Еңбек • 08 Наурыз, 2024

Орманшы арулар

152 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Орманға оранып жатқан Марқакөлдің әсем табиғатын қысы-жазы көз тайдырмай қызғыштай қорып жүрген арулар жұмыстың ауырлығына қарап тұрған жоқ. Әрқашан қатарда. Бір ғана Төсқайың учаскесінде ер-азаматтармен үзеңгілесе бірнеше қыз-келіншек қызмет етеді.

Орманшы арулар

Суретті түсірген – автор

Топырлаған туристердің табаны тие бермейтін шалғай­дағы Төсқайыңға қарасты учас­келердің барлығы да шекара бо­йында жатыр. Бұл жақтың өзен-көлі, тау-тасы, сыңсыған орман-тоғайы тым-тым сұлу. Қарасаң, көз тоймайтын тұмса табиғат. Осындай байлықты қорғаудың алдыңғы шебінде ақ жаулықты аналар мен бұрымды қыздар да жүр. Кейінгі жылдары күзге қарай көршілес облыста орман өрті күшейіп, олардан да маза қашты. Оның үстіне шекараның шектеуі бар Маралды, Шанағатты, Балықты бұлақ секілді учаскелерге арнайы рұқсат парағымен кіріп, кешкі сегізге дейін патрульдеу жүргізді. Әлбетте, өрт бола қалған жағдайда уақытқа шектеу қойылмайды. Орманшылар ең бастысы, тілсіз жауды ауыз­дықтауға күш салады. Жалпы, былайғы учаскелерде орманшылар ағаш кесу секілді заң бұзушылықтарды кездестірсе, дереу хаттама толтырып, шара қолдануға да құқылы. Мұндай қызмет те – арулардың мойнында. Орманшы инспектор Гүлзат Дөненбайқызының айтуынша, құқық бұзушылықтан бөлек ормандағы аң-құс­тар­дың ізі, күн райы секілді табиғи құбылыстарға дейін дәптерлеріне тіркеп, жүйелі бақылайды.

– Орманшылық қызметте жүргеніме он екі жыл болыпты. Оған дейін балабақшада жұмыс істегенмін. Дүкенде сатушы да болдым. Қазір көбінесе рацияда отырамын. Жапырақ қурап, құрғақшылық болып тұрған күздің күні маза жоқ. Патрульдеуде жүрген инспекторлар екі сағат сайын жағдайды баяндап отырады. Өрт қаупі күшейген кездері тәуліктеп жұмыста жүреміз. Ең бастысы, жұмыс өзіме ұнайды. Екі жылдан соң зейнеткерлікке шығамын, – дейді Гүлзат Тұраталова.

Тәжірибелі маман Гүлзат Дөненбайқызының соңынан еріп келе жатқан табиғат жанашыры, орманшы Бахтина Ермек негізгі мамандығы – мал дәрігері. Ол бұған дейін Күршімнің құйған ауылында мал дәрігері болып қызмет атқарған. Ал Төсқайыңда мал дәрігерінің орны бос болмағандықтан, білімін же­тілдіріп, орманшылық қыз­метке бет бұрған. Әйтпесе, мал дәрігерлік қызметті де абыроймен атқара білген. Төрт түліктен қан да алған, операция да жасаған. Қазірдің өзінде көрші-қолаңның малы ауырса, шақыртуларға барып тұрады.

– Әр кәсіптің жеңілі мен ауыры болады ғой. Біздің қызметте жаз, күз айлары қарбалас. Күннің ыстық-суығына қарамастан, көшеттерді арқалап жүріп, гектар-гектар жерге егеміз. Оны күтеміз, баптаймыз. Егетініміз көбінесе шырша болғандықтан, күтім керек-ақ. Көшетке дейін тұқымын егіп, тұқымбақта өсі­ре­міз. Тамыр жайып, жетіле бастаған көшетті тауға апарып отырғызамыз. Одан бөлек, өртке де шығып кетуге әзірміз, – дейді орманшы инспектор Бахтина Қуанғанқызы.

Ал қыстыңгүні белгіленген учаскелерін аралай жүріп, табиғи құбылыстарды тіркейді. Қазір ауыл ішінде үш түлкі жүргеніне дейін біліп отыр. Орманшы арулар түздегі жұмыспен қатар үйдегі шаруаға да үлгеріп жүреді. Әңгіме арасында техни­ка­лық база жаңартылса дегендей де ұсыныстар айтылды. Иә, табиғаттың аста-төк байлығын шашау шығармай ұстап отыру үшін мамандардан бөлек олардың қолында байланыс құралдарынан бастап, өрт сөндіру көліктеріне дейін сағаттай сақылдап тұруы керек. Бұл – басқа мәселе. Ал әйелдердің ауыр еңбектегі темір­дей төзімділігі көпке үлгі.

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Марқакөл ауданы,

Төсқайың ауылы