Аймақтар • 16 Ақпан, 2024

Сөз бен істің бірлігі

96 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Былтыр дәл осы уақытта Мәжіліс пен жергілікті мәслихаттар депутаттығына кандидаттар ұсыну аяқталып, ресми тіркелген партиялар сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарына дайындықты пысықтап жатқан болатын. Саяси ұйымдар да, өзін-өзі ұсынған үміткерлер де үгіт-насихат кезінде сайлаушыларды сендіріп, өз мүмкіндіктерін сездіріп, бағдарламаларын жария етті. Қарапайым тілмен айтқанда, уәде берді. Уәде – шыншылдық пен әділдіктің бауыры. Ал уәдені орындау – адами қарым-қатынастың маңызды бөлігі. Бүгінде жыл бұрын сайлаушыларға берген уәденің қаншалықты орындалғанын немесе жүзеге асырылу барысын жұрттың білгісі келетіні анық.

Сөз бен істің бірлігі

Түркістан облысы өткен жыл­ғы саяси додада еліміздегі ең көп сай­лаушы тіркелген өңір ретін­де аталған болатын. Яғни былтыр сайлаушылардың тізіміне 1 миллион 168 мыңнан аса адам енгізілген-ді. Былтыр наурызда өткен Пар­ламент Мә­жі­лісі мен барлық дең­гейдегі мәслихаттар сайлауы нау­қа­нында «Amanat» партиясы облыс бойынша сай­лау­шылардың 56,9 пайыз дауыс жинады. Өңір бойынша барлық деңгейдегі мәслихат депутат­та­рының мандат саны 338 болса, соның 269 мандатын, яғни облыстық, аудандық, қалалық мәс­лихат депутаттарының 80,2 па­йызын аталған партияның өкіл­­­дері иеленді. Сондықтан болар өңірде бұл саяси ұйым бел­сенді. Депутаттық корпус өкіл­дерінің жұмыс тиімділігі пар­тия қабылдаған сайлауалды бағ­дарламаны іске асыру нәти­же­лерімен және сайлаушылар білдірген өтініштердің орындалуымен бағаланатыны мәлім. Бұл орайда Түркістан облыстық мәслихатындағы «Amanat» партиясы фракциясының жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев бүгінге дейін сайлаушылардан келіп түскен 1 748 өтініштің 97 па­йы­зы оң шешімін тапқанын айтады. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев партия популизмге салынып, орындалмайтын уәде бермегені жөн еке­нін айтқан болатын. Сондай-ақ Президент Жолдауында «Ха­лыққа көпірме сөз, бос уәде емес, көзбен көріп, қолмен ұстауға болатын оң өзге­ріс­тер керек» еке­нін айтты. Біздің мақсатымыз да нақты да нәтижелі істі көрсету. Сайлауалды бағдар­ламаны іске асыру жөніндегі жол картамызда облыс көлемінде алдағы бес­жыл­дық мерзімде ат­қа­­рылуға тиіс жұмыстар түгел қамтылды. Халықтың сұранысын зерделеп, оларды жергілікті атқару­шы би­­лік­­тің бағдарламалық жос­пар­­­ла­рымен үйлестіре отырып, мәні мен мазмұнына, міндеті мен ме­жесіне сай топтастырып кешен­ді жоспарын түздік. Партия филиалы қабылдаған Жол картасы облыс үшін маңызды 4 негізгі бағытты қамтиды. Бесжылдық ке­зеңде 136 индикатор бойынша 542 іс-шараны атқару жос­пар­ланған. Өткен жыл­дың қоры­тын­дысымен 119 атау­­лы іс-шара тармақтарының 108-і толық­тай жүзеге асып, жоспарды іске асырудағы орындаушылық тәр­тіп­тің деңгейі 90,7 пайызға жетті. Жол картаның орын­далуын нақ­ты­лы сандармен сөйлететін бол­сақ, жоспарда қамтылған мін­­­дет­тер аясында өңірімізде 57 кә­­сіпорын іске қосылды. Оның ішін­­де инновациялық жобалар ре­­тін­де керамзитті кірпіш өндіру, алю­миний профильдер шығару ісі жолға қойылды. Экономикасы ауыл шаруашылығына бейім­дел­ген облысымызда жаңадан 9 тауарлы-сүт фермасы, 9 мал бордақылау алаңы, 6 жылыжай кешені және 6 балық өсіру фермасы іске қосылды. Ашылған жұ­­мыс орындарының саны мың бір­­лікке артты. Жалпы көлемі 853,3 мың шаршы метр болатын тұрғын үй, 5 150 оқушыға арналған 20 мектеп, Түркістан қаласындағы «Мұз сарайы» кешені, Мақтаарал, Бәйдібек аудан­дарында спорт кешендері салынды. Өңірдің туристік тар­­тым­дылығын кеңейтуде 2 зама­науи қонақүй кешені, 2 емдеу-сауықтыру орталығы іске қо­сыл­ды. Партия ұйытқы бол­ған «Туған жер» арнайы жобасы бо­йынша меценаттардың есе­бі­нен 127 қо­ғам­дық маңызға ие нысан салынып, техникалық жаңартуды қа­жет ететін 86 ны­сан жөн­деу­ден өтті», дейді Алтынсары Үмбетәлиев.

