Байқау • 15 Ақпан, 2024

«Бұлбұл» романсы халықаралық байқауда бірінші орын алды

37 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шетелде білім алып жатқан 10-сынып оқушысы Аделина Мұхаметжанова таяуда АҚШ-тағы халықаралық вокалис­тер байқауында Латиф Хамидидің «Бұлбұл» романсын орындап, бірінші жүлдені иеленді.

«Бұлбұл» романсы халықаралық байқауда бірінші орын алды

Осылайша, 16 жастағы қазақ қызы америкалық тың­даушыларының жүрегін жау­лады. Аделина 2022 жылы АҚШ-тағы Мин­несота шта­тындағы мектепке қа­былданғаннан кейін, осы ел­дегі 9 вокал­дық конкурсқа қатысса, оның көпшілігінде жеңіске жеткен.

Өткен демалыс күндері ақтық сынға шыққандарды анық­таған «Radda Rise In­ternational Piano and Vocal Com­petition» халықаралық байқауы оның музыкалық табысын бірауыздан мақұлдады.

Қазылар алқасының мү­шесі, баритон дауыстың иесі, беделді Saint Thomas Choir School вокальдық оқытушысы, Manhattan School of Music Precollege вокал факультетінің мүшесі Джузеппе Сполетини: «Аделина – виртуозды орындаушы, оның техникалық жағынан өте күрделі композицияны таңдап, әрқайсымызға естен кетпестей әсер сыйла­ды. Мен бұл әннің не туралы екенін түсінбеймін. Бір­ақ әрбір нотаны се­зінуге жетелейді. «Бұлбұл» тағы да орындалуға тиіс!», деді.

Ал Аделинаның өзі: «Бай­­қауға мен 3 композиция ұсындым. Қазақтың ака­­демиялық классикасына ілтипат білдіріліп, осындай жылы лебіздер естігеніме өте қуа­ныштымын. Оған қоса менің бәсекелестерім өте мық­ты болды. Үшінші орын америкалық өнер және музыка саласындағы ең ірі жоғары оқу орындарының бірі The Julliard School студентіне берілгенін білемін. Әрине, осындай жеңіс бұдан да көп еңбектенуге құлшындырады», дейді.

Сонымен Аделина Мұ­хаметжанова 7 жылдан бері академиялық вокал бойынша білім алып келеді, оның ұстазы – Құрманғазы атын­дағы Қазақ ұлттық кон­сер­ваториясының «вокал өнері» кафедрасының доценті Гүл­нар Нұрғалиева.

Орайы келіп тұрғанда Аделина 2020 жылы Қазақ­стандағы ең жас үміткер ре­тінде шығар­машылық жетіс­тіктері үшін «Жыл таңдауы» сыйлығымен мара­патталғанын, 2019 жыл­­дың желтоқсанында же­ңімпаз ретінде Карнеги Холда өнер көр­сетті. Ол бұл кон­церт­­­ке Ame­rican Protege бай­қауының жеңімпазы ретінде ша­­қырылды. 2018 жылы Ита­лияда Festival & Contest қа­уым­­дастығының президенті Кристиан Карочетидің арнайы жүлдесіне ие болған.

Сондай-ақ жас өнерпаз – атақты халықаралық San­remojunior байқауының жүл­дегері (Сан-Ремо, Ита­лия), Орыс әндері халық­ара­лық фестиваль-байқауы­ның финалисі (Лондон, Ұлы­­британия), Зарина Ал­тын­баеваның «Prima Nota Fest» республикалық бай­қа­уының, Елена Образцова бай­қауларының жеңімпазы, Central Asia Got Talent шо­у­ы­ның қатысушысы (Қазақ­тан, 2022).

 

АЛМАТЫ