Қазақстан • 19 Ақпан, 2024

Цифрлық әлеует

101 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Еліміздің цифрлық сала­дағы жұмысы жыл сайын жақсарып келеді. 2022 жылы IMD цифрлық бәсе­кеге қабі­леттіліктің әлем­дік рейтингінде еліміз 64 мем­лекеттің арасында 36-орынды иеленсе, былтыр екі сатыға көтеріліп 34-орынға шықты.

Цифрлық әлеует

IMD Digital Competitiveness Ranking – таңдалған 64 елдің бизнестегі, үкіметтегі және жалпы қоғамдағы экономикалық өз­герістердің негізгі факторы ре­тінде цифр­лы технологияларды енгізу және пайдалану қабілеті мен дайындығын сараптай­ды. Зерттеуге сәйкес WDC рейтинг әдістемесі цифрлы бәсекеге қабі­леттілікті үш негізгі фактор – білім, технология, мемлекеттің бола­шаққа дайындығы бойынша анықтайды.

Бұл бәсекеде АҚШ, Сингапур, Нидер­ланд, Швейцария, Да­ния, Финляндия, Корея Респуб­ли­касы, Жаңа Зеландия, Ислан­­дия мемлекеттері көш бастап тұр. Айта кетейік, еліміздің Ұлт­тық даму жоспары бо­йын­ша 2025 жылы әлемдік цифрлық бәсе­кеге қабілеттілік рейтингінде 33-орынға кө­терілуге тиіспіз. Қа­зіргі қарқынымызды жо­ғалт­­­па­сақ, ол да алыс емес.

Кейінгі жылдары еліміз цифр­лық даму саласына ерекше кө­ңіл бөліп келеді. Жалпы, бұл үрдіс бізде ғана емес, бүкіл әлемде бай­қалады. Оның бірден-бір себебі – панде­мия. Карантин уақытында барлық елде электронды үкіметтің жұмысы жандана түсті. 2018-2022 жылдар аралығында электрондық үкі­меттің дамуында, әсіресе пан­демияға дейінгі және бүгінгі ке­зең­дегі деректер­ді салыстырып қа­расақ едәуір өзгерістер бар. Сovid-19 пандемиясы кезін­де әсіресе, денсаулық сақтау, бі­лім беру, әлеуметтік қорғау сала­ларындағы қызметтер бірша­ма оңтайландырылды. Содан бері мемлекеттік секторда цифрлық технологияларды жан-жақты жетілдіру үдерісі әлі де жалғасып келеді.

БҰҰ-ның электрондық үкі­мет сауална­масына сәйкес, 2022 жы­лы электрондық үкі­­мет сала­сын­дағы көшбасшылардың онды­­­ғы­­на Дания, Финляндия, Корея Респуб­ли­касы, Жаңа Зеландия, Исландия, Швеция, Аустралия, Эстония, Нидерланд, АҚШ мем­­­­лекеттері кірген. Орталық және Оңтүстік Азия елдері ара­сында да осы мақсаттарға инвес­тиция салатын аймақ аума­ғын­дағы көшбасшы мемлекеттер бар. Оның бірі – Қазақстан. Еліміз 28-орында. Рейтингті анық­тауда мемлекеттердің «цифр­лық дамуға» қол жеткізудің нақты жоспары, міндеттемесі, қолжетімділігі, қызмет көрсету сапасы, сон­дай-ақ киберқауіпсіздік пен деректердің құ­пия­лылығының сақталуы ескерілген.

Цифрлық даму, инновациялар және аэро­ғарыш өнеркәсібі министрі Бағ­дат Мусин­­нің айтуынша, өткен жылы қызмет­те­рдің 93 пайызы элек­трондық түрде көрсе­тілген.

