Сұхбат • 28 Ақпан, 2024

Оң өзгеріске бағытталған қадам

161 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Президенттік жастар кадр резервінің форумында жас мамандарға зор жауапкершілік жүктелетінін, олардың негізгі мақсаты мемлекет мүддесі болуға тиіс екенін айтты. «Сіздер туған елге, Отанға қызмет етуге дайын болуларыңыз қажет. Өйткені күрделі заманға тап келіп тұрмыз. Көп қиындықты бастан өткеріп жатырмыз», деген Қасым-Жомарт Тоқаев сөзінің салмағын резервтегі жастар қаншалықты сезіне алды? Осы және жиында көтерілген өзге де маңызды сұрақтар жөнінде ой-пікірін білу үшін әлеуметтік жобаның игілігін көргендердің бірі – Олжас БЕЙСЕНБАЕВТЫ әңгімеге тартқан едік.

Оң өзгеріске бағытталған қадам

– Олжас Түсіпбекұлы, алды­мен жастарға арналған біре­гей жобаның талап-ере­же­сіне тоқталсақ. Қалай тап­сыр­ды­ңыз? Қазір қай салада қыз­мет етіп жатырсыз?

– Бұл – 2019 жылы Президент бастамасымен іске қосылған жоба. Жастардың қоғам игілігіне жұмыс істеуіне арналған әлеуметтік лифт деп қарауға болады. Қоғамда жас­тар кадрлық резервін «өзгерістер агенті» деп қабылдайтындар аз емес. Резервшілерді мыңдаған жүйрік­тің арасынан әділетті және ашық түрде іріктеп алу да оңай емес. Бәсеке биік. Ойы ұшқыр, озық білімді, дарынды замандас көп. Сондықтан Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы ірік­теудің бірнеше сатысын бекітті. Біз 2021 жылғы екінші лекпен іріктелген 50 резервшінің қатарынан көріндік. Іріктеу барысында вербалды және цифрлық мәтіннен тұратын логикалық тапсырма берілді. Екінші кезеңде әркім таңдап алған саласына байланысты онлайн түрде эссе жазды. Мәтін­нің құрылымына, мазмұнына, ондағы ұсынымдарға көңіл ауда­рылды. Тапсыру барысы прокторинг жүйесі арқылы қатаң бақыланып отырды. Үшінші ретте біз академиядағы «Ассессмент орталықта» кейстерді шешуге, топтық талқылауға қатыстық. Бұл тапсырмалар өте күрделі және қызық. Одан кейін кәсіби НR маманмен өткен тереңдетілген сұхбатта жеке тәжірибеміз туралы жан-жақты баяндап бердік. 2021 жылға дейін ғылыми зерттеу, талдау саласында жүргендіктен, мемлекеттік қызметте тәжірибем болмады. Алайда мың жүйріктің арасынан оза шабу үшін жобаға үлкен дайындықпен келдім. Шәкәрімнің «Адамдық борышың – халқыңа еңбек қыл, Ақ жолдан айнымай, ар сақта, соны біл» деген сөзін ту қылып ұстанамын. Қазір Қазақстандық қоғамдық даму институтында басқарма төрағасының орынбасары болып қызмет етемін. Отбасы және гендер саясаты, қоғамдағы үрдістерді сараптап, әлеуметтік зерттеу­лер өткіземіз. Институтта жұмысымды сарапшы-менеджер болып бастап, басқарма басшысына көтерілдім. Мұның барлығы тек кадрлық резервтің мүшесі болғандықтан емес, осындағы нақты жұмыс нәтижелерімен байланысты.

– Ережеге сәйкес, кадрлық резервке іріктеуде мемлекеттік тіл­ді білу мін­деті қойылған. Алай­да құрамда мем­лекеттік тіл­ге шорқақ жастардың бар еке­нін байқадық. Бұл жайында не айтар едіңіз?

