Қоғам • 23 Ақпан, 2024

Білімді әйелдер өз орнында жүр ме?

87 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Алматыда «Бизнестегі әйелдер» іскерлік форумы өтіп, бір алаңда еліміздің әр шалғайынан келген табысты қыз-келіншектер жиналды. Биылғы форумда бірінші рет әлеуметтік кәсіпкерлік пен қайырымдылық шаралары жеке тақырып ретінде талқыланды.

Білімді әйелдер өз орнында жүр ме?

Алматы қаласы Іскер әйелдер кеңе­сі­нің төрағасы Ақеркін Ералиева әлеуметтік кәсіпкерліктің артында өз бизнесін дамытумен қатар, ауылдың да дамуына елеулі үлес қосуға ұмтылған, ер-азаматтардан қа­лыспай тер төгіп жүрген жандар тұр­ғанын алға тартты.

Айтқандай, арулардың алқалы жиынында Қазақстан үшін өткен жыл эконо­ми­калық тұрғыдан табысты болғаны, биыл да бұл үрдіс жалғасын табатыны айтылды. Өйткені елде экономикалық өсім артып, инфляция мен базалық мөл­шер­леме төмендегендіктен, несиенің па­йызы біршама болса да азая түспек. Сондықтан кәсіпкерлікпен айналысу үшін жаңа кредит алатындар саны күрт артуы мүмкін. Мұндай болжамды Алматыда өткен Халық банкінің басқарма төрағасы жасап отыр.

па

«Даму» қорының мәліметінше, еліміз­дегі кәсіпкер әйелдер қызмет көрсету, ауыл шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібі сала­сында басым екен. Ал Dasco Consulting Group деректеріне сүйенсек, Қазақ­станда жұмыс істейтін әрбір бесінші әйел сауда-саттық саласында қызмет етеді. Олар­дың 15%-дан астамы Алматыда тұрады.

Алматы қалалық Іскер әйелдер кеңесі, «Halyk Bank» пен «Masterсard» ұйымдастырған форумға 300-ден аса әйел кәсіпкер, қоғам қайраткері, даму институттары мен ірі компаниялардың, банктердің басшылары қатысты.

«Біз іскер және кәсібін жаңа­дан бастаған әйел кәсіпкерлер үшін мазмұнды әрі пайдалы бағдарлама ұсындық. Дәстүрлі форум биыл бесінші рет өтті. Әр сессия – көшбасшылардың көзқарастарын ортаға салып, өз тәжірибесі туралы баяндайтын, белгілі бір тақырыпқа ар­нал­ған жеке блок. Бізді форумның аясы ұлғайып, оған еліміздің түкпір-түкпірінен, жақын және алыс шетелден әріптестеріміздің қатысатыны қуантады», дейді форумды ұйымдастыруға ұйытқы болған Алматы қалалық Іскер әйелдер кеңесінің төрағасы А.Ералиева.

Форумда сөз алған ҚХР Бас консулы Цзян Вэй бұл форумды қазіргідей күрделі жаһандық ахуал жағдайында өткізудің маңызы зор екенін айтып, әйелдердің құқығы мен мүмкіндіктерін кеңейту сияқты тақырыптар жөнінде пікір алмасуға ерекше екпін салды.

Өз кезегінде «Даму» қорының басқар­ма төрағасы Гауһар Бөрібаева әйел­дер кәсіп­керлігіне көрсетіліп жатқан мемле­кет­тік қолдауға тоқталды.

«Үкімет Қазақстандағы шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға үлкен көңіл бөліп отырса, соның ішінде әйелдер кәсіпкерлігін дамыту бар. «Даму» қоры қолдаған жобалардың жалпы санының 47%-ын әйел кәсіпкерлердің жобалары құрайды. Қор өз қызметіне кіріскелі бері әйел кәсіпкерлердің құны 2 893 млрд теңге болатын 96 мың жобасына қолдау көрсетті. Қазіргі таңда кәсіпкер әйелдер өз бизнес-идеяларын іске асыруда, компания­ларды дамыту мен жаңа жұмыс орындарын құруда мемлекеттік қолдауды тиімді пайдаланатыны қуантады», дейді ол.

АҚШ-тың Бас консулы Мишель Еркин әйелдердің қоғам мен экономиканың өркендеуіндегі айрықша рөлін атап өтті.

«Әйелдердің экономикалық құқығы мен мүмкіндіктерін ұлғайту – қоғамның алға жылжуында шешуші мәнге ие. Сондықтан біз әйелдерге лайықты жалақы төлей отырып, сапалы жұмыс орындарын құру арқылы экономикалық бәсекеге қабілет­тілікті арттыру мақсатында Қазақс­танмен ынтымақтасуға ниеттіміз», деді М.Еркин.