«2022 жылмен салыстырсақ, тек смартфон арқылы алатын қызметтердің саны былтыр 6 есе өсті. Kaspi, Halyk сияқты танымал қосымшаларда 50-ден астам қызмет көрсетіледі. Олар­дың саны 33 миллионға жетіп, 3 есе өсті. Біз проактивтік қыз­мет­тер­­­ді де дамытып жатырмыз. Проактив­тік қыз­мет – азаматтардың жүгінуін күт­пей, айт­­қызбай, мемлекеттің өзі ұсы­натын қыз­меттер. Олардың түрі 40-қа жетіп, саны 2 млн-нан ас­ты. Біріккен Ұлттар Ұйымының рей­­тингісінде онлайн-сервис көрсету жа­ғы­нан Қазақстан дүние жүзінде 8-орында. Ал «Электрондық үкіметті» дамыту бойын­ша 28-орындамыз. Әрине, біз мұнымен қа­нағаттанып қалмаймыз. Жұмысты одан әрі жетіл­діре береміз», дейді министр.

Иә, үкімет цифрлық эконо­миканың дамуын жеделдетіп, өнеркәсіптің барлық саласына заманауи технологияларды белсенді түрде енгізіп жатыр. Бағдат Мусин атап өткендей, цифрландыруды қолданысқа кеңінен енгізген саланың бірі – банк секторы. Бұл – елдегі ең озық әрі барынша цифрландырылған сала. Ірі банктер цифрлы платформаларды, онлайн – банкингті және мобильді қосымшаларды белсенді түрде енгізіп жатыр. Бұл қаржы операцияларын мүмкіндігінше қолжетімді әрі клиенттерге ыңғайлы етеді. SimilarWeb пор­­талының мәліметінше, Halyk Bank, Kaspi.kz, B-Bank қо­сым­шалары еліміздегі үздік банк қосымшалары саналады. Одан кейін құрылыс саласы да қызметтерді цифрлық форматқа көшіріп отыр. Айталық, бір ғана «BI Group» компаниясының өзі айтарлықтай нәтиже көр-сетті. Құрылыс компаниясы прог­рессивті стандарттарды ен­гізе отырып, жылжымайтын мү­лік пен құрылыс саласындағы өнім­дер мен қызметтердің сапасын арттырудың қозғаушы күшіне айналды. Көптеген қызмет big App мобильді қолданбасында қолжетімді. Қолданба компания клиенттеріне жылжымайтын мү­лікті іздеуден бастап тұрудың жайлылығын арттыруға дейінгі онлайн қызметтерді ұсынады. Сондай-ақ сатылымдар мен жар­намалардың басталғаны туралы, тұрғын үйлер жайында және тағы да басқа ақпараттар беретін жаңалықтар лентасы бар. Бұған қоса қажетті құжаттар өтінім бөлімінде қолжетімді. Тұрғын үй мен пәтер қызметтеріне өтінім беру, коммуналдық қызметтерге ақы төлеу, онлайн дауыс беру, тұрғын үй шығыстары туралы есептердің бәрі онлайн. Осы қатарға жеткізу саласын да қосуға болады.

Digital Competitiveness Ran­king мәлі­метінше, табысы жақсы елдер рейтингте жоғары тұр. Сәй­кесінше ең соңғы орында кедей мемлекеттер орналасқан. Яғни цифрлық дамуда халықтың әлеуметтік жағдайы, білімге қол­жетімділік, цифрлық сауатты­лық маңызды рөл ойнайды. Қазір­гі кезде табысы төмен және орта­ша табысты елдерде қала мен ауыл арасында теңсіздік бар. Бұл біз­дің елге де қатысты. Өйткені қала­лық жерлерде цифрлық қызмет­тер қолжетімді болғанымен, ел аумағында әлі күнге дейін интер­нетпен қамтамасыз етілмеген қаншама елді мекен бар. Рей­тингіміз жақсарса да, олар цифр­ландырудың игілігін көріп отырған жоқ. Сондықтан қазіргі кезде дәл осы мәселені шешу – ең үлкен қажеттілік.