Депозит • 15 Ақпан, 2024

Мөлшерлеме төмендейді: Депозит ашып, сыйақы жинап үлгереміз бе?

39 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қаңтарда баға өсімі тағы төмендеді. Алғашқы айдың қорытындысы бойын­ша инфляция деңгейі 9,5 пайыз болды. Ұлттық банктің ортамерзімді перспектива­дағы басты мақсаты – инфляция деңгейін 5 пайыз межісіне дейін түсіру. Ұлттық банк бұл мақсатына 2025 жылдың аяғында, 2026 жылдың басында қол жеткізіп қалуы әбден мүмкін. Алдын ала болжам бойынша биыл инфляция 7,5-9,5 пайыз деңгейінде, 2025 жылы 5,5-7,5 пайыз деңгейінде қалыптасуы мүмкін.

Мөлшерлеме төмендейді: Депозит ашып, сыйақы жинап үлгереміз бе?

Инфографиканы жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Баға өсімі тежелді

Әрине, инфляциялық болжамдар белгілі бір тәуекелдерге ұшырауы да мүмкін. Ондай жағдайлар  инфляцияның мақсатты көрсеткішке тез оралуына ке­дергі келтіреді. Пайда болуы мүм­кін басты тәуекелдер ретінде – инфля­ция­лық күтулер қиындығын, фискалды им­пульстің күшеюін және тұтынушылық несиелеу деңгейінің өсіп кетуін айтуға болады. Сонымен қатар ықтимал тәуе­келдер астықтың төмен түсімінің және реттелетін бағалар саласындағы рефор­малардың толыққанды жүзеге аспауынан туындайтын азық-түлік бағасы дина­микасының белгісіздігімен байланысты.

Дегенмен баға өсімінің тежеліп келе жатқаны байқалады. Ұлттық банктің де көздегені сол – баға өсімінің баяулауына орай базалық пайыздық мөлшерлемені де біртіндеп түсіру. Сарапшылар айтып жүргендей, базалық мөлшерлеменің арзандауы кәсіпкерлердің арзан несие алуына, сөйтіп, кәсіптерін өркендетуіне жол ашар еді. Дегенмен ортада туындап кететін тәуекелдерге байланысты базалық мөлшерлемені төмендету тарапына қарай қабылданатын шешімдер арасында үзілістер орын алуы да бек мүмкін. Ал базалық мөлшерлемеге қатысты шешім қабылдау үшін, ең алдымен, макроэкономикалық деректер мен болжамдар негізге алынады.

 

Орталық банктер мөлшерлемені түсіре бастай ма?

Сонымен бірге коммуникациядағы озық стратегияның арқасында экономи­калық агенттердің күтулерін басқаруды жақсарту бойынша жұмыс жалғасады, бұл нарыққа ақша-кредит саясатының болашақ бағытын жақсы түсінуге мүм­кіндік береді. Нәтижесінде, бизнес пен халық үшін болжамды орта қам­тама­сыз етіледі. Бұл орайда Ұлттық банк­тің Үкіметпен де тығыз қарым-қаты­нас­­та жұмыс істейтінін айта кетейік. Өйт­­кені төмен әрі тұрақты инфля­ция­­ға қол жеткізу ең бірінші кезекте эко­­номикалық саясаттың (соның ішінде бюджет саясатының да) қалай жүргізілгеніне тікелей байланысты.

Таяуда The Financial Times анали­тик­тері мемлекеттердің орталық банк­те­рі пайыздық мөлшерлемелерді тө­мен­­детуге дайындалып жатыр деп мә­лімдеді. Эксперттердің болжамынша, АҚШ-тың Федералды Резерв Жүйесі (ФРЖ) 2024 жылдың екінші тоқсанында мөлшерлемені төмендетуді бастауы мүм­кін. Дегенмен әлемнің орталық банктері ФРЖ жариялағанға дейін пайыздық мөлшерлемелерді төмендетуге кірісудің орнына тым сақтық танытуы мүмкін деген қауіп бар.

