Инфографика • 29 Ақпан, 2024

Білім саласын үйлестіретін заң

119 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру және балалардың қауіпсіздігі мәселелері туралы заңға қол қойды. Құжаттағы негізгі жаңа­шыл­дық қандай, бұл салада енді не өзгереді?

Білім саласын үйлестіретін заң

Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

Әр мектептің лицензиясы болуға тиіс

Балалардың қауіпсіздігіне қатысты қо­ғамда резонанс тудыратын мәселелер жиілеп кетті. Әрине, оның барлығын назар­да ұстап, ретке келтіру үшін тәртіп керек. Заңды түрде қадағаланып, талаптар қойылуға тиіс. Осы орайда Парламент Мәжілісі Әлеуметтік-мәдени даму коми­тетінің бас­тамасымен білім беру және балалардың қауіпсіздігі мәселелері бойынша заң жобасы әзірленген еді. Президент жақында заңға қол қойды.

Білім сапасын жақсарту білім беру бағ­дарламаларын реттеумен ғана шек­телмейді. Оқушыға қолайлы орта қа­лып­тастыру, қауіпсіздігін қамтамасыз ету, инфрақұрылымды жетілдіру, білім беру жүйесін құрудағы күрделі мәселелерді жеңілдету, орын тапшылығын жою, артық жүктемелерді азайту, жемқорлықтың алдын алу сынды мәселелерді шешу де маңызды рөл ойнайды.

Аталған факторлардың барлығы дер­лігі біздің қоғамда өзекті. Мысалы, биыл­ғы оқу жылында республика бойынша 27­0 мың оқушыға орын жетіспеген еді. Жаңа мектептердің салынып, қолданысқа бері­лу қарқыны миграциялық және демо­гра­­фиялық өсімге ілесе алмай келеді. Жа­ңа қабылданған заңға сәйкес мектептер мен балабақшаларды қамтамасыз ет­­пе­йінше, көпқабатты үйлер салуға бол­майды.

Сондай-ақ заң аясында мемлекеттік мектептер мен колледждерді жекеше­лендіруге тыйым салынды. «Өзгертулер мен толықтырулардың ішінде білім беру нысандарын жекеменшікке беруге тыйым салатын норма бар. Бұл өте маңызды норма. Сәйкесінше, енді барлық мемлекеттік мектеп пен колледж мекемесі жекешелендірілмейді, дейді Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов. Мұның мемлекеттік мектепке ғана қатысы ба­рын айта кеткен жөн. Яғни бизнес өкіл­дері өздері жекеменшік мектеп сала алады. Оған еш кедергі жоқ. Алайда ли­цен­зия алу жағы бұрынғыдай болмайды. Бұған дейін мектеп иелері бірінші меке­меге лицензия алып, соны кейін ашылғандарына да пайдаланып келген еді. Ендігі өзгерістерге сәйкес әрбір мек­тептің өз лицензиясы болуға тиіс. «Білім беру ұйымдарын лицензиялау бо­йынша жаңа нормалар ұсынылды. Біз қала­лардағы бір заңды тұлғаның 5 мектеп ашып, бірақ бірінші мектепке ғана лицензия алып, қалғандары сол лицензия бойынша жұмыс істеп жүргендеріне куә болудамыз. Сондықтан, әрбір білім беру ұйымына бөлек лицензия алу, яғни әрқайсысына қажетті жағдай жасау бо­йынша норма енгізілді», деді депутат.

Заңдағы жаңа өзгеріс­тер­ге сай, кол­ледж­дер мен мектептер ақылы қыз­мет­терден түскен табысты өз дамуына жұмсауға құқылы.

 

Қауіпсіздік қадағаланады

Ұлттық статистика бюросының дере­гінше, елімізде 7 687 жалпы білім беру меке­месі бар. Оның ішінде 52 мектеп – апаттық жағдайда, 300-ден астамы заманауи талаптарға сай келмейді. Негі­зінде жыл сайын әрбір мемлекеттік мек­тепке республикалық бюджеттен қаржы қарастырылады. Бұл ақшаны білім беру мекемелері сапалы білімге қол­жетімділікті қамтамасыз ету, орта білім беруді жаңарту мен мұғалімдерді даяр­лау сынды шығындарға жұмсайды. Алай­да барлық мектеп бірдей жағдайда емес. Әсіресе ауылдық жерлерде меке­ме­нің жабдықталуы жағынан кемшілік көп. Сыныптар, спорттық жабдықтар үнемі жетіспейді. Тіпті химия, физи­ка немесе биология сияқты сабақ­тар­ды айтпағанда, жаттығу залы жоқ мек­тептер бар. PISA зерттеуінше, мек­теп­тердің материалдық-техникалық жаб­дықталу деңгейі оқушылардың білім жетіс­тіктеріне тікелей әсер етеді. Осы­ған­ байланысты жаңа заң бойынша 30 жыл­дан астам пайдаланылған мектеп, бала­бақ­ша және колледж ғимараттары әр 5 жыл сайын апаттылық қаупі бойын­ша тек­сері­летін болады. Сондай-ақ қауіп­сіз­дік талаптары күшейтіліп, көпқабатты ғима­раттардың терезелері арнайы қауіпсіздік механизмдерімен немесе құлыптармен жабдықталуы міндеттелді.

