Қоғам • 04 Наурыз, 2024

Мақсаты айқын Мұса

132 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Цифрлық дәуірде ақпараттық қауіпсіздік аса маңызды. Осы орайда технологияның тілін білетін білікті мамандар қашанда сұранысқа ие. Бұл салаға, әсіресе жастардың қызығушылы­ғы жоғары. IT-ді саналы түрде таңдап, сапалы маманға айналып жатқандар бар. Әңгімемізге арқау болып отырған сондай жастың бірі – Мұса Төлеу.

Мақсаты айқын Мұса

Мұса қазір Павлодарда­ғы Ақпараттық технология­лар колледжінің соңғы курсын­да оқиды. Ол оқуын тәмам­дағаннан кейін немен айналысатынын жақсы біледі. Қазірдің өзінде Астанадағы бір компанияға барып, сұхбат­тасудан сәтті өтіп, ақпан айынан бастап жаздың соңы­­на дейін жұмыс істеуге мүмкін­дік алған. Бұл – колледждегі дуалды оқыту жүйесінің арқа­сында жүзеге асқан ресми та­ғы­лымдама. Онда білім алу­шы­лар тәжірибеден өтіп қана қоймай, еңбек етіп қаржы да таба алады. Бұған қоса ол елі­міздегі белді жоғары оқу орын­дарының біріне рек­тор грантын ұтып алған. Осы­лай­ша, келесі оқу жылында білі­мін Қ.Сәтбаев атындағы Қа­зақ ұлттық техникалық зерт­теу университетінде жалғас­тырмақшы. Академиялық бі­лімін толықтырғаннан кейін де оның келесі қадамы айқын.

Өзі таңдаған салада тала­бы мен талпынысы биік Мұса секілді жастар көпке үлгі. Өкінішке қарай, қазіргі та­лап­­­керлердің дені ұлттық бір­ың­ғай тестілеуде жиған ұпайы кез келген мамандық бойынша грантқа жетсе соны таңдайды. Білмей бар­ған оқуын бітірген соң ғана «не істеймін» деп ойлана бастайды. Оған қызығушы­лы­ғы болмағаннан кейін дип­ломдағы мамандығымен жұ­мыс істемейтіні белгілі. Ал Мұса таңдауына нық сенім­ді. Алған білімі бойынша бола­шаққа нақты жоспары бар. Айтпақшы, алғашында ол заң­­гер болғысы келген екен. 9-сыныпты бітіргеннен кейін 10-сыныпқа қалмай, колледжде оқуға шешім қабылдай­ды. Мектепте үлгерімі жақсы болған ол еш қиындықсыз оқу­ға да түседі. «Маған заңгер ма­ман­дығы беделді, сенімді әрі жалақысы жоғары мамандық болып көрінді. Сондықтан осы сала бойынша Павлодар мем­лекеттік университетінің кол­леджінде оқуды таңдадым. Ба­сында, бірінші курста өз таң­дауымның дұрыс екеніне күмән келтірмедім. Бірақ арна­йы пәндер басталған кезде ұнамайтынын түсіндім. Содан кейін шешімімді өзгертіп, ма­мандығымды ауыстырдым», дейді ол.

Оның айтуынша, дәл осы колледжде оқыған кезең өзі­не не қажет екенін, өзін қай салада көргісі келетінін түсі­нуге көп көмектескен. Кейіп­керіміз ата-анасы мен ата-әже­сінің үмітін ақтағысы келе­тінін айтады. Өйткені олар білімді азамат болудың маңы­зын балаларының құлағына құйып өсірген әрі жақсы білім алуы үшін барлық жағдайды жа­саған. Әке-шешесі Мұса жақ­сы мектепте оқысын деп оны туған ауылы Кемеңгерден Пав­лодарға жібереді. Ол мек­теп кезінен-ақ физика, ма­тематика, информатика, ағыл­шын тілі пәндерін жақ­сы оқы­ған. Ал 12 жасында сый­лық­қа алған планшеті за­ма­науи технологияға деген қы­зығушылығын арттыра түсті. Әрине, бала болған соң, әуелі, ойындарға қалай тегін қол жет­кізуге болатынын зертте­ген. «Кейбір қолданбалар мен қыз­меттердің қорғанысы өте күрделі, ал кейбіреулері өте әл­сіз», дейді ол. Уақыт өте ке­­ле оқушыны дәл осы кибер­қа­уіпсіздік мәселелері ерекше қы­зықтырған. Сөйтіп, мектепте роботтехника үйірмесіне ба­рады. Содан кейін де ол тех­но­логиялық мамандықты таң­даған.

Мұса Ақпараттық технологиялар колледжіне ауысқан соң осы бағытты жаны қалай­ты­нын бірден түсінген. Оның айтуынша, таңдау жасағанда мамандықтың беделін емес, адам өз жан қалауын, не нәр­сеге қызығатынын, не істегісі келетінін ескеруі керек. Со­ны­мен қатар ол колледжде сту­денттердің теориялық ба­за­ны ғана емес, алған білі­мін іс жүзінде қалай қолдану керектігін үйретуге көп кө­ңіл бөлетінін ерекше атап өт­ті. Оның пайымдауын­ша, тәжірибе жүзінде үйренген­дері түрлі жарыстарға қаты­сып, жүлделі орындарға ие болуына ықпал еткен. Та­лап­ты жас WorldSkills, BRICS, DigitalSkills сынды ха­лықаралық жарыс­тар­да жеңіске жетіп, чемпион атанған. Ал мұндай са­йыс­тарда бәсекелестік үне­мі жо­ғары болатыны бел­гілі. Мұса­ның тәлімгері Ста­нислав Кры­жановский оған жа­рыс­тар­ға дайындалуға көмек­тесіп, әр­дайым жан-жақты қолдау көрсетіп отырған.

Айтпақшы, университет­ті бітіргеннен кейін ол өзінің туған ауылындағы мектепте кемінде үш жыл мұғалім болып жұмыс істеуге міндетті. Мұса бұл жауапкершілік­тен де еш қашпайды. Керісін­ше, колледжде көп нәрсені біліп шыққаннан кейін, сол үй­ренгенін өзгелерге де үйретуді құп көреді.