Ғылым • 29 Ақпан, 2024

Күкіртті цемент

53 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Utebayev university ғалымдары «Техникалық күкірт негі­зін­де тұтастырғыш материал алу» жобасын қолға алды. Соның нәтижесінде Атырау мұнай өңдеу зауытынан шық­қан техникалық қалдық күкірттен экономикалық және эколо­гия­лық тұрғыда тиімді күкіртті цемент алынады.

Күкіртті цемент

Utebayev university оқы­тушысы, техника ғылым­да­рының магистрі Әсем Иман­ғалие­ваның ғылыми зерттеу бағыты – қалдықсыз химиялық технологияны жасап шығу. Жас ғалым әлемдік тәжірибелерге сүйене отырып, Атырау мұнай өңдеу зауытының күкіртін, мазут пен кварц топырағын пайдалану арқылы құрылыс индустрия­сына қажет материал­ жасау жобасын қолға алды. Тұтастырғыш материалдың артықшылығы көп, ең бастысы, сапа мен қауіпсіздік стандарттарына сай болуы үшін жас ғалым қазір жобасын әлі де жетілдіруді мақсат еткен.

Мұнай құрамындағы күкірт­тің қоршаған ортаға кері әсері ғалымдардың алаңдаушылығын тудырып отыр. Өндірістік кәсіп­орындардан шығатын тех­ни­ка­лық күкірт сақтауды, тасы­мал­дауды және қайта өң­деуді қажет ететіндіктен қосым­ша шығындар да болатыны анық. Сондықтан техни­ка­лық қалдықтардан түрлі мате­риал  алу арқылы бұл олқы­лық­тың орнын толтыруға болады.

Зерттеуші Әсем Иманға­лие­ваның айтуынша, мұнай мен газды өңдегенде көп мөл­шерде күкірт түзіледі. Көп­теген қалдықтың ішінде осы күкірттің зияны көп. Ол ауада бос жатса, тотығып күкірт диоксидін түзеді. Әрі қышқыл жаңбырдың түзілуіне бірден-бір себеп. Ал қышқыл жаңбыр өсімдіктердің өсуіне, су эко жүйелеріне, архитектуралық ескерткіштерге, ғимараттарға залал келтіреді. Күкіртті жерге көму де, жер бетін де ашық сақтау да зиян. Сондықтан бұл мәселені шешудің ең тиімді жолы – оны өндіріске енгізіп, пайдасын көру.

«Атырау облысындағы ең үлкен мәселелердің бірі – техни­калық қалдық күкірт. Менделеев айтқандай, химия­да қалдық жоқ, тек пайдаға аспаған шикізат қана бар. Сондықтан дәл солай осы қалдық күкіртті де кәдеге жаратуға әбден болады. Одан неше түрлі пайдалы өнім ала аламыз. Соның бірі – күкірттен тұтастырғыш материалдар алу. Яғни одан цемент, бетон сияқ­ты әртүрлі қосылысты жасай­мыз. Құрамында күкірт тұтас­тырғышы бар материалдар күнделікті қолданыстағы мате­риалдарға қарағанда сапасы жақ­сырақ әрі экологиялық тұрғыдан да, экономикалық жағынан да тиімді», дейді зерт­теуші.

Күкіртті цементті алу үшін Атырау мұнай өңдеу зауыты күкіртті өндіру қондырғысынан шыққан техникалық күкіртті қолданған. Алынған күкіртті цемент бірнеше артықшылыққа ие. Біріншіден, ол жоғары эксплутациялық қасиетке ие. Екіншіден, күкіртті цемент технологиясы жеңіл, энергияны аз қажет етеді. Үшіншіден, экологиялық тұрғыдан тиімді. Төртіншіден, суды қажет етпейді. Бесіншіден, ол арнаулы құрылысқа, бассейн, көпір салуға тиімді инновациялық құрылыс материалы. Алтын­шыдан, отандық өнім.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек те бұл жобаның маңызын атап өтіп, министрлік қашанда мұндай ғылыми бастамаларға қолдау білдіруге әзір екенін жеткізді. «Біз осындай іргелі зерттеулерге көбірек көңіл бөлсек, асығымыз әрдайым алшысынан түсетініне кеміл сенемін», деді ол.