 

Басшылыққа берілетін басымдық

Заңда тағы бір ерекше өзгеріс бар. Ол білім беру ұйымдары басшыларының бекітілген штат саны шеңберінде штат кестесін өзгерту құқығына қатысты. Енді директорлар қажет маманды тиімсіз кадр­ды алмастыру арқылы штат кестесіне сай қабылдай алады. «Келесі бағыт – білім беру ұйымдарының еркіндігін кеңейту. Бүгін білім беру ұйымдары үшін типтік штаттар бекітілген, яғни сыныптардың санына байланысты мекемеде осыншама орынбасар, есепші болу керек деп бекітіледі. Бірақ мекеме басшысында осы штат­тарды тиімді пайдалану үшін қажет­тілігі жоқ лауазымды, керегіне алмас­тыруға дербестігі жоқ. Сондықтан заң жобасында бекітілген штат санының шең­берінде, штат кестесінің лауазымдарын ауыстыру құқығы беріледі. Ол қалай жұмыс істейді? Мысалы, типтік штат­қа байланысты мектеп директорында 7 орынбасары болу керек болса, ол орынбасарларының санын азайтып, мысалы 4 орынбасарды қалдырып, үшеуі­нің орнына психолог, әлеуметтік педа­гог немесе заңгер сияқты қажетті қыз­меткерлерінің лауазымдарын енгізе алады. Білім бөлімімен штат кестесін келіскенде мұны жылына бір рет жүзеге асыра алатын болады», деп түсіндірді А.Айма­ғамбетов.

Ал Республикалық физика-математика мек­тебі немесе Білім инновация лицейі сияқ­ты желі­лік мектептерге қатысты, олар­ға арнайы басты ұйымға барлық қызметті үйлес­­ті­руге, жалпы бағдарламаны енгі­зу­ге, кадр­ларды бас­қаруға, біліктілікті арт­ты­­руға мүмкіндік беретін нормалар бар.

Заң жобасында әкімдіктердің жауап­кер­­шілігін бекіту туралы да бірнеше нор­ма­­лар қарастырылған. Асхат Айма­­ғам­­­­­­­­бе­тов­тің айтуынша, қазіргі кезде бала­бақ­ша­ларды, мектептерді, колледж­дерді бас­қару, тағайындау, қаржы­ландыру және әкім­шілендіру мәселе­лері әкімдіктердің қо­лында. Сәйке­сін­ше, әкімдіктердің білім са­па­сын қам­та­масыз ету жауапкершілігі заңмен бекі­тілді.

 

Орынсыз олқылықтар реттеледі

Елімізде лицейлер мен гимназияларға 1-сыныпқа қабылдану үшін емтихан тапсыру міндетті болатын. Енді бұл ереже өзге­реді. Шынымен алты жастағы бала­ны емтиханмен іріктеу тиімсіз. Сон­дық­тан бірін­ші сыныпқа қабылдау үшін емти­хан өткізуге заңмен тыйым салынды. «Бірін­шіден, бұл норма дайындық дең­ге­йіне қарамастан, мектепке қабылдау ке­зінде балаға қойылатын шектеулерді алып тастайды. Бастапқы білімді игеруге, танымдық қабілеттер мен әлеуметтік қа­рым-қатынас дағдыларын дамытуға тең мүм­кіндіктерге қолжетімділікті қам­т­а­­масыз етеді. Екіншіден, психоло­гия­лық күйзеліс, жағымсыз тәжірибе жо­­йылады. Өйткені емтихан баланың пси­хо­­эмоционалдық жағдайын нашарлатуы, денсаулығына теріс әсер етуі мүм­­к­­ін. Сонымен бірге ата-аналар енді сы­­нақ нәтижесін күтіп уайымдамайды әрі балаларды мектепке қабылдау рәсі­мі­­нің қоғамдық резонансы болмайды. Бұл өзгерістер алдағы оқу жылында 1-сы­ныпқа қабылдағанда енгізіледі», де­ді Оқу-ағарту министрлігі Орта бі­лім­ комитетінің төрағасы Қаныбек Жұма­шев.