– Мемлекеттік тілді В1 дең­гейінде білу шарты бар. Топтағы талқыда, жеке сұхбатта әрбір қаты­су­шының тілді еркін таңдауына мүм­кіндік беріледі. Бүгінге дейін іріктелген 400 резервшінің арасында әртүрлі этнос өкілі, әр саладан келген маман бар. Әрине, қоғам­мен ашық жұмыс істеп жүр­ген, ғылыми мақала жазып, жоға­ры оқу орнында тәжірибесі бар азаматтар мемлекеттік тілде ер­кін сөйлейді. Бірақ жеке сектор­дан, ақпараттық технология, биз­нес, өндіріс саласынан келген мамандардың кәсіби деңгейі жоға­ры болғанымен, мемлекеттік тілді білу деңгейі орташа болып жат­қаны рас. Бірақ бұл азаматтар өз саласында әлдеқайда көп үлес қоса алады деп сенемін. Ал енді қоғаммен етене жұмыс істей­тін, әсіресе министрліктер мен об­лыс әкімдікте­ріне қызметке ке­ле­тін резервшілер мемле­кет­тік тілде еркін сөйлеуі мін­детті деп есептеймін. Өзім қиыр­дағы ауыл мектебінде, кейін жоға­ры­ оқу орнында да қазақша бі­лім алғандықтан, қиындық б­ол­ған жоқ. Мемлекеттік тіл ұлт­тық бірегейлікті күшейтіп, қоғам­ның барлық саласында қол­даныс­қа енуі керек. Оған демо­гра­фия­лық өсім, жаңа мазмұн қалып­тас­ты­ру­ға деген ұмтылыс, тіпті медиа-ин­дус­трия үлкен серпіліс тудырып отыр.

Е

– Форумда «командамен көшу» үрдісі, қағазбастылық мәсе­лелері ашық айтылды. Мем­лекеттік басқару жүйе­сіне сіз қандай жаңашылдық әке­лу­ді­ жоспарлап отырсыз?

– Біріншіден, Президент ре­зерв­­­­­ші­лер­ді мемлекетке қалт­қы­сыз қызмет етуге шақыр­ды. Мем­ле­кеттік қызмет ба­рынша ашық бо­луы үшін ешкімнің құ­қығын шек­темей, мүмкіндігі шек­теулі аза­­маттарды, әйелдерді, жас­тарды мем­­ле­кеттік басқару саласына көбі­рек тар­туы­мыз керек деген мін­дет жүктеді. Ға­лым­­дар, сарапшылар, жеке сектор­дың өкілдері мем­ле­кет ісіне қо­сым­ша импульс береді.

Екіншіден, жаңа мамандарды тарта отырып, меритократияның қазығын мықтап қағуымыз керек. Жастар кадр­лық резерві – мемлекеттегі барлық мәселені шешетін жалғыз жол, құрал емес. Оның бір бағыты деп қарастыру қажет. Біз мекемелерде бірнеше жыл жұмыс істеп келе жатқан тәжірибесі бар маман­дар­дың да сатылы түрде өсуін естен шы­ғар­мауымыз керек. Бұл – меритократия қағи­даты. Осы ретте Президент жылдар бойы жауыр болған бюрократияға, қағаз­бастылыққа үзілді-кесілді тосқауыл қоя­тын уақыт жеткенін, сонымен қоса ко­ман­далық ауы­су­ мәселесіне де назар аудар­ды. Қағазбастылықтан құтылу үшін цифр­лық шешімдерге мән беруіміз қажет. Мәсе­лен, біз өңірлердегі әкім­дік­тердің бюд­­жетін цифрландырып, оны ашық етсек, қызметшілердің жұмыс жүктемесін 25 па­йыз­ға дейін қысқартуға мүмкіндік туады.

