Ғылым • 14 Ақпан, 2024

Өрелі өнертабыс

113 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қант диабетімен ауыратындардың саны көбейіп бара жатыр. Елімізде де, әлемде де жағдай осындай. Бұл ауруды дер кезінде анықтап, бақылауда ұстамаса, соңы өлімге апарады. Ауруға шалдыққан науқастардың өмірін жеңілдету, сондай-ақ қант диабетін диагностикалауды жеделдету үшін Назарбаев университетінің «National Laboratory Astana» (NLA) зертханасының аға ғылыми қызметкері Аманжол Тұрлыбекұлы қант диабетінің бар-жоғын тыныс алу арқылы анықтайтын газ сенсорын жасады.

Өрелі өнертабыс

Халықаралық қант диабеті федера­ция­сының мәліметі бойынша, 2019 жылы осы аурудан 4,2 миллион адам қайтыс болған. Ал әлемде қант диабетімен ауыра­тын 20 мен 79 жас аралығындағы 537 миллион адам бар екен. Бұл әр оныншы адамның біреуі деген сөз. Бұл сан 2030 жылға қарай 643 миллионға, 2045 жылға қарай 783 миллионға дейін өсуі мүмкін. Аурудың алғашқы белгілері бірден байқалмайтын болған соң, ол дер кезінде анықтала бермейді. Сондықтан қант диабетімен ауыратын 3 адамның 1-іне диагноз қойылмаған.

– Қазір диабеттің 1-типімен ауыратын науқастардың саны елімізде артып бара жатыр. Ол ағзамызда инсулин гормоны бөлінбегендіктен болады. Ал инсулин ағзада қанттың сіңірілуіне тікелей әсер ететін гормон. Оның тапшылығы немесе жоқтығы метаболизмнің өзгеруіне әкеліп соғады. Яғни адамның демі де өзгереді, – дейді ғалым.

Оның айтуынша, ағзада майлардың ыдырауы кезінде ацетоацетат пайда болуы мүмкін. Бұл жағдайда ауыздан ацетонның иісі шыға бастайды. Тыныс алудағы ацетон концентрациясын өлшеу арқылы қандағы глюкозаның деңгейін тікелей анықтауға болады. Зертханада әзірленген газ сенсорының жұмысы осыған негізделген.

Айтпақшы, газ сенсорының бір­не­ше түрі бар. «National Laboratory Astana» озық сенсорлар зертханасы хемо­резистивті сенсорларды зерттеумен және жасаумен айналысады. «Мақсатты газдың белгілі бір концентрациясына тоқтаған сәтте, газ материалдың бетіне адсорбцияланып оның электр өткізгіштігін өзгертеді. Сәйкесінше, материалдың кедергісін өлшей отыра газдың белгісіз концентрациясын анықтауға болады», деп химорезистивті сенсорының жұмыс принципін түсіндіріп берді Аманжол.

Қазіргі кезде ацетонға арналған селективті газ сенсоры дайын, ғалымның ендігі мақсаты әзірленген сенсордан құрал жасау. Оның энергия тиімділігін, температура, ылғалдылық сияқты сыртқы жағдайларға төзімділігін арттырып, сенсордың жұмысын оңтайландырмақ. Өнертабысқа патент алып та үлгерген. Осы мақсатқа жетсе, жасалған құрал болашақта әр дәрігердің бөлмесінен табылатын термометр секілді болатынына сенімді. «Қазір металл оксидтері негізіндегі сенсорлардың жұмыс істеу температурасы 200°С-ден жоғары. Ал егерде сенсорымыз бөлме температурасында жұмыс істей бастаса, оны смарт сағаттарға да қолдану мүмкіндігі болатын еді. Елестетіп көріңізші, сағаттың бетіне үрлеу арқылы сіздің глюкоза мен кетон денелерінің мөлшері анықталып жатса, ғажап емес пе», деп жалғастырды NU жоба жетекшісі.

Ғалым жұмыс істеп жүрген NLA Озық сенсорлар зертханасы бір жыл бұрын ғана құрылған. Оның негізгі миссиясы – Қазақстан мен әлем ғылымына инновациялар енгізіп, сондай-ақ өнеркәсіптік серіктестерімен мықты ынтымақтастық арқылы ғылыми нәтижелерді коммерцияландыру. Қазіргі уақытта зертхана аймақтағы газға сезімтал құрылғыларды әзірлеуге және синтезден бастап олардың жұмысын тексеруге дейінгі кешенді зерттеулер жүргізуге қабілетті жалғыз мекеме.

Аманжол Тұрлыбекұлының айтуынша, ғылыми жоба аясында магистранттар мен докторанттар тағылымдамадан өткен. Сондықтан зерттеу жұмысының өндірістік жағынан ғана емес, сапалы маман даярлау тұрғысынан да өзекті екенін айтады.

