Білім • 06 Наурыз, 2024

Оқушы көп, мектеп аз

38 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Алматыға жақын маңдағы елді мекендерден нәпақа тауып, білім іздеп келетіндер саны толастаған емес. Соңғы он жылдан бергі қала агломерациясының кеңеюіне жүйесіз көш-қон бірден-бір себеп болып отыр. Соның салдарынан қала тұрғындарының саны жыл сайын 70 мың адамға артып, әлеуметтік саладағы сапалы қызметке сұраныс күшейді.

Оқушы көп, мектеп аз

Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Әсіресе мектеп пен балабақ­ша­ның жетіспеушілігі өткір мә­селеге айналды. Ата-аналар балаларына сапалы білім беру үшін қолайлы орта іздеп, әбігерде жүр. Қала әкімдігінің дерегінше, биыл­­ғы оқу жылында 30 мың орын тапшылығы байқалған. Ал мек­тептерге жыл сайын 12-14 мың бала оқуға келеді.

Жақында №41 мектепте орын алған жағдайдың себебін қа­ла­­лық білім басқармасының ма­­мандары оқушы орнының жетіс­­пеушілігімен байланыстыр­ды. Басқарма басшысы Ләззат Жыл­қыбаеваның айтуынша, қазіргі кезде 870 бала оқитын мек­теп­те екі ауысымда 1 426 оқу­­шы бі­лім алып жатыр. Атал­ған білім оша­ғындағы орын тапшы­лығын шешу үшін биыл Самғау-2 ша­ғын ауданда 2 000 орындық жай­лы мектептің құрылысы басталған-ды.

Мәселенің мәніне үңілсек, әлеу­меттік желіде тараған бейне­жазбаға қа­ра­ғанда, гардеробтан киімдерін алу­ға барған оқу­шылар тар жерде қысылып, бір-бі­рін басып кете жаздаған. Осы­ның салдарынан оқу үрдісін дұрыс ұйымдастыра алмаған мек­теп директоры қызметінен кет­ті. Мектепте мұндай жағдай бұ­рын-соңды болмаған, абырой болғанда, оқиға салдарынан оқушылар зардап шеккен жоқ. Бұ­ған дейін осыған ұқсас жағдай қала­дағы №5 мектепте орын алған еді. Мектепте киім алуға таласып қал­ған балалардың әрекетінен оқушы жарақат алған болатын. Аталған мектеп 860 орынға ар­нал­ған болса, қазір онда 2 257 бала оқиды.

Мектептер жетіспеушілігі мә­селесі Алматы агломерациясын дамытудың 2024-2028 жыл­дарға арналған кешенді жоспарында қамтылды. Осы орайда қа­ла маңындағы елді мекендер­ге 2028 жылға дейін 36 мектеп салу көзделген. Бұл қалаға жа­қын аумақта орналасқан мектеп­тердегі үш ауысымда білім беру мәселесін толықтай ше­шуге ықпал етеді. Мұнымен қоса күрделі жөндеумен қамты­ла­тын мектептер саны 6 пайыз­ға ұлғайып, оқушылар мен мұға­лім­дер үшін неғұрлым қолай­лы әрі қауіпсіз жағдай қарасты­рылмақшы.

Қалалық әкімдіктің мәліме­тінше, мектептердегі орын тап­шы­лығы мәселесін шешу үшін қазіргі кезде білім ошақтарының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. «Жайлы мектеп» ұлттық жо­басы аясында алдағы екі жылда 37,1 мың орындық 22 мектеп ашу көзделіп отыр. Бүгінгі таңда 23,1 мың орындық 13 мектептің құрылысы басталған. Жеке инвесторлармен 12 мың орынға арналған 8 мектеп салу және сатып алу бойынша меморандумға қол қойылып, мемлекет-жеке­меншік әріп­тестік аясында 2 мың оқушыға лайықталған 1 мектеп салынатын болады.

Қазіргі кезде қалада 200-ден астам мемлекеттік, 100-ге жуық жекеменшік мектеп бар. Онда 320 мыңнан астам оқушы білім алып жатыр. Мамандар Алматыда «Жай­лы мектеп» ұлттық жобасы нә­тижелі іске асатын болса, мек­тептердегі орын тапшылығы 6 мыңға дейін төмендеуі мүмкін де­ген болжам жасайды. Ұлттық жо­ба аясында мектептердің жаңа тех­но­­логиялармен жабдықталуы, оқу­шы­­лардың жеке шкафтармен қам­тамасыз етілуі көптеген түйткіл­ді мәселенің шешімін тарқатпақ. Бүгін­де Алматыда мемлекеттік орта және мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында «Кешенді қауіпсіздік жүйесі» жобасы іске асып отыр. Қазіргі уақытта Алматы қаласында 400-ден аса мемлекеттік ұйым­дарда және мемлекеттік білім беру ұйымдарында маман­дан­­дырылған күзет және бейне­бақылау жүйесі бар. Былтырғы жылдың соңынан бастап қала мектептерінде бейнебақылау камераларын, дабыл түймелерін жаңарту жұмыстары басталғаны белгілі. Қазіргі уақытта 200-ден астам мектеп пен 10 интернат қауіпсіздік жүйесімен, 215 ұйым 11 831 бейнебақылау камерасы, 215 дабыл түймесі, оқушыны тану мүмкіндігі бар 400-ден аса тур­никетпен қамтылған. Ма­ман­дар алдағы жылдарда ұлт­тық жоба аясындағы мектеп­терде IT шешімдер мен заманауи жабдықтар оқушылар қауіп­сіздігін толыққанды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді деп сендіреді.

 

АЛМАТЫ