Маман • 27 Ақпан, 2024

Көлік құрастыру саласына бейінді мамандар даярланады

283 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Көлік құрастыру өндірісінде импортқа тәуелділікті азайту мақсатында отандық өндірушілерді қолдау, бәсекелестікті арттыруға байланысты ілкімді қадамдар іске асып келеді. Алайда көлік құрастыру саласында білікті кадрлар жетіспейді.

Көлік құрастыру саласына бейінді мамандар даярланады

«Атамекен» ҰКП дерегіне сүйенсек, алдағы төрт жылда көлік құрастыру саласына 7 мыңнан астам білікті маман қажет. Осы орайда кө­лік құрастыруды дамытудың 2024–2028 жылдарға арналған кешенді жоспарында дуалды оқытуды дамыту бойынша еуропалық тәжірибені зерделеу, техникалық және кәсіптік орта білімнен кейінгі білім беруді ұйымдастыруда озық тәжірибені енгізу жөніндегі іс-шара қарастырылып отыр. Еліміздегі техникалық оқу орындарының көшбасшысы Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерт­теу университеті биылдан бас­тап дуалды оқыту мақ­сатында бейінді кадрлар ісіне басымдық бере отырып, жуыр­да Көлік инженериясы және логис­тика мектебінің оқу орта­лығын «Hyundai Trans Kazakhstan» авто­­мобиль зауытынан ашты.

Оқу орталығын құру туралы келісім өткен жылы тамыз айында кәсіпорындар арасында қол қойылған меморандумда қарастырылған. Университет ректоры Мейрам Бегентаевтың айтуынша, Ғылым және жоға­ры білім министрлігінің даму тұжырымдамасы аясында іске асқан білім бағ­дар­лама­ла­рын өндіріспен ұштас­ты­ру сту­денттерге кәсіби тә­жі­­р­и­бе­ жинауға мүмкіндік береді. Өнді­ріске бейінді маман даярлау, бірлескен зерттеу жүргізуді мақсат ете отырып, автомобиль зауытынан ашылған Көлік инженериясы және логис­тика мектебінің оқу орталығы жұмысының нәтижесі алдағы уақытта университеттің оқу үдерісіне және өндіріске енгі­зілмек. Бұған қоса аталған мектепте оқытылатын «Көлік инженериясы», «Көлік қыз­меттері», «Цифрлық логис­тика» және басқа да білім беру бағдарламалары бар. Алда­ғы уақытта «Энергия және электр­­мен қамтамасыз ету», «Көлік автоматикасы және көлікті басқару (автоматтандыру)», «Көлік құрылысы» бағыттары бойынша бағдар­ла­малар ашу көзделген.

Университет пен зауыт ара­сындағы байланысты қамта­ма­сыз ететін маман-коннектор «Көлік инженериясы» білім беру бағдарламасының басшы­сы Нұрбол Қамзановтың айтуын­ша, көлік және логистика саласына жаңа буын маман­да­рын даярлау Мемлекет бас­шы­сы­­ның Жолдауындағы көлік са­ла­­сын бәсекелестікке қабі­лет­­ті ету басымдықтарымен ты­ғыз байланысты. Өнді­ріс­тік тә­жі­­ри­бенің көлік құрас­ты­ра­тын зауытта іске асуы дуал­ды­ білім бағ­дарламасының нә­ти­желі іске асуына ықпал ете­ді. Көлік инженериясы және ло­гис­­­тика мектебінің оқу орта­лығы студенттердің көлік сала­сы­н­­­дағы теориялық білімін тәжі­­ри­бе­мен ұштастыруға мүм­кін­дік береді.

Көлік инженериясы және ло­гистика мектебі был­тыр мау­сым айында Сәт­баев уни­вер­­си­­те­тінде құрыл­ған. «Мектеп» деп аталу себебі, шетел­дер және Назар­баев универси­­те­ті тәжі­­ри­­бе­сін­дегідей «меха­ника мек­­тебі», «биология мек­тебі» сияқ­­ты бағытта жалғасын
таба­ды.

«Бүгінгі таңда көлік инже­не­риясы және логистика мек­те­бінің ұраны – өндіріске бейімді мамандар даярлау. Осыған қол жеткізу үшін біз Финляндия елінде табысты жүзеге асқан оқу жүйесінің тәжі­ри­­бесін қолдандық. Осы тәжірибе негізінде қолға алы­нған оқыту бағ­дарламасы аясында оқу орны­ның студенттері өнді­рісте бі­лі­­к­­тілігін арттыру­мен қатар, табыс табуына да мүмкіндік бар. Бұл 4-курс студенттері үшін қолайлы мүмкіндік. Мол тәжірибе жинақтап, оқу орнын бітіргеннен кейін осы кәсіпорында жұмысын жалғас­ты­ра алады. Оларға диплом алғанға дейін айына 250 мың теңге жалақы төленеді. Таяу уақытта аталған компаниямен жасал­ған келісімдер негізінде көлік құрастыру өндірісіне жоғары деңгейлі әрі кәсіби бейінді мамандар даярланатын болады», дейді Нұрбол Қамзанов.

Меморандум аясында сту­денттер ғана емес, уни­вер­­си­тет­тің профессор-оқы­ту­­шы­лар құрамын өнді­ріс­тік та­ғы­лым­дамадан өткізу көз­делген.

 

АЛМАТЫ