. Қалай болғанда да, бәрі-бәрі кеш еді.

Сіз бен біз де кеш қалып қой­майық.Кешірімнен кішірейіп қалмаймыз. Кімде кімнің алдында кінәміз болса, кішірейіп, кешірім сұрайық.