«Менің ойымша, тек ғылыми зерттеу­лер жүргізілетін жоғары білім ордаларында ғана талапқа сай білім бар. Бұл тек қана жаратылыстану ғылымдарына ғана қатысты емес, гуманитарлық болсын, математика болсын, кез келген ғылымға қатысты. Демек, менің жұмысымның қажеттілігі мен ең басты пайдасы сапалы кадрларды дайындауда», дейді ғалым.

Аманжолдың ғалым дәрежесінде ғылыммен айналысып жүргеніне 5 жыл болыпты. PhD диссертациясын 2019 жылы қорғаған. Сол кездерде өнертабысы болса да, ғылыми жобаларды қаржыландырудан қағылып, біраз қиындықтар көрген. Дегенмен ол сәтсіздіктердің тек кәсіби тұрғыда өсуіне, ғылыми өрлеуіне септігін тигізгенін айта­ды. Ғылым жолын таңдаған жастар да табан­дылық танытса ғана нәтижеге қол жеткізе алады дейді.

«Жалпы алғанда, біздің қоғамда ғалым болғаныңды мақтан тұту қиын нәрсе. Мен кішкентай кезімнен қызы­ғу­шы­лығы мол бала болдым. Әр нәрсеге бай­ланысты «Неге бұлай?», «Ол не?» деген сұрақтар қоятынмын. Бақытыма орай, менің әкем қарапайым металлург болса да, ешбір сұрақтарымды жауапсыз қалдырмайтын, оған қоса әр құбылыстың табиғатын балаға түсіндіре алатын зерделі еді. Содан да болар, ғылым жолы өзіме ұнайтын. Сегізінші сынып­тан бастап физика­ мұға­лімі Әлия Раздықова соған «жан құмар­лығымды» байқап, С.Аман­жо­­лов атындағы Шығыс Қазақстан универ­си­тетінің физика кафедрасындағы оқу­шы­лар­дың ғылыми жобасына жетекшілік ететін физика ғылымдарының кандидаты Досым Ерболатұлына табыстырған еді. Кейін мектепте оқушылардың «Зерде» ғылыми қоғамы ұйымдастырылып, солар­дың легіне ілесіп, 2009 жылы респуб­ликалық сайыста жеңімпаз болдым. Қысқаша айтқанда, ғылым жолына мен мек­теп кезінен келдім. Ғалым болуыма­ ғылыми жетекшілерім: профессорлар Алек­сандр Погребняк пен Сергей Плот­ни­­ковтің үлгі­сі үлкен әсер етті. Ғалым болу – бір нәрсеге күмәндану мен себеп іздеу. Сон­­дық­тан ғылым жолына келген­нен кейін көзқарасым 180 градусқа өз­гер­­ді. Сон­­дықтан жастарға ештеңеден қо­­рық­­па­­­ңыздар. Абай атамыз айтқандай, тән құ­­мар­­­лығын емес, жан құмарлығын жо­­ға­ры қойыңыздар дегім келеді», дейді ол.

Кейіпкеріміз жаратылыстану ғылы­мы бағытында ізденіп жүрсе де, гума­нитарлық ғылымның жайына да алаң­дай­тынын аңғартты. Оның пікірінше, қо­ғамдағы негізгі мәселенің бірі – ғы­лым­ның дамуы.

«Біздің еліміздің басты мәселесі, ауруы­ десе де болады ол – адам өмірінің құн­сыздығы. Осындай түйткілді гума­ни­тарлық ғылым бағытында жүрген ма­мандар шешуі керек деп ойлаймын. Әрине, еңбек нарығында заңгер мен филологтер онсыз да көп деп айтуы мүмкін. Алайда филология ғы­лы­­­мына келсек, латын әліпбиі әлі де әзір­ленбеген. Заңнаманы алсақ, ол да осал. Әділетсіз сот шешімдері – адам өмірінің құнсыздығын көрсетеді. Ал әлеуметтік мәселелерге келетін болсақ, үйдегі зорлық-зомбылықтың белең алуы да адам өмірінің құнсызданғанының бір көрінісі. Осы мәселелерді жаратылыстану ғылымдары шешпейді, шеше де алмайды», деді А.Тұрлыбекұлы.

Сондай-ақ ол елімізде ғылымның дамып, осы салаға жастардың көбірек келуі үшін мемлекеттің қолдауы, оларға жағдай жасауы маңызды екенін де жеткізді. «Ғылым дамуы үшін меритократия қағидасын ұстану, ғылым бюджетінің транспарентті болуы шарт. Жоғары еңбекақы – ең басты мотиватор. Ал жас мамандарды ұстап қалу үшін жұмыс еркіндігі мен меритократия қағидат­тарын ұстану қажет деп ойлаймын. Яғни әкімшілік патернализм болмауы керек», дейді ғалым.