Білім • 08 Наурыз, 2024

Үздік педагог

152 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Әр мамандықтың өз қиындығы бар. Дегенмен ұстазға «ұлтты тәрбиелейді» деп үлкен жауапкершілік жүктелген. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, елімізде осы мәртебелі мамандық иесі атанып, мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында қызмет етіп жүрген 556 мың мұғалім бар. Олардың 80 пайызға жуығы – әйелдер. Барлығының еңбегі бас июге тұрарлық. Ал солардың ішінде үздік болу – жан-тәнімен ұстаздыққа өмірін арнау деген сөз. Бүгінгі әңгімеміздің арқауы да – Оқу-ағарту министрлігі тарапынан «Үздік педагог» атағын алған ардақты ұстаздар.

Үздік педагог

Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»

«Мұғалім болу – жүрек жы­луын, мейірім шуағын, адамгершілік қасиетін оқушы бойына дарыту. Мұғалім мәртебесі – шәкіртке ата-ана­­сындай болып тәрбие бе­ру. Олармен бірге қуана білу, уа­қыт арнау», дейді 2023 жылы «Үз­дік педагог» атанған Астана қала­сындағы «№93 мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұ­ға­лімі Нұргүл Даривхан. Бұл нағыз ұстаздың жүректен шыққан, 10 жылдық тәжірибесінен түйген ойы.

евнш

Білікті мұғалім бар білімін бү­гін алдында партада отырған, ер­тең ұлттың болашағына айналатын оқушылардың бойына сіңіріп жа­тыр. Ол мұғалім үнемі ізденісті тоқтатпауға тиіс екенін айтады.

«Мен Сәрсен Аманжолов атын­дағы Шығыс Қазақстан мем­ле­кет­тік университетін қа­зақ тілі мен әдебиетінің мұға­лімі мамандығы бойын­ша тәмам­дадым. Филология ғы­лым­дары­ның магистрантымын. Ұстаздық еңбек өтілім – 10 жыл. Атақты Қанипа Бітібаеваның технологиялары сын тұрғысынан ойлау, ой тастау, ойланту, ойлау, дамы­та оқыту әдістерін қазақ тілі мен әдебиеті сабағында қолдану арқылы ұлтын, әдебиетін, тілін сүйетін тұлға қалыптастыруға өз үлесімді қосып жатырмын. Үздік педагог болу – үздіксіз білім алып, ізденіп, соны шәкірт бойы­на сіңіре білу деген сөз. Абай ата­мыздың нақыл сөзімен айтсақ, «ақырын жүріп, анық басу». Себебі мұғалім – өзінің білімін үздіксіз жетілдіріп отырғанда ғана мұғалім, ал оқуды, із­денуді тоқтатқан кезде оның мұ­ға­лім­дігі де жойылады», дейді ол.

Ұстаздың еңбегі қашанда оқу­шыларының нәтижесінен көрі­ніп, сонымен бағаланады. Мұға­лім шәкірті шыңға шыққан са­йын өзі де биіктей бермек. Нұр­гүл Даривханның да көптеген жетіс­тікке жеткен оқушылары баршылық.

«Халықаралық, республика­лық, қалалық олимпиадаларда жеңімпаз атанған оқушыларым бар. Мыса­лы, Ақнұр Тұяқбай Мұқағали Ма­қа­таев халықаралық қорының білім грантын иелен­ді. Бауыржан Бекмағанбет рес­публикалық балалар оқуының жеңімпазы атанды. Айбек Бай­жұма республикалық қазақ тілі мен әдебиеті пәні олим­пиа­да­сының жеңімпазы болса, Жан­нұр Сағынай, Балнұр Аман­гелді – республикалық Абайтану олим­пиадасының жүлдегерлері. Әрбір сайысқа оқушыларыма өз бетімен ізденіп, дайындалуына бағыт-бағдар беріп, көмектесемін»,  дейді мұғалім.

нг

Ал Күнсұлу Амантайқызы Қо­ғамдық тамақтану және сервис колледжінде 18 жыл бойы сабақ беріп келеді. Білікті маманның тәжірибесі де, түйгені де, өмірге, өндіріске даярлаған шәкірттері де көп. Сол шәкірттер қазір әлем­нің әр елінде жұмыс істеп жүр.

