Тәрбие • 07 Наурыз, 2024

Кіндік шеше

187 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Бақыт апа десе, біздің елдегілер елп ете қалады. Әсіресе, әйелдер қауымы. Жо-жоқ, қазіргі жас келіндер бұдан бейхабар болуы мүмкін. Біздің айтып отырғанымыз – 50-ден асып, 70 дейтін жасты алқымдаған аналар. Қазалының Бекарыстан би ауылында 500-ге жетеғабыл түтін бар. Осындағы халықтың басы ауырып, балтыры сыздамайды дейсіз бе? Денсаулықта кінәрат әрдайым болып тұрады. Ал әйелдерде... Ана болу бақытын кім аңсамас? Біз әңгімелегелі отырған кейіпкер солардың жәрдемшісі еді. Дұрысы, ауыл-аймақта дүниеге келген барлық баланың кіндік шешесі туралы айтамыз.

Кіндік шеше

Мен білерде шешемнің Бақыт апаға құрметі бөлек-тұғын. Әлі де содан айнымаған. Өйткені акушерлік қызметте ол кісінің шәкірті болыпты. Бақыт апа туралы сұ­рай қалсаңыз...

– 40 жылғы қызмет жолымда нағыз ұстазға балайтын адамым осы кісі, – дейтін мейірлене. – 1981 жылы мамыр айында Бек­арыстан би ауылындағы ауру­хана перзентханасына жұмыс­қа тұрдым. Ол кезде Карл Маркс кеңшары деп аталды. Оқу­ды енді бітірген 20 жастағы адам­­да не тәжірибе болсын? Ба­қыт апай ол кезде меңгеруші екен. Міне, алғаш бағыт беріп, баланы өмірге әкелу жағдайында қинал­ған келіншектерді босандыруда ақыл-кеңесін іс жүзінде көрсет­кен жетекшім де апай болатын. Шыны сол, жұмыс барысында қаталдық танытып, кейде кезек­ші­лікте жалғыз өзімді тас­тап кететін еді. Сондағысы «өз бетін­ше үйреніп, қорқынышын жеңе білсін, үйренсін» дейді екен ғой. Оны да кеш түсіндік...

Талай ұл мен қызға кіндік шеше болған біздің анамыз әлі де бұл жұмыстан шеткері қалмады. «Шешең Ұлдай мына біздің ұлдың кіндік шешесі еді, сәлем айта бар» дейтін апаларды өзім де жиі кездестіремін.

Осы кезде құлаққа түрпідей тиетін жайттардың бірі – медицина қаншалықты дамыса да, аяғы ауыр әйелдердің кесар тілігімен босануы. Одан қалды, «ауылда босандыру мүм­кіндігі болмағандықтан ауданға алып кетті» дегенді жиі естиміз. Себебін сұрай қалсаңыз, тым көп. «Бала теріс келді», «аяқпен келді», «құйрықпен келді», «кін­дігіне оралып қалды» деп мың сылтауын шұбыртады. Ең қиы­ны, босанғалы тұрған әйел­ге сол сәттегі болып жатқан қиын­дық­тарды бетке айтатындар бар. Шы­ны керек, жүкті әйелмен сөй­­лесу әдебі қалыс қалып бара­ды. Ауыл­дағы батыр ананың бірі Үрім­ша осындай пікір айтып қалды.

– Осындайда ойыма Бақыт апа оралады. Біз босанған кезде де осы жайттар жиі болды ғой, бірақ ол қолдаушы, қорғаушы, демеуші сияқты көрінетін. Ауыл әйелдерін көркем мінезімен, аялы алақанымен, мәдениетті, сабырлы қарым-қатынасымен жеңіл босандырып алатын. Біз перзентханаға сенімді баратынбыз, өйткені қырағы қадағалап, сауатты бағыт беріп, үнемі бақылауда ұстайтын Бақыт апа бар. Апай «босанамын» деп келген аяғы ауыр әйелді ешқашан ауданға сандалтпайтын. Босанар шақта қорқып-мазасызданып тұруы шартты құбылыс қой. Сол сәтте баланың аяқпен келген, құйрықпен келген, кіндігіне оралған сәттерінде ешкімді шо­шытпай, биязы даусымен, салмақты отырып, «қазір оңа­лады, тек жақсы ойлаңдар, бәрі жақсы болады...» деген демеу сөзі сәбиін күткен әрбір ананы қуаттандыратын. Іштегі сәбидің жай-күйін анық біліп отыратын, – деп ақтарыла естелік айтты Үрімша Бахи.

