Медицина • 23 Ақпан, 2024

Өңешті тоқішекпен алмастырды

84 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Күн сайын мегаполисте мыңға жетеқабыл науқас ауруханаға жедел жеткізіліп, сәт сайын күрделі операция жасалынып жатады. Алайда кейде дәрігерлерге аса күрделі операцияларды немесе бір науқасқа бірнеше операцияны қатар жасауға тура келеді. Осы жолы Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының хирургтері ыдыс жуатын химиялық тазартқышты ішіп қойып, тамағы қатты күйіп қалған үш жасар қыздың өңешін тоқішегімен алмастырды.

Өңешті тоқішекпен алмастырды

Суреттер Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының рұқсатымен жарияланды.

Өкінішке қарай, ата-анасы, үйдегі ересек адамдар қауіпті химиялық, ыстық немесе тұрмыстық заттарды дұ­рыс сақ­та­маудың салдарынан кіш­кентай балалардың тамағы, асқазаны күйіп қалатын оқиғалар аз емес. Осының кесірінен балалардың 70-80%-да өңеш тыртығы пайда болып, тарылады. Өңеш тыртығы тарылған балаларға алғашқы кезде гастростома салынып, жіппен, арнайы буж арқылы ұзақ уақыт сүмбілейді. Бірақ 20-30% жағдайда өңеш бойы түгел тыртықтанғандықтан, сүмбілеу әдісін қолдану қиын. Осының салдарынан кейбір балалар мүге­дек­тікке душар болса, кейде көз жұматын кездері де болады.

Ал жыл сайын Педиатрия және балалар хирургиясы ғы­лыми орталығына еліміздің әр өңірінен өңешіне зақым келген 100-ден аса бала келіп түседі. Сол сияқты жуырда Педиатрия және балалар хирур­гиясы ғы­лы­ми орталығына Қызылорда облысынан «өңештің күйік­тен кейінгі тыртықты тарылуы» диагнозымен 3 жасар қыз бала шұғыл жеткізілген еді. Есі кір­меген сәби «Чистый казан» деген сұйықтықты ішіп қойған. Күйіктен баланың өңеш саңылауы толығымен тыр­тықтанып қалғандықтан, бас­тапқыда ол іштің алдыңғы қабыр­ғасынан шығарылған асқа­зандағы арнайы түтік арқылы тамақтандырылған. Сондықтан клиникада өңешті толығымен тоқ ішекпен алмас­тыру операциясын жасауға тура келді. Жылына орта есеппен дәл осындай 6-7 операция әртүрлі әдіс­ті қолдана отырып жаса­лады.

апр

Бұл операцияның бірегейлігі – маман­дар ас өтпейтін өңешті тоқ ішекпен алмастырды. Опе­ра­ция 6 сағатқа созылып, тоқ ішектің бір бөлігі кеуде қуысы арқылы жүргізіліп, мойын­дағы өңештің жұтқыншақ бөлі­гімен жалғастырылды. Мұндай операциялар зергерлік дәлдік пен үлкен машықты талап ете­тіндіктен, операцияны үш бір­дей білікті хирург – хирургия бөлімінің меңгерушісі Мөлдір Қалабаева, Нұржан Афлатонов пен Нышанбек Шыланбаев жасады.

Қазіргі таңда Мадина есімді кішкентай пациенттің денсау­лығы дұрысталды, дәрігер­лер­дің жоспарлы бақылауында тұр. Өңеш­тің қызметін енді тоқ ішектің бір бөлшегі атқара алатындықтан, өздігінен тамақ­тана алады.

Жалпы, жыл сайын Пе­диат­рия және балалар хирур­гиясы ғылыми орталығында еліміздің әр өңірінен келген, ас қорыту жолдарында туабітті мен және жүре келе пайда болған аурулары бар 400-ден аса балаға күрделі операция жасалады. Мамандар тұрмыстық хи­мия­лық заттардың дұрыс сақ­тал­мауынан, есі әлі кірмеген балалар ішіп қо­йып, жоғарыдағыдай ауыр диаг­ноз­дар­ға душар болып жатқанын айтады.

 

АЛМАТЫ