Экспорт • 07 Наурыз, 2024

Мұнай транзитінің көлемі артады

29 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан «Ақтау – Баку – Тбилиси – Жейхан» бағытындағы мұнай транзитін биыл 1,5 млн тоннаға жет­кіз­бек. Бұл жөнінде Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Баку қаласында әріптесі – Әзербайжанның Энергетика министрі Парвиз Шахбазовпен кездесуі кезінде мәлімдеді.

Мұнай транзитінің көлемі артады

Қазақстан мен Әзер­бай­жан арасындағы сауда-эко­но­микалық ын­тымақтастық жөніндегі бір­лескен үкімет­ара­лық комис­сия­ның 20-оты­ры­сының қоры­тын­ды­сы бо­йынша өткен кездесу ба­ры­­­сында тараптар ел­дер­дің энергетика, мұнай тран­зиті, жаңартылатын энергия көз­де­рінің ауқымды жобаларын іске асыру саласындағы ын­тымақтастығына қатысты бір­қатар мәселені талқылады.

Айта кетейік, 2022 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Транскаспий дәлізі бойын­ша мұнай тасымалдау көлемін арттыруды тапсырған болатын. Соған сәйкес 2022 жылдың қараша айында «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ мен Әзербайжан Республикасының «SOCAR» мемлекеттік мұнай компаниясы арасында «Ақтау – Баку – Тбилиси – Жейхан» бағытында мұнай транзиті тура­лы келісімге қол қойылды.

2023 жылы Ақтау портынан «Баку – Тбилиси – Жейхан» бағытында жөнелтілген мұнай 1 057 мың тонна болды. Ал биыл қазақстандық мұнайды БТД ар­қылы тасымалдауды 1,5 млн тон­наға жеткізу жоспарланып отыр.

«ҚазТрансОйл» АҚ баспа­сөз қызметінің хабарлауынша, 2024 жылдың алғашқы айында Ақтау порты арқылы тасымалданған қазақстандық мұнай экспортының көлемі 287 мың тоннаны құрады. Оның ішінде Ақтау портынан Баку портына қарай мұнай тасымалдау көлемі 60 мың тоннаға артып, 116 мың тоннаны құрады.

Бұған дейін Үкімет Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған кен орындарын кеңейту жобалары жүзеге асырылып жат­қанын мәлімдеген еді. Кейінгі уа­қытта мұнай тасымалын әр­та­раптандыру, Еуропаға бағыт­­тал­ған мұнайды Ресейді айналып өтіп тасымалдау мәселесі барынша өзекті болып отыр. Алдағы екі жылда Транскаспий бағы­ты­мен мұнай тасымалдау 3 млн тоннаға дейін жеткізіледі. Жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.

«Біздің ұлттық компания­ла­ры­мыздың алдына Қазақстанда өнді­рістің өсуін ескере отырып, мұнай жеткізу көле­мін ұлғайту міндеті қойыл­ды. Осыған байланысты біз қазақ­стан­дық мұнайды жеткізу көле­мін ұлғайтуды жос­парлап отыр­мыз», деп атап өтті кездесу барысында А.Сәтқалиев.

Энергетика министрлігінің басшылары Каспий теңізінің түбіне терең су кабелін төсеу арқылы Кавказ өңірі мен Орталық Азияның энергия жүйе­лерін қосуға бағытталған жоба­ны іске асыру жөніндегі алда атқарылар жұмыстарды да талқылады.