Кәсіпкер • 04 Наурыз, 2024

Ақтоғайдың қызғалдағы

114 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Павлодар облысы Ақтоғай ауданында жергілікті жас кәсіпкерлер Махмұт Тұрсын мен Нұрай Әлім гүл өсіретін жылыжай ашты. Олар 300 шаршы метр аумақта қызғалдақ гүлін өсіріп, алғашқы өнімін алып үлгерді. Бұл – облыстың ауылдық жерінде ашылған тұңғыш жылыжай.

Ақтоғайдың қызғалдағы

Қысы суық теріскейде жылыжай ұстау оңай шаруа емес. Алты ай қыста жылудың өзіне қаншама шығын жұмсалады. Ақтоғайлық кәсіпкерлердің бастамасы бұл тұрғыдан алғанда батыл бастама ретінде танылып отыр.

Ақпан айының соңғы күнде­рін­де қос кәсіпкер қарапайым тех­нологиямен бапталған 100 мың түп қызғалдақтың сәтті өсіп шыққанын хабарлады. Ақ, сары, қызыл, күлгін, қызғылт, алқызыл түс­тес көздің жауын алатын қыз­ғал­дақтар сапа жағынан сонау Нидерланд елінен жеткізілетін гүлдерден асып түспесе, кем емес. Бастысы, мерекелерде кеңінен сұранысқа ие мұндай сәндік өсімдікті ауылдық жерде де баптап өсіруге болатынын дәлелдеді.

ро

«Кереку Флаурс» ЖШС құ­рыл­тайшысы Махмұт Тұрсын­ның айтуын­ша, ол гүл бизнесімен біраз жылдан бері айналысып, негізінен гүлді көтерме бағадан жеткізу бизнесін жолға қойған.

«Нұрай екеуіміз қызғал­дақ­­­тар елінен әкелініп жатқан өнім­ді өзіміздің туған жердің то­пырағында өсіріп көруге бел байладық. Жобаны жүзеге асыру үшін Алматы, Шым­кент қала­ла­рын­да өткен гүл өсіру­ші­лер форумдарына, курстарға қатыстым. Гүлді баптау технологиясын мең­гер­дім. Менің серіктесім Нұрай – Павлодар облысы бойынша ең ірі гүл жеткізушілердің бірі. Екеуі­міз бірлесіп іске асыруға уағ­даластық. Жобаға 20 млн тең­гедей инвестиция салынды. Мем­ле­кеттік бағдарламаға қатыс­тық, бұған қоса Ақтоғай ауданының кәсіпкерлік бөлімі 1,2 млн теңге қайтарымсыз грант бөлді. Осы­лай­ша, алғашқы жылыжай кеше­ні­мізді 300 шаршы метрде орналастырып, былтыр жаздан бері біз үшін мүлде тың кәсіпті бастап кеттік. Алғашқы нәтижесі жаман болмаған сияқты», дейді Махмұт.

Жас кәсіпкер – Қараоба ауы­лының тумасы. Айтуынша қызғал­дақ тұқымын Голландиядан ал­дыр­ған. Жылыжай ішін қыста жылыту үшін жер үйлерде пай­да­ланылатын «ақылды пеш» пен «Вулкан» радиаторлы жел­дет­­­кішін қолданыпты. Жалпы, қызғалдақ салқын климатты сүйе­­тін өсімдік, ауа температурасы 12-14 градустан аспаса тез жай­қа­лып шыға келеді.

пар

«Біз барлық технологияны сақтауға тырыстық. Әуелі былтыр қараша айында тұқымды егіп, екі апта тамыр жайғанын күттік. Одан соң жылыжайдың жұмысын тоқтатып, толықтай консервация жасадық. Бұл гүлдің қажет мезгілде өніп шығуы үшін қажет еді. Қызғалдақ баданасы топырақ астында жатқанда қатты аязға аса төзімді. Суықта жетілмейді, тек қолайлы температураны күтіп жата береді. Биыл жылдың басында жылыжайды қайта жылытып, қажетті температураны реттегенде өнім­деріміз тоқтап қалған циклін әрі қарай жалғастырып, 1,5 ай ішінде толық өсіп шықты», деп түсіндірді ол.

Ақтоғайлық қызғалдақтың са­бағының ұзындығы – 45-60 см аралығында, тоңазытқышта бір жарым айға дейін сақталатын қабілетке ие. Қызғалдақты жылына бір рет қана өсіруге болады, соған орай өзге уа­қыт­та жылыжайда басқа да гүл­дердің жайқалып тұруы үшін кәсіпкерлер қазір бас қатырып жатыр. Әдеттегі мерекелерде ерлер қауымы көбіне рау­шан гүлін құп көретіні жасырын емес. Гүл бағбандары Нидерландыда өсірілетін, бірақ біздің елімізде аса танымал емес «пеон», «мелиантус», «эустома» сәндік гүл­­дерін әкелуді жоспарлап отыр. Оларды әуелі тәжірибе түрінде егіп, өсіріп көрмекші. Егер мүмкіндік болса, келешекте қызғалдақ баданасын өзімізде де өндіруге болады екен. Тек бұл үшін баптау әдістерін меңгеру керек.

«Әлемде гүлдің түрі өте көп. Оларды қазақ жеріне әкеліп, топы­рағында жерсіндіруге болады. Алғашқы 100 мың түп қызғалдағымыз ешбір химия­сыз, таза топырақта өсіп шық­ты. Ен­деше, бұл басқа да сәндік өсім­­­діктерді біздің жерде отыр­­ғы­зып көруге болатынын дә­лел­деп отыр. Тек бұл үшін біз­ге мем­­­ле­кеттің қолдауы керек. Кә­сіп­керлерге арналған жеңілдікті бағ­дарламаларға қатыссақ дейміз. Нәтижесінде, жылыжайымызды кеңейтіп, алуан түрлі гүл егіп, жылдың он екі айында жергілікті нарықты қамтамасыз етер едік. Ауылда жұмыссыз жүрген жандарды еңбекпен қамтып, біраз адамның нәпақа табуына сеп болар едік», деп жоспарымен бөлісті Махмұт.

Атап өтерлігі, қос кәсіпкер «Кереку Флаурс» ЖШС жылыжайында өніп шыққан қызғал­дақ­тармен еліміздің түкпір-түк­­­пірінен түскен сұраныстың тек 20 пайызын жауып отыр. Ха­лықаралық әйелдер күні қар­саңындағы тұтынушылар сұ­ра­ны­сының негізгі бөлігін бәрі­бір импорт қызғалдақтар құ­рамақ. Сондықтан керекулік гүл биз­не­сінің келешегі зор деп сенім­мен айтуға болар.

Ақтоғай ауданының әкімі Қар­шыға Арыновтың айтуын­ша, мұндай кәсіпорындар өңір экономикасын дамытуға, жаңа жұмыс орындарын құруға ық­пал етеді. Серіктестік жылыжайды құру арқылы ауылда жа­ңа­дан 10 жұмыс орнын ашса, қа­зіргі маусымдық жұмыстарға қосымша 10 адамды тағы тартып отыр.

 

Павлодар облысы,

Ақтоғай ауданы,

Қараоба ауылы