Университет • 08 Наурыз, 2024

Ғалым әйелдерге арналған марапат

90 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде Халықаралық әйелдер күні мерекесіне арналған салтанатты іс-шара өткізді. Осы жиында ғылым саласында үздік нәтиже көрсеткен әйел ғалымдар үшін «Наила Базанова медалі» тағайындалғаны туралы хабарланды.

Ғалым әйелдерге арналған марапат

Жиын барысында Ұлттық ғылым академиясының прези­денті, академик Ақылбек Күріш­баев дәстүрлі көктем мерекесі сұлулық пен нәзіктік, рухани даналық күні екенін атап өтіп, әйелдердің саясаттағы, экономика және әлеуметтік салалардағы жетістіктеріне тоқталды. Ал ел ғы­лымын дамытуға қосқан әйел­дердің үлесі орасан. Бүгінде олар жалпы ғалымдардың 60 пайызға жуығын құрайды.

«Халықаралық әйелдер күнін біз әрқашан да көктеммен бірге келетін жылулық пен сұлулық рәмізі ретінде қабылдаймыз. Халқымыздың «Жұмақ – ананың ізінде, шуақ – ананың көзінде» деген даналығына назар аударар болсақ, бүгінде әйелдердің қоғамдағы алар орны ерекше. Олар жанұяның қамқоршысы ғана емес, қоғамның барлық са­ла­сының дамуына орасан зор үлес қосып отырған белсенді тұлғалар. Ғылым мен білім беру саласына қосып жүрген үлесі қо­мақты. Статистикалық дерек­терге сүйенсек, жыл сайын ғылы­ми жұмыстармен айналысатын әйелдердің қатары көбейіп келеді. Мысалы, 2015 жылы олардың үлес-салмағы 50 пайыз болса, бүгінгі таңда бұл көрсеткіш 54,5 пайызға жетіп отыр. Яғни саладағы жетістіктердің басым көпшілігіне нәзік жандардың еңбегінің арқасында қол жеткізіп келеміз», деді А.Күрішбаев.

Мемлекет басшысы ғы­лым­­ды дамытуға байланыс­ты ға­лымдар алдына үлкен мін­дет­­тер жүктеп отыр. Бүгінде ел эко­номикасындағы еңбек өнім­ділігін 2 есе арттырудың стра­тегиялық міндетін ғылымның қолдауынсыз іске асыру мүмкін емес. Бұл зерттеу қызметін ұйымдастыруды түбегейлі қайта қарауға, ескі көзқарастардан ары­луға, ғылым­ды басқару ор­ган­­дарының функциялары мен өкілеттіктерін нақ­тылауға және ғалымдардың зияткерлік әлеуетін толық ашуға ынталандыратын жаңа тетіктерді іске асыруға міндеттейді. Әлемдік ғылыми орталықтармен батыл интеграцияланып, олардың оң тәжірибесін қабылдап, бейімдеу уақыт талабынан туындап отыр. Осы түйткілді мәселелерді арқау ете отырып, ҰҒА президенті А.Күрішбаев бұл мәселеде ғы­лыми қоғамдастықтың әйелдер бөлігінің рөліне баса назар аудару қажеттігін алға тартты.

«Білім беру, кадрлар даярлау, білімді тарату және ғылыми зерттеулердің нәтижелерін өнді­ріске енгізу үрдісіне белсенді қатысатын әйел ғалымдарды қолдау, олардың кәсіби және мансаптық өсуіне жағдай жасау, перспективалы және креа­тивті әйелдерді басшылық лауа­зымдарға батыл ұсыну жөнінде қосымша шаралар қабылдау уақыт талабынан туындап отыр. Осы­ны іске асырып, ға­лым әйел­дердің мәртебесін арт­­тыру мақсатында Ұлттық ғылым ака­демиясы Қазақстан мен Орта Азиядағы тұңғыш әйел-ака­демик, көрнекті физиолог, Қазақ КСР Ғылым акаде­мия­сының академигі, биология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ КСР еңбек сіңірген ғылым қайраткері Наила Базанова медалін тағайындады. Бұл марапат алдағы уақытта ғылымдағы әйел­дердің жетістік­тері мен ғы­лыми саланың дамуына қос­қан үлестерін ескере отырып беріледі», деді Ғылым академия­сының президенті.

Мерекелік жиынға өңірлер­ден қатысқан 70-тен астам ға­лым әйелдер ғылымды дамытумен қатар білім сапасын жетіл­діру, өскелең ұрпақты заманауи біліммен сусындатып, ұлттық құндылықтарға баулу төңі­­ре­гінде ой өрбітті. Мұнымен қо­са ғалым әйелдердің мәртебесі, әлеу­­меттік ахуалы мен зерттеу жұ­мыс­­тарына, ғылыми жобаларға қа­тысуына байланысты бірқатар ұсыныс айтылды.

 

АЛМАТЫ