Білім • 15 Ақпан, 2024

Сапалы білім – сапалы адами капитал

159 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім министрліктерінің кеңейтілген бірлескен алқа отырысы өтті. Алқаның арқалаған жүгі – білім беру сапасын жақсартып, саланы ілгерілету үшін не істеу керек және бұған дейін не істелді деген сұрақ.
Жиынға Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова қатысып, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев баяндама жасады.

Сапалы білім – сапалы адами капитал

Білім – бүкіл әлемді өз­гер­те алатын қуатты қару. Егер бі­лім беру жүйесінде сапаға мән берілмесе, тұрақты да­му бол­­­майды. Орта білім, жо­ға­­ры тех­никалық және кәсіп­тік бі­лім, жоғары білім салала­рын­да зерт­теулерге басым­дық бе­рі­ліп, әзірлемелер мен инно­вация­­лардың, ақпарат­тық-ком­муникациялық техноло­гия­лардың әлеуетін арттыру үшін праг­матикалық бастамалар қабыл­дануы керек. Сонда адами ка­пи­талға ықпал ететін білімге негізделген қоғам қалыптасады. Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова: «Қос министрліктің бір жерде жиналуы осы мақсатқа жету үшін бір-бірімен тығыз байланыста жұмыс істеу керегін білдіреді», деп түсіндіріп өтті.

Әуелі Оқу-ағарту министрі Ғ.Бейсембаев орта білім жүйесін­дегі өзгерістер мен атқарылған және атқарылатын жұмыстар ту­ралы толық баяндама жаса­ды. Министрдің айтуынша, өткен жылы білім саласына бөліне­тін қаражат ұлғайды. Қала мен ауыл мектептеріндегі білім алшақ­тығын азайту мақсатында жобалар басталып, ауыл мек­теп­тері мен колледждердің инфра­құрылымы жақсарды. Сондай-ақ тамақтану сапасы да назарға алынды.

– Инфрақұрылымды дамыту бағытында бірқатар кешенді жұмыс жүргізіліп келеді. Мек­тепке дейінгі білім беру меке­мелерінде 67 мың жаңа орын ашылып, 2-6 жастағы балаларды қамту 91 пайызға дейін артса, апатты және үш ауысымды мектептер  мәселелерін шешуге бағытталған 137 мың орындық  жаңа 165 мектеп іске қосылып, 12 апатты 29 үш ауысымды мектептің мәселесі шешімін тапты. Сонымен қатар еліміздегі 230 мектеп күрделі жөндеуден өтіп, 2 100 мектеп жаңғыртылды. Оның 1 008-і ауыл мектебі. «Жай­лы мектеп» ұлттық жобасын сапалы және уақтылы іске асы­ру мақсатында министрлік мек­тептерде эргономикалық, қауіп­сіз орта құруды көздейтін бар­лық қажетті нормативтік-құ­қық­тық базаны әзірледі. Тех­ни­калық және кәсіптік білім беруде студенттердің оқу шеберханаларынан нақты өндіріске «үздіксіз ауысуына» басымдық берілді. 558 колледжде дуалды оқыту ұйымдастырылып, 410 кол­леджді 500 кәсіпорын қам­қор­лыққа алды. Бизнестің тіке­лей қолдауының арқасында 75 колледждің материалдық-техникалық базасы жаңартылды. Жыл сайын мемлекеттік тапсы­рыс көлемі артып келеді. 2023 жылы техникалық маман­дық­тарға қабылданған студенттердің үлесі 60 пайызды құрады, – деді Ғани Бейсембаев.

Сонымен қатар Оқу-ағарту министрі сапалы білім берілуі үшін педагог мамандарды даяр­­лаудың маңызды екенін айта отырып, осы бойынша Ғы­лым және жоғары білім ми­нистр­лігімен бірлесіп жұмыс атқа­ратынын жеткізді.

Саясат Нұрбек те министр­ліктің өткен жылғы жұмысын қорытындылап, нәтижелерді баяндады. Сондай-ақ алдағы жұмыстарға тоқталды.

– 2023 жылдың қорытындысы бойынша жоғары оқу орындары­ның профессорлық-оқытушылық құрамының жалақысы көтерілді. 2021 жылдан бастап 27 мың орындық 126 жатақхана пайда­лануға берілді. Сондай-ақ еліміз­дің жоғары оқу орындарында әлемнің озық 12 университетінің филиалы ашылды. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасатын  болады, – деді министр.

Жоғары білім беру саласында заманауи инфрақұрылымды құру және зертханалық құралдарды жаңарту өзектілігі артып келеді. Бұл ретте Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек 20 жоғары оқу орнының базасында академиялық шеберлік ор­талықтарын құру, «ҚазҰУ-град», «ЕҰУ-град» кампустарын салу, Қонаев қаласында акаде­мия­лық қалашық құру жобалары жүзеге асырылып жатқанын жеткіз­ді. Сонымен қатар ғылымды дамыту мәселелеріне тоқталды.

