Халық • 07 Ақпан, 2024

Еменнің иір бұтағы

275 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Тағдырдың салған ісіне қайыспай, кәтепті қара нар ғана көтеретін зілмауыр салмақты еңсеріп, келер күндердің көкжиегіне нық сеніммен қарайтын қажыр-қайраты кемел жандарды көргенде таңғалатынымыз бар. Бұлқынып аққан бұлақтай көкірекке құйылар алапат күштің көзі қай тұста екен?

Еменнің иір бұтағы

Шағын көлдің жиегіндегі селдір өскен, ұшар басы қарсақ­тың құйрығындай бұлаңдаған қамыс арасында үйір-үйір жыл­қы, бір табын қара мал жүр. Табиғаты қатал біздің өңір­де қара малды қыста далада бақ­пай­ды. Қар алғаш түскенде-ақ қораға қамалып, ақ қар, көк мұздың көбесі сөгіліп, көгеріп көктем келгенше қолға қарап тұрары бар. Таңсық суретке елең еткенбіз. Таяп келдік. Өк­пек желдің өтінде жүрген қара малдың жүні тығыз өседі екен. Қуатты, тұяғы тиген жерді ойып тастайтын жылқы емес, қара малдың қар үстінде қылар қай­раты кем. Жан бағу үшін жа­йыл­ған болады. Әйтсе де батыс­тан соққан өткір желдің тезіне шыдай алмай қыр арқасы аспандап тұр. Көл жиегінде қара мал сүйсініп жейтін өсімдік те жоқ. Былтырғы балауса құрақ өлі­қау­ға айналған. Кейбір тана-тор­пақтар жылқы тебіндеген үй орнындай жерді омыра ашып тастаған алаңқайға байыздапты.

Биылғы қыстың бет әлпеті онша жақсы емес. Қаңтар туғалы қырына алып тұр. Мал сүме­сі­мен күн көрген малсақ қауым дабыл қаққанымен, мал оттығын толтырар жем-шөп жоқ. Табын шетіндегі салт атты бақ­ташыға жолықтық. Осы мал­дың иесі, жеке кәсіпкер Қажығали Сақы­пов екен. Зеренді ауда­ны­­на қарасты Васильковка ауы­­лы­ның тұрғыны, үшінші топ­та­ғы мүгедек.

Амандық-саулық сұрастық. Қақаған қыста қара малын көл жиегіндегі қамысқа жайған жігіт ағасы қыңатын емес. «Басқа түссе – баспақшыл» дегендей, амалсыздың күнінен атқа қонып, көл жағалап жүрсе де ақжарылқап күннен үмітті.

– Көрген күн – осы, – дейді Қажығали Жұмабекұлы. – Қыс­қа қамдаған мал азығы жетім­сіз болған соң қара малымды қырда жайып, күнелткен болып жүрмін. Шынтуайтында мал­сақ қауымға биыл өте қиын болып тұр. Жалғыз биыл ғана емес, талай уақыттан бері қыр соңымыздан қалмай қой­ған тақсірет, не жайылым, не ша­бын­­дық жеріміз жоқ. Жергі­лік­ті әкімдікке айта-айта әбден қа­жыдық.

Мәселенің мәнісіне бажайлап, тереңірек үңілсек, шынында да, мүмкіндігі шектеулі осы азамат ес біліп, етек жапқалы малмен күн көріп келе жатса да, есіркеген ешкімді көрмепті. Жеке кәсіпкер ретінде тіркелген. Малын өз төлі есебінен өсіріп жатыр. Облыс орталығына жа­қын болғанымен, мал өнім­де­рін ұқсата алмай отыр. Маңдай термен өсірген ақ адал малы – алып-сатарлардың оңай олжасы. Қажығали Жұмабекұлының пікірінше, егер осы шаруаны ұйымдастырса, қала базар­ла­рын­дағы ет бағасы біршама арзандар еді. Ауылда арнайы мал соятын орын болмаған соң қара­жат­тан қысылған кезде өзде­рі сойып, бұлдап сата да алмайды.

Бір кезде қасапшы да болыпты. Осыдан он шақты жыл бұрын мал сойып жатып абайсызда қара санын жарақаттап алған. Бәлкім уақытында емделмеді ме кім білсін, әлгі жара асқынып, аяғынан айырылған. Әйтсе де, ауылда тұрған соң күнкөріс керек, жанын жалдап төрт түлік малды өсіріп жүр.

– Ең қиыны, мал азығын сатып алу, – дейді ол. – Егер өз еңбегіңді қосып есептесең, пайда таппайсың. Бұрын көмекші ұс­тадым. Кіріс азайған соң жұ­мыс­шыға төлер жалақым бол­май отыр. Қазір өзгесін былай қойғанда елдің қысылғанын көріп, пайда іздегендер Солтүс­тік Қазақстан облысынан әкеліп сабан сатып жүр. 200-250 келілік бір бумасы – 11 мың теңге.

Мал иесінің айтуынша, тарапта шалағайлық көп. Мәселен, биылғы жаздың әлпетін көрген соң ауылдық кеңес­тің басшылары, елдің ақса­қа­л­дары осы маңда егін егіп, жердің игілігін көріп жатқан серіктестік басшыларына егін орағы кезінде бар сабанды турамай, атжалға түсіріп, көпене салып кету тура­лы өтініш жасау керек еді. Қуаң­шы­лық жылы бой салып өспей, бұйығып қалған егіннің сабаны да көп емес болатын. Диқандар сабанды турап тастаса, танап тыңаяды деп есептейді. Бірақ елдің де жағдайын ойлауы керек еді. Тағы бір мәселе – егін орылып алған­нан кейін арамшөптің тұқы­мын құрту үшін химиялық дәрі себу. Егер дәрі сепкеннен кейін топырақ қатпай тұрып жауын жауып, дәрі танапқа сіңіп кетсе, бір сәрі. Бойында қалып қояды. Жиын-терін аяқталған соң аяқ­ты мал аңыздың үстіндегі уыс­­ты құлақ сабанды жемей тұра ма, жесе, әлгі дәрінің уыты­мен уланбақ.

Шоқ жұлдыздай шағын ғана бұл ауылда өткен жылы 300 бас қара мал болған екен. Қа­зір 70 бас қана қалған. Онда да біздің кейіпкеріміздің бағымындағы малы. Тепсе темір үзетін аптал азаматтар малдың бейнетінен қашып, құрық ұстап қалған. Ал мүмкіндігі шектеулі Қажекең қажитын емес. Өйткені оның бойында атакәсіпке деген адалдық, отбасымды өз еңбе­гім­мен асырасам деген ұмтылыс бар.

Айтпақшы, жөн сұраса келе Қажығали Жұмабекұлының аруақ­ты Абылай ханнан тарайтын жұрағаттан екенін білдік. Аталары Елікті тауының етегін жайлаған. Бәлкім еменнің иір бұтағындай тағдырдың жүгін тайсалмай арқалаған мықтылық алпыс екі тамырында арыдағы аруақты бабалардан дарыған шығар. Тек деген – тегін емес қой.

 

Ақмола облысы,

Зеренді ауданы