Бизнес • 08 Наурыз, 2024

Бизнес әлеміндегі бұрымдылар

74 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Соңғы онжылдықта кәсіпкерлік саласында әйелдердің табысты кейстерін көзіміз жиі шалатын болды. Әрине, табысқа жетудің сан түрі бар. Бірі өз бетінше дағдыланса, бірі қандай да бір ұйымдардың қолдауымен жетіліп жатыр. Осы орайда нәзік жандардың қарым-қабілетін дамытуға жол ашқан «TechnoWomen» қауымдастығын айырықша атап өтсек болады.

Бизнес әлеміндегі бұрымдылар

Қауымдастық президенті Азиза Шө­жеева­­­ның айтуынша, былтырдан бері ІТ-Aiel жобасы іске асырылып, қолөнер­ші­лер­­ді электрондық коммерцияға бейім­деу, әйелдердің IT-стартап қозғалы­сы­на қол­дау көрсету шаралары қолға алынды. Кә­сіпте табысқа жеткен жанның бірі – Дана Блиева. Корпоративтік сектордағы ең­бек өтілі 30 жылдан асады. «Baiterek Venture Fund» АҚ-ның тәуелсіз директоры.

– Алғашқы инвестиция жылжымайтын мүліктен басталып еді, – деп еске түсіреді ол өткен шақты, – Лон­дондағы баламалы қор биржасында орналастырылған, ұңғымаларды қайта іске қосудан кейін акциялары 13 есе өскен шағын мұнай-газ компаниясының серіктесі болдым. Бұл өзінше стартап. Қаражатты жылжымайтын мүлікке және қор нарығына инвестицияладым.

кнг

Дана 2012 жылы Facebook IPO-сына және басқа да инвестициялық бас­та­ма­лар­ға қатысып, өзінің технология­лық стар­­табын құруға әрекеттеген. 2014 жылы инвес­тициялық жобаларға жер қой­науын пай­даланушыларды тарту үшін Techgarden-де жұмыс істеп, жаңа техно­логиялар, нейрондық желілер, жасан­ды интеллект, блокчейн, крипто­ва­лю­талар, баламалы энергия көзі ту­ралы білімін жетілдірген. Компьютерлік ғылымдар (информатика) бойынша PhD-ге оқуға түсіп, күрделі физикалық үдерістердің математикалық модельдеуін зерттеген.

«Соңғы жылдары «TechnoWomen» қауымдастығында қыз-келіншектерге IT мен STEM-де өздерінің стартаптарын дамытуға, инвестицияларды тартуға көмектесіп келемін. Алдағы уақытта білімді, интеллектуалды ұлт ретінде болашағы жарқын ел боларымызға сенімдімін», дейді Дана Назарбайқызы.

ннг

«Acvee Finance» компаниясының тең құрылтайшысы әрі бас директоры, сонымен қатар «TechnoWomen» қауымдастығы кеңесінің мүшесі Аяулым Аяғанова да табысты кәсіпкер. Ол басшылық ететін «AcveeFinance» компаниясы краудфакторингпен айналысады. Краудфакторинг – B2B секторындағы тауар жеткізушілердің немесе кассадағы қолма-қол ақшаның жетіспеушілігін қаржыландыратын ұйым.

«Компаниямды ашпай тұрып, Шығыс Қазақстан облысының қаржы бас­қар­масында жұмыс істедім. Онда мемле­кет­тік бюджет қаражатын облыс пен өзге ай­мақтарға бөлу жұмыстарын жүргіз­дім. Сол уақытта мемлекеттік сектор мен ұйым­­дарды қалай қаржыландыру керекті­гі­­нен хабардар болғанмын. Аталған салада қыз­мет етпес бұрын өз бизнесіммен айна­лы­сып, құжаттама алу, PQS тапсыру, тен­де­рге қатысу бойынша кеңес бердім. BI Group, Kazzink, геология және жер қой­науын пайдалану комитетінде қызмет атқа­рып, 10 жыл бойы жинақтал­ған тәжіри­бем­нің арқасында стартап пен жылжымай­тын мүлікке қызығушылық таныта бастадым. Алға қойған мақсатым да айқын еді. Бірақ өкінішке қарай, 20 миллион теңгеден астам шығынға ұшыраған жағдайға тап болып, содан соң AR\VR саласында жеке стартап құруды шештім», дейді Аяулым.

Бүгінде шағын және орта бизнес (ШОБ) субъектілерінің 30%-ы ғана көпте­ген нақты процедурадан өткеннен кейін ғана несие алады. Бірақ ШОБ-қа ақша дәл уа­қытында қажет. Осылайша, ақша бере­тін адамдар шағын орта бизнесті қар­жыландыру арқылы пассивті кіріс алады.

«Астана» халықаралық қаржы орталығына компанияны тіркедім. Ондағы қатынас ағылшын құқығымен рет­теліп, жеке тұлғалардың заңды тұлға­ларға инвестиция салуына жағдай жасап отыр. Біздің заңнамада мұндай ба­ғыт қарастырылмаған. Тек банк ашқан жағ­дайда ғана қаржыландыра аласың. Ал банк ашу үшін үлкен жарғылық капитал, құжаттар мен лицензиялар қажет. Біз­дің кәсіп қарапайым жеке тұлғаның өз ақша­сын 50 000 теңгеден бастап салуына мүм­кіндік береді, ал пассивті кірісі – жылына 25-30 пайыз аралығында. Депозитпен салыс­тырғанда бұл 8-13 пайызға артық. Осы­лайша, серіктесім екеуміз краудфакто­ринг құруды шештік. Факторинг – жеткізу­шілердің тауары мен қызметін қар­жыландыру. Нарықта біраздан бері бар, бірақ банктерде өте сирек қолданылады. Көп­теген кәсіпорын бұл қызмет туралы біл­мейді. Өйткені банктерге жеке өнімді қар­жыландырудан гөрі айналым қаража­ты­на несие берген тиімдірек. Біздің ком­па­ния тауарларды қаржыландыруды қам­та­масыз етеді. Бұл ретте біз бизнеске тік­елей қаражат бермейміз, бірақ тауарды тікелей сатушыға төлейміз, осылайша, тәуе­кел­дерді минимумға дейін азайтамыз. Барлық скоринг процедураларынан өткен­нен кейін жарты жылға бизнеске несие лимитін ашамыз. Бұл модельді толығымен өзіміз әзірледік және оны сәтті жүзеге асырып жатырмыз. Жеткізушінің өзінен, сатушыдан бастап соңғы сатып алушыға дейін мәміленің барлық қатысушыларын тексереміз. Қаржыны мақсатты пайдалануды, жоғары айналымды, сол арқылы тәуекелдерді азайтуды, жоғары табысты қамтамасыз етуді ұсынамыз», дейді.

Аяулым «TechnoWomen» қауымдас­тығын технологиялық индустрияны дамыту бойынша стратегиялық маңызды ұйым дейді.

«TechnoWoman-ға инвестиция салу – әлеуметтік жауапкершілік қана емес, сонымен қатар инвесторлар үшін жоғары білікті және талантты кәсіпкерлікке қол жеткізу мүмкіндігі. Мұндай бастамаларды қолдау табысты әрі инновациялық технология компанияларын құруға жағдай жасайды», дейді кәсіпкер.