Білім беру саласында жемқорлық дендеп кеткені белгілі. Мектеп дирек­тор­ла­рының, есепшілерінің, білім басқармасы қызметкерлерінің былықтары әшкере болғаны туралы ақпараттарды жиі көзіміз шалады. Мамандар тарапынан ақша бермесең, жұмысқа алмайды дейтін пікірлерді де көп естиміз. Енді заңға сәйкес жемқорлықты азайту мақсатында баланы кезекке қою, балабақшаға орналастыру, сондай-ақ білім саласы қызметкерлерін жұмысқа қабылдау, аттестаттау үрдістері бірыңғай ақпараттық платформа арқылы жүзеге асырылады.

Оқу-ағарту министрлігі балаларға қауіп төндіретін негізгі себептердің бірі ретінде әлеуметтік желінің теріс әсерін атап көрсетіпті. Расында қазір білім алушылардың әртүрлі ақпаратқа сеніп, алданып қалуы оңай. Интернеттің жасөспірімдердің сана-сезімін қалып­тастыруға айтарлықтай әсер етіп жатқа­нын көріп те жүрміз. Сондықтан заң білім беру ұйымдарында діни және басқа зиянды ақпараттың таралуына жол берілмеуге бағытталған нормамен толықтырылған.

Сонымен қатар қоғамда қызу талқы­ланған сабақ кезінде ұялы телефондарды пайдалануды шектеу туралы шешім де жобаға енгізілді. Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, норма тек сабақ кезіндегі шектеулерге қатысты. Бала телефонын мектепке әкеліп, үзіліс кезінде пайдалана алады. Бұл тұрғыда ешқандай шектеу жоқ. Сабақ кезінде білім алушы тек оқуға көңіл бөлуі керек.

Бұған қоса девиантты мінез-құлқы немесе мектепішілік есепте тұрған бала­ларды қосымша біліммен проактивті түрде ата-аналарының өтінішін күтпей-ақ секциялар мен үйірмелерге қабылдау туралы норма қабылданды.

 

Колледжде не өзгереді?

Қабылданған заңда колледждерге де қатысты жаңа нормалар бар. Атап айтсақ, дуалды жүйе бойынша білім алушыларды өндірістік кәсіпорындарда практикадан өту кезінде ықтимал өндірістік жарақаттардан және тәуекелдерден ерікті негізде сақтандыру құқығын беретін норма қабылданды. Колледждерді лицензиялауды жеңілдету бойынша да норма енгізілді. Енді лицензия біліктілік бойынша емес, жалпы мамандықтар бо­йынша беріледі.

Сонымен қатар заңда жоғары оқу орын­дарына дипломмен қоса, түлекке алған құзыреттіліктері туралы қосым­шаны беру құқығы қарастырылған.

«Біз­дің колледждер мен универси­тет­тер оқуды аяқтаған студенттерге дип­лом мен әр пән бойынша бағалары көр­­сетілген қосымша ақпаратты береді. Бірақ ол бүгінгі таңда жеткіліксіз ақпарат. Осы­­ған орай, қазір берілетін диплом мен транс­криптке қоса, арнайы оқу барысында игерген нақты құзыреттіліктері мен дағдылары туралы ақпарат беретін құ­жат беру құзыреттілігі де жобада қарас­ты­рылып отыр», деді Мәжіліс депутаты А.Айма­ғамбетов.

Технологиялардың дамуына байланысты онлайн оқу форматы тәжірибеге енгізіле бастады. Дегенмен зерттеулерге сүйенсек, педагогикалық, медициналық, фармацевтикалық мамандықтар бо­йынша онлайн білім алудың қаупі бар. Сондықтан заңда колледждер мен университеттерде педагогикалық және меди­ци­налық мамандықтар бойынша қашық­тық­тан білім алуға тыйым салынды.

Заң жобасына енгізілген өзгертулер мен то­лық­тырулар қоғамдағы қорда­лан­ған мәсе­лелерден туып, қабылданып отыр. Мә­­жіліс депуттатары Үкімет отыры­сында күн тәртібіне қойып, қоз­ға­ған кейбір про­бле­­малар заң жүзінде осы­лай шешімін тапты.