Үкімет • 12 Ақпан, 2024

Үкімет басшысы мемлекеттік сатып алу үдерісін жеңілдетуді тапсырды

61 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов мемлекеттік сатып алулар мен квазимемлекеттік сектордың сатып алуларында отандық тауарлардың үлесін арттыра отырып, оларды түбегейлі жеңілдетуді және жеделдетуді тапсырды, деп хабарлайды Egemen.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Үкімет басшысы мемлекеттік сатып алу үдерісін жеңілдетуді тапсырды

Фото: primeminister.kz

Үкімет басшысы қолданыстағы рәсімдер көбінесе мемлекеттік сатып алулар үдерісінің әдейі кешіктірілуіне әкеліп соқтыратынын, оның салдарынан жаңа жобаларды іске асыру және тұтастай алғанда экономиканың дамуы баяулайтынын атап өтті.

«Мұндай жағдайда пәрменді түрде алға жылжу керек, өйткені қазіргі сатып алу жүйесі бәрін тежеп отыр. Конкурстарға шағымдану рәсімінің төңірегінде тұтас астыртын бизнестер пайда болды. Кейіннен бұл мәселеге қайта айналып соқпас үшін біз жағдайды түбегейлі өзгертуіміз керек», деді Олжас Бектенов Үкіметтегі кеңес барысында.

Бұл ретте ол тиісті ынталандыру тетіктері арқылы сатып алулардағы отандық тауарлардың үлесін едәуір арттыру қажеттігіне тоқталды. Бұл – республикада әлі жолға қойылмаған жаңа өндірістерді қолдауға да қатысты мәселе.

Олжас Бектенов мемлекеттік органдарға қысқа мерзімде сарапшылармен және бизнес-қоғамдастықпен бірге қажетті шараларды пысықтауды, оларды Парламент қарауындағы заңнамалық түзетулерге енгізуді тапсырды.

Талқылау барысында «Атамекен» ҰКП төралқасының төрағасы Райымбек Баталов аталған тәсілдерді қолдап, оларды іске асыру үшін министрліктермен бірлесіп белсенді жұмыс істеуге дайын екендігін жеткізді.

Сондай-ақ жиында QazTech мемлекеттік басқарудың бірыңғай цифрлық платформасын іске қосу және тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері қаралды.