Ғылым • 12 Ақпан, 2024

Академияның бағыты айқын

459 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев Назарбаев университетінде еліміздің жетекші ғалымдарымен, Президент жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің мүшелерімен, Астана қаласындағы жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарының басшыларымен кездесті. Жиында отандық ғылымды дамытудың өзекті мәселелері талқыланды.

Академияның бағыты айқын

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Іс-шараға әртүрлі ғылым саласынан 60-тан астам ғалым қатысты. Ашық диалог барысында ғылыми зерттеулерді дамытудың негізгі мәселелері бойынша ұсыныстар айтылып, Ұлттық ғылым академия­сы­ның негізгі міндеттеріне қатысты сұрақтарға жауап берілді. А.Күрішбаев академия қатардағы мемлекеттік мекемеге айналмауы керек екенін жеткізді.

– Біз Үкіметті тыңдайтын ғана емес, Үкіметке отандық ғалымдардың үнін естірте алатын, ғылымдағы мәселелерді көтеріп ғана қоймай, оны тиімді шеше алатындай болуымыз қажет. Сондай-ақ біз, ең алдымен, ежелден қалыптасқан ғылымды басқару жүйесін шайқалтып алудан сақтануымыз керек. Яғни бұл арада академия ғылыми мекемелерді бір ведомстводан екіншісіне ауыс­тырып, тек нұсқау беретін екінші мемлекеттік уәкілетті органға айналмауға тиіс. Қазіргі жаңарған академияның өзіндік бірегей миссиясы бар, бұл ғылымды басқару саласында кеткен жүйелі олқылықтардың орнын толтыруды көздейді, – деді А.Күрішбаев.

Ақылбек Қажығұлұлының айтуынша, академияның жаңа миссиясы – отандық жетекші ғалымдардың күш-жігерін бір арнаға біріктіру, еліміздің ғылыми-техникалық даму бағыттарын барлық мүдделі тараптың сындарлы талқылауы үшін тиісті жағдай жасау және ғылыми әлеуетімізді нәтижесі іс жүзінде айқын көрінетіндей нақты міндеттерді шешуге бағыттау.

– Академияның негізгі міндеттерінің бірі – ғылыми зерттеулердің басым бағыт­тарын анықтау. Егер еліміз­дегі ғылымды дамытудың басымдықтары қалай анық­талатынын және техно­ло­гиялық жағынан дамыған ел­дердің тәжірибесімен салыс­тыратын болсақ, біздің елде ғылым саласы қаржыландыруды бөлуге көбірек тәуелді екенін байқаймыз, әрі оның нәтижесі мемлекеттің қажеттіліктеріне емес, ең алдымен, ғалымдардың мүмкіндіктеріне негізделетінін түсінуге болады. Академия талантты жастарды тартумен қатар, экономика мен қоғамның дамуы­на елеулі интеллектуалдық үлес қосуға қабілетті, тәжірибелі ғалымдардың басын қосатын ғылыми орталыққа айналуы қажет. Дамыған елдердің көбінде ұлттық ғылыми-техникалық басымдықтар жүйесін тәуелсіз ғылыми-талдау ұйымдары анықтайды және бұл ауқымды форсайттық зерттеулердің, технологиялық болжамдар мен скаутингтің нәтижеле­ріне негізделеді. Осыған орай Ғылым академиясының база­сында экономиканың нақты жағдайы және ғылым мен ғылыми-технологиялық дамудың әлемдік трендтері­мен байланысты зерттеулерді дамытудың басым бағыттарын айқындаудың әділ объективті жүйесі қалыптастырылады. Бұл ретте экономика мен қоғамның бүгінгі ғана емес, алдағы сын-қатерлерін де бағалау аса ма­ңызды, – деді А.Күрішбаев.

Сонымен қатар Ұлттық ғылым академиясының басшысы отандық ғылымды қаржыландыру мәселесіне де тоқталды. Ол ғылымның барлық саласын конкурстық негізде қаржыландырудың үш жылдық мерзіміне сүйенген бір үлгідегі тәсіл, әсіресе іргелі зерттеулердің тиімділігінің төмендеуіне әкеліп соққанын атап өтті.

– Елімізде қазіргі заманғы базалық құзыреттердің дамуына ықпалы тиетін және елдің интеллектуалдық әле­уетін тұрақты көтеруді қам­тамасыз ететін қолданбалы әзірлемелердің жоғары дең­гейін жүзеге асыруға негіз болатын іргелі ғылым үшін тиісті жағдайлар жасалмаған. Мәселе осында. Мысалы, АҚШ-тың ауыл шаруашылығы ғылымын федералдық бюджеттен бәсекесіз негізде стра­тегиялық және тиісті зерт­теу­лерді қаржыландыру тәжі­рибесін келтіруге болады. Оған 2023 жылы 1,9 млрд доллар бөлінді, бұл бүкіл бюджеттің жартысын құрайды. Қазақстан – әлемдік экономиканың тұтас бір бөлігі. Халық санының жоғары өсу қарқынын және ел алдында тұрған ауқым­ды міндеттерді ескере отырып, қазіргі қазақ ғылымы, ең алдымен, прагматикалық бағытқа айналуға тиіс. Бұл бағытта академия жаңа ғылыми білімдерді (инновацияларды) экономиканың нақты секторында қолданудың тиімді тетіктері аясында ұсыныстар енгізеді. Алып территориясы бар ел үшін аймақтық ғылымды дамыту өте маңызды. Ал бұл жұмысты жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жүргізуіміз керек, – деді академия президенті.

Жиын барысында ғылымдағы жас мамандарды қолдау мәселесі де назардан тыс қалмады. А.Күрішбаевтың айтуынша, қазір ғылыми дәрежесі бар қызметкерлердің орташа жасы 57 жас және одан сәл жоғары, ал қызметкерлердің 15 пайызы зейнеткерлік жасқа жеткен. Сондықтан ғылым саласындағы мемлекеттік саясаттың басты басымдығы, ең алдымен, жас ғылыми кадрлардың келуіне қажетті жағдай жасау болуға тиіс.

Жиынға қатысқан ғалымдар өз тарапынан отандық ғылымды дамытуға қатысты ұсыныстарын жеткізіп, ашық пікір алмасуға мүмкіндік жасалғаны үшін алғыс білдірді. Кездесуден соң академия президенті Назарбаев университетінің инновациялық орталықтары мен зертханаларын аралады.