– Мемлекет басшысының тап­сырмаларын жүзеге асыру үшін ғалымдардың мәртебесін көтеру, кадрлық әлеуетті ны­ғайту жұмыстары жүргізілді. Халықаралық тәжірибені ескере отырып, Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес құрылды, ел экономикасының құрылымына және халықаралық тәжірибеге назар аудара отырып, ғылымды дамытудың жеті басым бағыттарының тізбесі қайта қаралды. 2023-2025 жылдарға арналған ғылыми-технологиялық инфрақұрылымды – жоғары оқу орындарының жанындағы ин­женерлік орталықтар мен техно­парктерді қалыптастыруға 16 млрд теңге бөлінді. Қазіргі заман­ғы ғылыми жабдықтың 850 түрі сатып алынды, ағымдағы жылы күрделі шығындарға 2 млрд теңге бөлінді, ғылыми жабдықтардың 14,3 пайызы жаңартылды, ғы­лы­ми ұйымдарды тікелей қаржыландыру енгізілді.

Сонымен қатар ғылыми кадр­­­ларды даярлау үшін жағ­дай жа­сауға, ғылыми қызмет­кер­лер­ді әлеуметтік қамсыз­дан­дыру кепілдіктерін іске асы­ру­ға және әлеуметтік қол­дау па­кетін кеңейтуге – еңбек­ақы­ны арттыруға және ғылыми дәре­желер мен ғылыми атақтар үшін қосымша төлемдер, жас ғалым­дарды тұрғын үймен қамта­масыз ету мәселелеріне ерек­ше көңіл бөлінеді, деді С.Нұрбек.

Қазіргі кезде ғылымға көңіл бөлу қажеттілікке айналды. Мық­ты ғалымдардың негізі тек жоғары оқу орнында немесе одан кейін қалыптаспайды. Ең алғашқы баспалдақ ол – мек­теп. Сондықтан білім беру жүйе­сіндегі барлық кезең бір-бірімен тығыз байланысты. Оқушы ор­та білім кезеңінде-ақ терең білім алып, қоғамға қажетті дағды­ларды игеріп шығуы керек. Одан кейін жоғары білімнің де өз міндеттемелері бар. Осы тұста Ұлт­тық ғылым академиясының президенті А.Күрішбаев акаде­мияның министрліктермен өзара байланысы маңызды екенін атап өтіп, елдің ғылыми әлеуеті туралы барлық деректердің базасын қамтитын және ғылыми қызметтің барлық субъектілерімен интегра­цияланған Қазақстан ғылымының бірыңғай ақпараттық жүйесін құру туралы ұсынысын жеткізді. «Ғылыми қызметті басқару сала­сындағы тағы бір кемшілік – отан­дық ғылымның жай-күйі тура­лы объективті және шынайы талдамалық ақпараттың болмауы. Онсыз ғылымның жүйелі да­муы мүмкін емес. Құрметті Сая­сат Нұрбекұлы, жүйені құру үл­кен ұйымдастырушылық жұ­мыс болғандықтан, сіздің жеке қолдауыңызды талап етеді», деді ол.

Бұған қоса, Ақылбек Қажығұл­ұлы академияның жоғары ғылы­ми ұйым ретіндегі құқықтық мәртебесі заңнамалық деңгейде айқындалмағанын, оның басқару нысаны, функциялары, сондай-ақ қаржыландыру көздерінің реттелмегенін атап өтті. «Жалпы, отандық ғылымды дамыту үшін ғалымдардың мәртебесін лайық­ты деңгейде көтеруіміз қажет. Ол үшін заңнамалық база­ға өзгерістер енгізу керек, акаде­мияның өз өкілеттіктері болуы керек. Заң қабылданса, жағдай реттелетініне сенеміз», деді А.Күрішбаев.

Ал Парламент Сенатының депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы  Нұртөре Жүсіп алқа отырысының ерекше жиын екенін атап өтті.

«Бұл жиынның ерекше болатын себебі – екі министрлік бірігіп кеңейтілген алқа отырысын өткізіп жатыр. Айта кететін жайт, жиынға білім саласын басқарған қазіргі және бұрынғы 12 министр қатысып отыр. Алаш арысы Міржақып Дулатұлының: «Жақсылыққа жетейлейтін жалғыз жол – оқу» деген сөзі бар. Сондықтан оқу, білім, білімнің сапасы айрықша маңызды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі білім, ғылым, жас ұрпақты тәрбиелеу мәселесіне ұдайы көңіл бөліп келеді. Президент «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында ештеңеге қарамай тек алға жүру керек деген міндетті алға қойды. Кешегі министрлер кеңесінің кеңейтілген отырысында білім беру мәселесіне баса назар аударылды. Үкіметтің алдына жасанды интеллектіні дамыту туралы міндеттер қойылды», деді Сенат депутаты.

Кеңейтілген алқа отырысының соңында Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова білім, ғылым саласындағы атқа­рылған жұмыстарға қатысты пікір білдіріп, көтерілген мәсе­ле­лерді назарда ұстауды тапсыр­ды. «Мемлекет басшысының бі­лім сапасын арттыру керек де­ген міндеттемесі өте өзекті. Ұлт­тық білім беру жүйесін сапалы қа­лыптастыруымыз қажет», деді ол.