Сондай-ақ партияның сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде облыста 326,1 мың шақырым автомобиль жолдары жөнделіп, 44 елді мекен газбен, 20 елді мекен ауызсумен қамтылған. Отырар ауданында қуаты 50 МВт күн электр стансасы іске қосылды. Кентау қаласында 55 көпқабатты тұрғын үй модернизациядан өтті. Облыс бойынша 85 мектептің қазандықтары қатты отыннан газға ауыстырылған. Азаматтардың қауіпсіздігін қам­­туда Келес, Созақ, Сауран, Орда­басы, Сарыағаш, Түлкібас аудан­дары мен Арыс қаласында 8 өрт сөндіру бекеті салынды. Өңірде былтыр құрылған 133,6 мыңға жуық жаңа орындарының 93,4 мыңнан астамы – тұрақты жұмыс. Фракция жетекшісінің айтуынша, «Жер аманаты» жобасы бойынша облыста 2022 жылы 1 млн-нан астам гектар жайылым ортақ игілікке, былтыр 335 мың гектар жайылым мемлекет меншігіне қайтарылған. Ал «Ауыл аманаты» жобасы аясында былтыр мемлекеттен бөлінген мақсатты 19,7 млрд теңгеге 3 256 жоба қаржыландырылды. Жобаға қатысқан 16 аудан, қаладағы 64 ауылдық округте жылыжай кешендері бой көтерді, техникалар паркі жаңартылды, ет-сүт қорын қалыптастыру шаруашы­лық­тары құрылды. Ауыл тұрғын­да­рының табысын арттыруда егін, мал шаруашылықтары қаржыландырылды. Құс және балық өсіру ісі жолға қойылған. Өн­дірістік кооперативтердің құ­рал-жабдықтарын жаңарту бас­тамасы қолға алынып, ауылдық жерде кәсіпкерлікті дамытуға негіз қаланды. «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында ауыл-аймақ­тар­да 12 650 адамды оқыту курс­тарына қамту жоспарланса, нақты 14 600 адам қаржылық сауат­ты­лық бойынша оқытылып, жылдық жоспар артығымен орын­далған. Сондай-ақ саяси ұйым­ның бел­сенділігімен өңірде «Арда­гер­лерді ардақтайық», «Кедер­гісіз келешек», «Бақытты отбасы», «Ұлттық мұра» жобалары жүзеге асырылып келеді.

– Партия айқындаған ең не­гіз­гі басымдықтың бірі – тұр­ғындармен нәтижелі кері бай­ланыс арнасын түзу. Былтыр партия филиалдарының қоғамдық қабылдау бөлмелеріне 13 287 арыз-шағым келіп түсті. Азаматтар сұраныстарының 63,2 пайызы оң шешімін тапса, 35,2 пайызына заң аясындағы кеңестер берілді. Ал 219 өтініштің қаралу мерзімдері нақты белгіленіп, орындалуы бақылауға алынған. Облыстағы партиялық алаңдарда 3 мыңнан аса қабылдау жүргізіліп, оларға 10 мыңнан аса адам жүгінді. Сонымен қатар, шалғай елді мекен тұрғындарының сұраныстарын тыңдауда 216 мобильді көш­пелі қоғамдық қабылдау өтіп, 1 084 азаматтың арыз-талаптары тың­дал­ды. Олардың тең жартысы шешімін тапса, қалғандарына заң аясында кеңестер берілді. «Құқықтық көмек» жобасы бо­йынша айына екі мәрте құқық қорғау органдары өкілдерінің, заңгерлердің, адвокаттардың, сот орындаушыларының қатысуымен ашық есік күндерін өткізу, жеке қоғамдық қабылдаулар ұйым­дас­тыру жұмыстары атқа­рылды. Осы форматтағы 470 қабылдау жүргізіліп, 1 080 азаматтың мәсе­ле­лері қаралды. Арыздардың 65 пайызы оң шешімін тапса, 35 пайыз кәсіби құқықтық кеңестер берілді. «Халыққа көмек» жобасы шеңберінде 443 қабылдау өткізіліп, 1300 азаматтың жеке мәселелері қарастырылды. Ке­лу­шілердің 64 пайызының мәселелері оң шешімін тапты. Партиялық филиал жанындағы қоғамдық кеңестердің 132 отырысы өткізіліп, 210 мәселе қаралды. Қаралған тақырыптар аясында мемлекеттік органдарға 432 ұсыным жолданып, олардың орындалуы партия назарында болды. Жол картасына енген нысандардың құрылыс алаң­­да­рында 50 партиялық бақы­лау бекеті қойылып, анық­талған 21 кемшілік партия­ның ықпал етуімен түзетілді, – дейді Түр­кістан облыстық мәсли­ха­тындағы «Amanat» партиясы фрак­­ция­сы­ның жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев.

Қоғамға мейлінше ашық болып, сайлаушылармен байла­ныс­ты нығайту мақсатында облыс­тық партия филиалы жанынан брифинг алаңы ашылған. Бе­кі­тілген кестеде мәсли­хат де­­­пу­тат­­тарының және аудан, қа­ла­­лардың мәслихат төраға­ла­рының қатысуымен 49 брифинг өтіп, партия айқындаған басым­дық­тардың жүзеге асырылу барысы таразыланған. Сондай-ақ фракция жетекшісінің айтуынша, «Жастар рухы» жас­­тар қанаты бірқатар маңызды жұмыс атқарды. Студенттік жа­тақханалардың ахуалына мониторинг жүргізілген.

 

Түркістан облысы