Ауылдағы егде жастағы ана­лардың бәрі Бақыт апаны мақтайды. Ішіндегі ең өтімді сөзі – «апамның қолы жеңіл». Бағасын осылай-ақ кесіп айтады. Ал ол кіндігін кескен ұл-қыздың көбі бүгінде отбасын құрып, бала сүйіп отыр.

– Айбек есімді ұлымды босанарда қатты қиналдым. Теріс келді ме, білмеймін, сол кезде мамандар шарасыз күйде қалғаны бар. Акушер Құралайдың «тез Бақыт апама хабар беріңдер» деге­нін естідім. Сәлден соң апа­ның «Қай Жақайым ол, шықпай жатқан, айтыңдаршы маған, қай Жақайым өзі» (Жа­қайым – жергілікті ру аты) деп әзілдей айқайлаған даусы естілгені. Ол кісінің даусы естілісімен бала да шар етіп дүниеге келді. Ниеті түзу адам келсе, толғақ та оң болады деген ырым да бар емес пе? Сондай да қызық болып еді, – дейді мектеп мұғалімі Күлмараш Қаманова.

Қазір 86 жастан асқан ауыл­дың кіндік шешесі осылайша тапжылмай қызмет етті. 1959 жылдан бастап, 1989 жылы зейнетке шыққанша талай шаңырақтың ішін сәбидің шат күлкісін толтыруға себі тиді. Ауылдағы ағайынға адал көңілімен ұнамды болды. «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісін де алды.

– 30 жыл осы елдің келіншек­терінің жанына жалау болып, аман-есен баласын бауырына басып, үйіне қайтаруға күш салдым. Зейнетке шыққан соң да толғатқандардың қасында жүрдік. Жұрттың батасы ғой, осы күнге дейін сол балалар «апалап» құрақ ұшып тұрады. Ең алғаш босандырып алған баламның өзі алпыстан асып кетті. Ол кім десең, мына мектептегі өз ағайың – Дауылбай Қапаров. Айналайын десейші, ұмытпасам, қыркүйек айы болуы керек, күн дауылдатып, адам бір-бірін көрмейтіндей топырақ суырып тұрған уақытта туды ғой. Әке-шешесі соған орай Дауылбай деп ат берген. Ол заманда жалғыз біздің ауыл емес, көрші Ү.Түктібаев, Майдакөл, мына Жаңақұрылыс пен Қызылжар, Шөмішкөлдің де әйелдері осында босанды. Кіндігін кескен ұл-қызымның саны да содан көп шығар. Үш мыңнан аса сондай бала-шағам бар, – деп Бақыт апаның өзі өткен шағын күле еске алады.

Ел ішіне ерен еңбегімен із қалдырған, сонысымен құрметті, сонысымен жақсы адам атанған Бақыт Елмұратова туралы жұрт осылай айтады. Бүгінде үлгілі әулеттің ақ самайлы әжесі болып отыр. Аналарға өзі көмектесіп, кіндігін кескен сәбилері үл­кен азамат болған, апаның қолын алып, мереке күндері құт­тық­тап, марқайтып кетеді. Қарт­тық ша­ғында ақ тілеулері орын­да­­лып, жан-жағы аман болып, ұрпағымен мың жасаған киме­шекті қария өмірінен аз ғана мағ­лұмат еді бұл. Оның алтын қолы мен көркем мінезін сезінген ауыл тұрғындары Бақыт апа десе, әлі де құрақ ұшады.