«Dasco Consulting Group» басқарушы директоры Дәрмен Сәдуақасов сауда сала­сындағы әйелдердің рөлі туралы сөз қозғады.

«Алматы қаласы сауда-саттықпен айналысатын әйелдер саны жағынан көш бастап тұрғанымен, олардың үлесі небәрі 52%-ды құрайды. Ұлытау және Қостанай облыстарында сауда секторында жұмыспен қамтылғандардың 67%-ы әйелдерге тиесілі. Дегенмен саудадағы әйелдердің ең аз үлесі Түркістан облысында, бұл өңірдегі көрсеткіш 47%-ға жетеғабыл», дейді Д.Сәдуақасов.

Сондай-ақ ол жалпы экономикаға қара­ғанда сауда секторында жоғары білім­ді әйелдердің үлесі әлдеқайда жоғары екенін атап өтті. Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар жұмыспен қамтылған әйелдердің үлесі экономикада 38% болса, сауда секторында 49%-ға жетеді. Керісінше, саудада арнаулы техникалық және кәсіптік білімі бар, жұмыспен қамтылған әйелдердің үлесі 45% болса, бұл көрсеткіш Қазақстанда 56%-ды құрайды».

Мысалы, «Halyk» қоры отандас­та­ры­мыз­дың тұрмысын түзеуге хал-қадерінше атсалысып, жыл сайын өңірлердегі әлеуметтік жобаларға миллиардтаған теңге бөліп келеді. Aл «Ayala» қоры 2010 жылдан бастап елдегі балалар өлім-жітімі көрсеткішін екі есеге төмендетуге қолұшын соза отырып, БҰҰ-ның тұрақты дамуының 17 мақсатының біріне («ден­сау­лық пен әл-ауқат») қол жеткізу үде­рі­сіне қатысты.

«Дәл қазір Қазақстанда қайы­рым­дылықпен айналысатын 23 мың­нан аса ҮЕҰ тіркелген. Біз басқа қор­лармен бір­ле­сіп, қайырымдылық саласын жақ­сар­туға бағытталған ұсыныс­тар беруге дайынбыз. Содан кейін осы ұсыныстарды әрі қарай жетілдіру мақсатында құзырлы мемлекеттік мекемелерге жолдаймыз», деді «Halyk» қорының басқарушы директоры Нариман Әбілшайықов.

«Әйелдер көшбасшылығының жасам­паздық қағидаты жылдар бойы ел экономикасы мен қоғамдағы түрлі көзқарасты белсенді түрде өзгертіп келеді. Әйелдер әле­у­ет­ті отандық қайырымдылық ұйым­­дарын жылдар бойы басқара отырып, өз бизнестерін де қатар дамытып, мемлекеттің көкейкесті әлеуметтік мәселелерін шешуге көмектесіп келеді», деді «Ayala» қайырымдылық қорының негізін қалаушы әрі президенті Айдан Сүлейменова.

Сөз кезегі тигенде «Coca-Cola» Орталық Азия мен Кавказдағы өкілдігінің коммуникациялар және тұрақты даму жөніндегі директоры Александра Акирман шалғай ауылдарда тұратын әйелдердің іскерлігін қолдауға бағытталған жобалар мен оның нәтижелерін баяндады.

«The Coca-Cola Foundation» қайырым­дылық қорының қолдауымен Қазақстанда 12 жыл қатарынан жүзеге асырылып келе жатқан «Өсу қадамдары» жобасы ауылдағы әйелдер бизнесі тақырыбын кеңінен насихаттауға және Ауыл шаруа­шылығы министрлігінің ауыл кәсіп­кер­леріне арналған несиелер бойынша жеңілдік мөлшерлемелерін енгізуге ықпал етті. 11 жыл ішінде 75 мыңнан аса әйел бизнес негіздеріне тегін оқытылды. Ұйымдастырушылардың бағалауы бо­йынша, пандемиядан бері  ғана – 5 мың жұмыс орны бар 3 мыңнан аса шағын бизнес құрылды», дейді компания өкілі.

Сонымен Алматыда өткен жыл са­йынғы «Womеn in Business» іскерлік форумы жаһандық пандемиядан кейінгі ең ірі бас­қосуға айналды десек, әсіресөз болмайды. Қонақтарға тиімді нетворк, сапалы контент, бірегей кейстер мен іскерлік ортаның ең өзекті ақпараттары ұсынылды.

 

АЛМАТЫ