Командалардың ауысуына келер болсақ, ауыс-түйістің тұсын­да көп маманның жұмыстан шы­ғып қалатынын байқаймыз. Ол мем­ле­кеттік бағдарламаның, жоба-жоспардың уақтылы және сапалы орындалуына жанама түрде әсер етеді. Қандай да бір маман өз міндеттерін, КРІ-ын орындап келсе, жұмысын жалғастырғаны бірінші кезекте мемлекет үшін маңызды. Облыс әкімі немесе министрдің де жұмысына желідегі пікірлер емес, нақты индикатор, көр­сет­кішке қарай, мәселен ұжым­дағы кадрлық ауыс-түйіс, сыбай­лас жем­қорлық фактілері, эти­ка­лық норманың сақталуы, ха­лық­пен ашық кездесулер сияқты фак­тор­ларға қарай баға берілуі керек деп есеп­теймін. Ал «команда» деген ұғым­ның да мағынасын нақты анық­тап, бірінші басшы ауысқан жағ­дайда қандай маманды алуы­на­ болатынын бекітіп алуы­мыз қа­жет.

Үшіншіден, азаматтық біре­гей­лік пен ұлттық консолидация­ны нығайту үшін қоғамдағы ең маңызды деген құндылықтарды алға тартуға тиіспіз. Бос мақ­тан­ды, жағымпаздықты, жең ұшынан жалғасқан жемқорлықты, зор­лық-зомбылықты, адамның қа­дір-қасиетін қорлауды қабыл­дамайтын, тосқауыл қоятын қоғамдық мәдениет орнату маңызды. Біз өзіміз туралы қандай нарратив қозғасақ, сондай ұлт болып дамимыз. Бұл жерде «ұлтты» әлдеқайда кең мағынасында айтып отырмын. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» болуы үшін халыққа адал, ашық, еңбекққор, кәсіби, заң мен тәртіпті алға тартатын мамандар мемлекеттік қызметте болуға тиіс. Бұл қатарды, жастар кадр резервінің өкілдері де толықтырып келеді.

К

– Сіздің ойыңызша, мем­лекеттік аппа­раттың жаңа буы­ны елдегі әлеу­меттік-эко­но­микалық жағдайдың жақ­­са­руына қалай әсер ете алады?

– Былтыр Президент Ұлт­тық құрыл­тайда ғылыми инс­ти­туттардың зерт­теулеріне зейін қоюды тапсырды. Күнделікті күн тәртібіне қалқып шыққан мәселенің, ақпарат ағынының соңынан қуаламай, алдын ала тыңғылықты әлеу­меттік зерттеу, сарапшылардың те­рең талдауына қарай саяси ше­шім қабылдаған маңызды. Біз институттың қызметінде мем­лекеттік бағдар­ламаларға, әлеу­меттік пробле­ма­­­ларға қатысты көз­қарас­ты ұдайы зерттеп отырамыз. Оның нәтижелерін тиісті мемлекеттік орган­дарға жеткіземіз. Мәселен, бізде Отбасы және гендерлік сая­сат орталығы жұмыс істейді. Ол жерде еліміздегі отбасы инс­титутының трансформациясы, тұрмыстық зорлық-зомбылық про­блемасы, ұрпақаралық қарым-қатынас, бала тәрбиесінің өзекті сұрақтары қарастырылады. Отба­сы орта­лығы кейінгі жылдары 4 ұлттық, ­16 талдау баяндама­сын дайындап шығарды. Оның барлығы институт сай­тын­да жарияланып отырады. Жалпы, 2019 жылдан бері Қазақ­стандық қоғамдық даму инс­титуты 100-ден аса зерттеу жүргізді. Жұмысымыздың нәти­жесі – мем­­ле­кеттік шешім қабыл­дау­да зерттеу дерегін ұсыну, әрбір мемлекеттік органға, министр­лік­ке ұсыным беру, сол арқылы ғы­лымды қоғамдық-саяси салаға барынша жақындату.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Зейін ЕРҒАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»