Біріншіден, бұл циклдегі инфляция­ның негізгі қозғаушы күші – жеткізу тізбе­гін­дегі проблемалардың, табиғи газ бағасына қатысты шоктың және та­мақ өнім­дері бағасы өсімінің біртіндеп жойыл­ғаны. Сұраныстың төмендеуі де алдағы уақытта жеткізу тізбегінде туын­дайтын қиындықтардың салдарын әлсіретеді. Goldman Sachs бағалауынша, қалыптасқан жағдайға сәйкес, Қызыл теңіздегі жүк тасымалдаудағы үзілістер биылғы жаһандық базалық инфляцияны небәрі 0,1 пайыздық тармаққа көтереді.

Екіншіден, бір қарағанда еңбек нарығы тұрақты болып көрінгенімен, бірқатар ауытқушылықтар да бар дейді сарапшылар. Мәселен, Британиядағы вакансия саны 2021 жылдың екінші тоқсанынан бері ең төменгі деңгейде. АҚШ-тағы жалақы өсімі мен бос орындар саны да төмендеп кеткен. Базалық инфляцияның соңғы үрдістеріне назар аударатын үш айлық жылдық базалық инфляция Ұлыбританияда, еуроаймақта және АҚШ-та шамамен 2 пайызды құрайды. Бұл бұдан былай жоғары шектейтін тарифтерді сақтаудың қажеті жоқ дегенді білдіреді.

 

«Жақын арада инфляцияның баяулауы күтілмейді»

Halyk Finance сарапшыларының айтуын­ша, жақын арада инфляцияның жедел баяулауы күтілмейді.

«Өткен жылдың өте жоғары базасы аясын­да инфляцияның жылдық қарқы­ны инфляцияның барлық негізгі компонент­теріне қатысты бір жылға жуық уақыт бойы тұрақты баяулау үрдісін сақтап келеді. Инфляция одан әрі қарай жылдық мәнде күрт баяулайды, ал көрсеткіш жыл­дың екінші жартысында 9 пайыздан төмендейді. Біздің осы жылдың соңын­дағы инфляцияға қатысты болжамымыз 8,5 пайызды құрады және елеулі проинфляциялық факторлардың сақталуын көрсетеді. Алайда бұл Ұлттық банктің одан әрі ақша-несие саясатын жұмсартуға кедергі келтірмейді.

Қаңтарда тұтынушылық инфляция­ның қарқыны өзгеріссіз қалды – айлық мәнде 0,8 пайыз. Жылдық мәнде инфляцияның бәсеңдеу қарқыны айтарлықтай қарқын алып, 0,3 пайыздық тармаққа, небәрі 9,5 пайызға төмендеді, бұл екі жыл бұрын­ғы көрсеткішпен сәйкес келеді. Өткен жылдың жоғарғы базасы инфляция дең­гейінің төмендеуіне өз әсерін тигізуді жалғастырды. Инфляцияның барлық компоненті жылдық мәнде баяулады», дейді сарапшы Асан Құрманбеков.

Оның айтуынша, былтыр жыл соңын­да 1 трлн теңгеден астам қосымша қара­жаттың алынуы арқылы бюджеттік им­пульс­тің айтарлықтай күшеюі әлі баға өсімінде көрініс табатын болады. Соны­мен қатар жаңа жылдан бастап минималды жалақы көлемінің де ұлғайғаны (+17 пайыз) белгілі.

«Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық тарифтерінің көтерілуі алдағы жылдарда 20-30 пайызға жетпек. Бензиннің құны көрші елдермен айырмашылықты түзету және оны өндіруге кететін шығындарды үнемді деңгейге жеткізу үшін қымбатқа түседі. Сондай-ақ біз теңге бағамының қалыпты әлсіреуін күтеміз. Нақты мөлшер­леменің жоғары деңгейі аясында елдегі инфляциялық үдерістерді тұрақтандыру Ұлттық банкке елдегі ақша-кредит сая­сатын жұмсартудың басталған циклін жалғастыруға мүмкіндік береді деп санаймыз», дейді Halyk Finance сарапшысы.

