Ауыл • 06 Наурыз, 2024

Ауыл – чемпиондар мекені

58 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы облысында спорт ғимараттарының құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Бұлай деуімізге Жамбыл ауданының Қаракестек ауылында 50 орынды спорт кешенінің салтанатты түрде ашылуы дәлел.

Ауыл – чемпиондар мекені

«Бүгін Жамбыл ауданының спорттық инфрақұрылымы тағы бір тамаша ғимаратпен толы­ғып отыр. Бұл ғимарат тек осы Қара­қастек ауылында ғана емес, аудан­да спорттың дамуына жаңа серпін береді деп ойлаймын. Ауыл – нағыз чемпиондар мекені. Табиғат аясында шымыр болып өскен балалар кез келген спортқа икемді болып келеді. Сондықтан ауылды жерлерде спорт­тық нысандар көптеп салынып жатыр», деген облыс әкі­мінің бірінші орынбасары Нұр­лан Әбдірахым тұрғындарды қуанышымен құттықтады.

Аталған спорт кешеніне бюд­жеттен 719,7 млн теңге бө­лінген. Еңселі екі қабатты спорт кешенінің жалпы аумағы 1509,8 шаршы метрді құрайды. Спорт кешенінде бокс, күрес залдары, волейбол, баскетбол, футбол басқа да спорт түрлерінен дайындалуға болатын ойын зал­дары орналасқан. Онда 14 жат­тықтырушы 600-ге жуық жас­өс­пірімді спортқа баулымақ. Жаңа ашылған спорт кешеніне ір­гелес Аққайнар, Сұраншы батыр, Бесмойнақ, Үңгіртас, Беріктас, Ақтерек ауылдарының жастары да келіп, жаттығуына мүмкіндік туды.

Бүгінде аудан бойынша 232 спорттық нысан жұмыс істеп тұр. Оның ішінде 2 стадион, 5 спорт кешені, 84 спорт зал, 9 жапсарлас спорт зал, 1 ипподром, 2 жүзу бассейні және 129 әртүрлі спорттық құрылым бар.

Сондай-ақ ауданда балалар спортын, бұқаралық спортты және спорт инфрақұрылымын да­мыту мақсатында осы жыл­дың ақпан айында «Жамбыл ауданының №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі» ком­муналдық мемлекеттік меке­месі құрылды. Қазіргі таңда ауда­н аумағында жалпы 2 спорт мектебі жасөспірімдерді спортқа баулып жатыр.

Бұған қоса осы жылы Тарғап ауылына спорт кешенін салуға қаржы бөлу қарастырылмақ. Сонымен қатар Үңгіртас ауылына да спорт нысанын салу үшін жобалық-сметалық құжат әзірлеу басталған.

 

Алматы облысы