Саясат • 27 Ақпан, 2024

Нәтижелі сапар

87 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қытайда Қазақстанның мәдени орталығы ашылады. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Бейжіңге жұмыс сапары аясында ҚХР Мәдениет және туризм министрі Сунь Елимен кездесіп, жобаның жай-жапсарын талқылады. Бастама қызметі музей, кітапхана ісі, музыка және кино өнері, тіл үйрету сынды бағыттарға екпін береді деп жоспарланып отыр.

Нәтижелі сапар

Бүгінде Қазақстан мен Қытай арасындағы достық, татулық және ұзақмерзімді стратегиялық әріптестік қарым-қатынас белсенді дамып келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР-ға ресми сапары аясында Си Цзиньпин­мен кездесіп, 2022 жылы екі елге ортақ мәдени орталық­тар құру туралы келісімге қол жеткізді. Елдер арасын­дағы мәдени диалогті дамытудағы бұл маңызды қадам мәде­ниет пен өнер саласындағы ын­ты­мақтастықты нығайтатыны анық.

«Қытай мен Қазақстан – ұзақ уақыттан бері стратегиялық одақтас, сондай-ақ барлық сала бойынша тығыз қарым-қатынас орнатқан серіктес. Бүгінгі кездесу екі ел арасындағы татулық­ты одан әрі нығайтуға және өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға берік негіз болды. Біз өз тарапымыздан орталықтың ашылуына қатысты барлық мәселені жедел шешуде барынша қолдау көрсетеміз», деді Сунь Ели.

Сапар барысында Қытай­дағы Қазақстан орта­лығы­ның мазмұндық тұжы­рымдамасы әзірленіп, ғимарат таңдау­ға қатысты ұйымдастырушы­лық мәселелер мен құқық­тық аспектілер пысықтал­ды. Сондай-ақ министр­лер мәдениет саласындағы келі­сімдерге қол қою арқылы бірлескен жұмысты күшейтуді көздейді. Екі ведомствоның одан әрі байланысын арттыру үшін театр және концерт­тік ұжымдар арасындағы гастрольдер, көрмелер мен классикалық әдебиет туындыларын өзара аудару, басып шығару және тағы басқа жобалар қарастырылған.

А.Балаева Қазақстан үшін Қытайдан мұрағат материал­дары мен мәдени мұраны қайтарудың маңызына тоқ­талды. Оған қоса цирк өнері мен хореография саласындағы студенттер мен оқытушыларға арналған ҚХР мамандары­ның шеберлік сыныптарын өт­кізу, кинематография бойынша гранттар бөлу, музей ісі саласында тәжірибе алмасу және тарихи-мәдени мұраны сақтау, реставрациялау өзекті екенін атап өтті.

Жұмыс сапары барысында министр ҚХР радио және теледидар істері жөнін­дегі Мем­лекеттік басқарма басшысы Цао Шуминмен де жүздесті. 

«Қазақстан-Қытай серік­тес­­тігі барлық салада жақ­сы қарқынмен дамып келе­ді. Екі елдің телеарналары бірқатар бірлескен жобаны жүзеге асырды. Біз жаңа форматта контент жасау арқылы микросериалдар мен елдер туралы бейнероликтер түсіріп, олар­ды теледидарға тарату бағы­тындағы жұмысты күшейтуді ұсынамыз», деді Цао Шумин.

Отырыста Аида Балаева ҚХР телеарналарында көр­кем, деректі, анимациялық фильмдердің ротациялануы­на қолдау сұрады. Соны­мен қатар бірлескен сериал, Қазақстанның көрікті жерлері мен мәдени нысандары туралы роликтер түсіруде көмектесуге әзір екенін айтты. Ізінше министр хабар тарату ауқымы бойынша әлем­дегі ең ірі БАҚ-та көрсетілетін Қытайдың телевизиялық шоу­ларына отандық мәдениет өкілдерінің қатысуына ерекше қызығушылық танытатынын құлағдар етті.

Ал А.Балаеваның ҚХР «Global China Media Corpo­ration» ірі медиа корпора­ция­сының бас директоры Шэнь Хайсюнмен кездесуінде қытайлық тарап екі елдің мә­дени мұрасы мен мәдени құн­дылықтарын насихаттауға бағыт­талған деректі фильм­дер шығару туралы келісім жасау­ды ұсынды. ҚХР Ұлт­тар істері жөніндегі Мемлекет­тік ко­митет төрағасы Пан Юэмен жүздесуде министр Қазақ­­стан тарихында алғаш рет құрылған көпұлтты «Бір­лік» ән-би ансамблінің Бей­жіңге гастрольдік сапарын ұйымдастыруды қозғады.

Мәдениет және ақпарат министрінің Бейжіңге жұ­мыс сапарында Қытай Үлкен театрының директоры Ван Нинмен кездесіп, тараптар екі елдің театр өнерін дамыту мәселелерін талқылады. Қазақ­стандық делегация «Үлкен қызыл арман» қойылымын тама­шалап, биік эстетикалық деңгейде қойылған би драмасы­нан ерекше әсер алды. Айта кетейік, Наурыз мейрамы қар­саңында Қытай радиостансаларында қазақ күйлері беріледі.