Мәдениет • 15 Ақпан, 2024

Жошы кесенесінің жанына қалталы жақынын жерлеген. Бекет ата - жекенің меншігінде - Дархан Қыдырәлі

5202 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сенат депутаты Дархан Қыдырәлі еліміздегі тарихи-мәдени мұраларды сақтау, қорғауды жүзеге асыратын заң қауқарсыз екенін айтып, депутаттық сауал жолдады. Ол қауқарсыз құжат салдарынан құндылықтарымызды қорғау қиын болып тұрғанын айтты, деп жазады Egemen.kz.

Жошы кесенесінің жанына қалталы жақынын жерлеген. Бекет ата - жекенің меншігінде - Дархан Қыдырәлі

Фото: Kazakh Tourism ҰК АҚ

Депутат ғасырлардан мұра болып жеткен тарихи-мәдени орындарды бұзақылар вандализм арқылы бүлдіріп жатқанын жеткізді.

«Қазақстандағы 25 мың ескерткіштің жартысына жуығы орналасқан Маңғыстау өңірінде мұралардың көбі тарихи-мәдени ескерткіштер тізіміне енгізілгенімен, оларды қарауға маман жетіспейді. Мәдени қабаттарды «қара археологтар» мен бұзақылар түрлі вандализм арқылы бүлдіріп жатыр. Жеті жұрт көшкен маңғаз мекендегі қорымдардың қоршау аумағына заңсыз құрылыстар, бейіттер салынып кеткен. Оларға қарсы қолданыстағы «Тарихи мәдени мұраны қорғау және пайдалану» заңы қауқарсыз. Айыппұлы небәрі 30 мың теңге ғана! Ұлытауда Жошы кесенесінің жанына әлдебір қалталы жақынын жерлеп кеткен, енді нысанды ЮНЕСКО тізіміне енгізу мүмкін болмай тұр», деді Сенат депутаты. 

Ұлтымыздың ұранына айналған рухани ескерткіштер жекенің меншігінде елеусіз болып, бақсы-балгерлердің ортасына айналып жатыр. Осы мәселеге мән беруді ұсынған Дархан Қыдырәлі тарихи кешендерді ұлттық бренд ретінде ЮНЕСКО-ға ұсыну ісін жүйелеп, жеделдету қажет екенініне назар аударды.

«Киелі жерлер шырақшылардың күн көріс көзіне, бақсы-балгерлердің ордасына айналған. Олардың кейбірі тарихи орынды сақтап отырғанымен, арнайы білім, ереже-қағидаттары мен стандарты жоқ. Тіпті ұлтқа ұран болған Бекет ата – жекенің меншігінде! Пір Бекет – бір қазақтың айбары емес, ол – бар қазақтың байрағы! Халықтың рухани қалпын қалыптастырған мұндай тұлғалар мекені құндылық ретінде мемлекет қарауында болуы тиіс», деді ол.

Депутат мәдени мұра айналасындағы күрмеулі мәселені шешудің бес тетігін атады.