«Мен жұмыс күнімді студент­терге дәріс оқудан бастаймын, содан кейін оқу зертханасында тәжі­рибелік сабақтар өткіземін. Топтың кураторы ретінде оқу, тәрбие, ғылы­ми зерттеу жұмыстарымен де айналысамын. Сондай-ақ бізде инклюзивті оқыту топтары бар. Ерекше білім беру қажеттілігі бар студенттерге де сабақ беремін. Бұл – менің жұмысымның тағы бір жауапты тұсы. Бұған қоса сту­дент­терімді қоғам өміріне үнемі бел­сенді араласуға тәрбиелеп отырамын. Өйткені олардың әр­қай­сы бір кетікке қаланатын кір­піш. Біздің міндетіміз – үйретіп, бағыттау. Колледжде еңбек еткен уақыт аралығында алдымнан 200-ден астам шәкірт түлеп ұшты. Мен оларды мақтан тұтамын. Барлығы дерлік оқыған саласы бойынша кәсіби маман болып, елімізде, тіпті әлем елдерінде қызмет етіп жүр»,  дейді педагог.

Күнсұлу Халида оқытушылық және кураторлық жұмыстар­дан басқа, студенттерге, жас маман­­­да­р­­­ға шеберлік сыныптарын да өткі­зеді. Онда оқытушы тәжіри­бесімен бөлісіп, көрсетеді. Соны­мен қатар үздік педагог өзін шың­дап, кәсіби тұрғыдан өсуге, тәр­биелеуге ерекше көңіл бөлетінін айтады.

«Мен жыл сайын Астана­да­ғы және еліміздің басқа ай­мақ­та­р­ын­дағы кәсіпорындарда біліктілікті арттыру курстарынан, тағылымдамадан өтемін. Сонымен қатар әртүрлі семинар мен конференцияға қатысамын. Қазіргі кезде колледж басшылығы халықаралық ынтымақтастық бойынша белсенді жұмыс жүр­гізіп, басқа оқу орындарымен меморандумдарға қол қойды. Осы орайда Финляндияда, Та­тарстанда, Якутияда тағы­лым­дамадан өтіп, ондағы әріптесте­ріммен тәжірибе алмасып, білі­мімді шыңдауға мүмкіндік алдым. Сонымен қатар саламатты өмір салтын ұстанамын. Қалалық дең­гейдегі үстел теннисі мен волейболдан спорттық жарыстарға жиі қатысамын. Бұған қоса қазіргі заманның қажеттілігіне айналған әлеуметтік желіні де меңгерген жөн деп ойлаймын. YouTube-те же­ке арнам бар. Онда мен өзімнің шеберлік дәрістерімді бейне­сабақ ретінде жүктеп отырамын. Жалпы, ұстаз әрқашан өзін дамытып отыруы қажет. Мен өз жұмысыма жауапкершілікпен әрі махаббатпен қараймын, өйткені мен өз саламның кәсіби мамандарын тәрбиелеп отырмын.

рп

Астана қаласы №8 мек­теп-лицейінің бастауыш сынып мұ­ғалімі Серіккүл Сексенбаеваның еңбек өтілі 26 жыл. Ол маманды­ғына кәсіп деп емес, өмірлік мис­сиясы ретінде қарайды. Оқу­шы­лар­дың алдындағы үлкен жауапкер­шілікті бар жүрегімен сезінеді.

«Менің бала күнгі арманым, анам сияқты, ардақты ұстаздарым сияқты ұстаз болу еді. Мен ұстаз­дық­тың ауыр жүгін арқалауды өз жүрек қалауыммен таңдадым. Сондықтан мамандығым мақта­нышым деп айта аламын. «Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат», деп Ыбырай Алтынсарин атамыз айтқандай, дүниедегі маман­дық атаулының төресі – ұстаз­дық. Мұ­ғалім – барлық мамандық иесін тәрбиелейтін, үйрететін, білім нәрімен сусындататын жан. Мұғалім берген тәрбие әр­бір жанның өміріне жол сілтер шам­шырақ сияқты. Сондықтан да ұлағатты ұстаздарға бүкіл адам бала­сы бас иеді. Ұстаз – білге­нін үйретуші ғана емес, тұла бойы тұнған өнеге, ақ тілеулі ана сияқты барлық адамның бойынан жақсылық іздейтін ізгі ниет иесі деп айтар едім. Ұстаздар жайын­да Бауыржан Момышұлы: «Ұстаздық – ұлы құрмет. Себебі ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді», деген болатын. Міне, бү­гінгі таңда мен өзімнен озған шә­кірт­терді тәрбиелеп келемін. Ше­бер ұстаз үздіксіз ізденісте болып, қоғам сұранысына сай білімді, шығармашыл, өзін өзі дамытып, жетілдіре алатын болуы қажет деп ойлаймын», дейді мұғалім.

Еңбектің еленуі өнімді іс атқарып, қоғамға үлес қосып жат­­қаныңды сездіреді. Бұл да – мәртебе. «Биылғы оқу жылында өткен республикалық «Үздік педагог» байқауына қатысу мен үшін үлкен жеңіс болды деп айта аламын. Менің 26 жылдық еңбегімнің нәтижесі деп түсінемін», дейді Серікгүл Аббасқызы.