Жалпы алғанда, алдағы уақытта елі­міздің жұмсақ ақша-несие саясаты­на біртіндеп көшетіні белгілі болды. Бұл белгілі бір деңгейде депозит мөл­шерле­месінің де төмендейтінін аңғартады. Базалық мөлшерлеменің жоғары күйі жағдайында депозитте қаржы жинау және оны біршама көбейтіп алу өте тиімді. Себебі бұл кезде банктердің несие пайызы ғана емес, депозиттегі жинақтау пайызы да жоғарылайды. Ал базалық мөлшерлеменің төмендеуімен депозит мөлшерлемелері да құлдырайды. Қазір базалық мөлшерлеме – 15,25 пайыз. Әлі толыққанды төмендеп үлгерген жоқ. Демек депозит жиып, мол қаражат қалыптастырып алуға әлі уақыт та, мүмкіндік те бар деген сөз.

 

Қай депозит қолайлы?

Танымал алты айлық мерзім үшін ең жоғары тиімді мөлшерлеме жылына 17,8 пайыз: оны Home Credit Bank (жинақ депозиті) ұсынады. Одан кейінгі орында – 17,7 пайыз мөлшерлемемен КЗИ Банк. Ал 17,5 пайыздық мөлшерлемені бірден төрт екінші деңгейлі банк ұсынып отыр.

Жылдық депозит сегментінде де ең жақсысы Home Credit Bank (ЖТСМ – 16,9 пайыз). Одан кейінгі орында КЗИ Банк (16 пайыз), тағы төрт екінші деңгейлі банк 15,7 пайыз ұсынып отыр.

Екі жылға депозит ашу кезінде жағдай мынадай:

  • Home Credit Bank 14,3 пайыз ЖТСМ ұсынады;
  • Halyk Bank – 14 пайыз;
  • Nurbank – 12,2 пайыз.

Сарапшылар Bereke Bank өнімін де ерекше атап өтеді: ондағы мөлшерлеме жақсы (17,6 пайызға дейін), бірақ банк қандай мерзімде және қандай жағдайда жұмыс істейтінін көрсетпейді.

Айта кетерлігі, банктерде арнайы ұсы­ныс­тар бар. Айталық, егер депозит сомасы 10 млн теңгеден асатын болса, «Еуразиялық Банк» секторда жаңадан ашылған депозиттер үшін жоғарылатылған мөлшерлеме (6 ай мерзімге 18 пайыз) белгілейді. Нарықта басқа да пайдалы арнайы өнімдер бар. Мысалы, депозиттің орнына депозиттік сертификатты сатып алуға болады. Сертификаттар бойынша пайыз­дық мөлшерлеме депозиттерге қара­ған­да жоғары. Бұл ретте депозиттік сертификатқа ҚДКҚ кепілдік бермейтінін есте ұстаған жөн.

Ұзақ уақытқа созбай, Ұлттық банк алдағы айларда базалық мөлшерлемені төмендетеді. Алайда күрт төмендету бола қоймайды деп күтіледі. Өйткені олай ету – Ұлттық банкке де, экономикаға да тиімсіз. Себебі қымбат инфляция кез келген уақытта қайта оралуы мүмкін. Олай дейтініміз – жаһандық геосаяси жағдайлар әлі толыққанды тұрақтанған жоқ. Жалпы, әлемдік ахуалдың бір арна бойымен жүріп, түгел тату-тәтті өмірдің орнап кетпейтіндігі де белгілі. Сондықтан туындауы мүмкін ықтимал тәуекелдерді алдын ала болжап, соған сай стратегия қалыптастырып отыру өте маңызды. Ал дәл қазіргі жағдайда индикатор динамикасы тұрақты төмендегенін көрсетеді. Қазақстандағы инфляция түпкілікті тұрақ­танып келеді, сыртқы инфляциялық фон да қолайлы дамып жатыр.

Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда қанша ер мұғалім бар?

Қазақстан • Бүгін, 10:10

Төтеншеліктерге тарту

Аймақтар • 04 Мамыр, 2024