Аймақтар • 07 Ақпан, 2024

Сырдың руханият жобасы

59 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Өткен жыл Сыр мәдениеті мен өнері үшін нәтижелі болды. Биыл да бұл салада ел назарын аударар ақжолтай жаңалық көбеймек. Соның бастысы – алдағы наурыз айынан Сырда «Руханият жылы» бастау алады. Бұл туралы облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев облыстық мәслихат сессиясында айтты.

Сырдың руханият жобасы

Фото: syrboyi.kz

Өңір басшысы соңғы екі жылда аймақтың мәдениет пен рухания­т саласында ауқымды жұмыстар ат­қарылғанын атап өтті. Қызылордада меценат Марат Дүйсенбаевтың де­меушілігімен құны 1 млрд 700 млн теңге болатын «Анаға тағзым» орталығы ашылып, 1 млрд 500 млн теңгеге салынған «Отбасы орталығы» өз қызметін бастады. Археологтердің ұзақ жылғы еңбегі арқасында бұрын­нан бүгінге жеткен Шірік-Рабат­тағы сақ жауынгері мен Сығанақ ханшайымының алтындатқан мүсіндері жасалып, облыстық музейдің құнды мұрасына айналды.

– Алда тарихшылардың ғылыми негіздемелері мен археологиялық қазба нәтижелеріне сүйеніп, алтын киімді «Түгіскен көсемі», «Жетіасар ақсүйек әйелі» реконструкциялары жасалады. Сонымен қатар, осы күнге дейін шетелдерде сақталған біздің өңірге қатысты жәдігерлердің көшірмелері ел назарына ұсынылатын болады. Ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, салт-дәстүрлерімізді насихаттау мақсатында халқымыздың жыл басы және жаңару айы – наурыздан бастап Сыр өңірінде «Руханият жылы» бастау алады. Жыл аясында тек мәдени-көпшілік шаралар ғана емес, ауқымды жобалар жү­зеге асырылады, – деді Нұрлыбек Маш­бекұлы.

Жұртшылық соңғы жылдары бұл салада үзіліп қалған үрдістердің қай­та жалғасқанын да жақсылыққа балап отыр. Мысалы, былтыр он жыл бұрынғы бастама қайта жаңғырып, мәде­ниет саласын дамытуға үлес қос­қан өнер және әдебиет өкілдеріне «Тұран» сыйлығы табысталды. Облыс тарихында тұңғыш рет 50-ден аса кәсіби музыканттан жасақталған симфония оркестрі құрылды. Мүмкіндігі шектеулі өнерпаздардың шығармашылығын шыңдауға арналған инклюзивті театр үйірмесі жұмысын бастады. Өз алдына кәсіби ұжым болып қайта құрылған қалалық «Жастар театры» Сырда сахна өнерін өрістетуде жаңа леп әкелді.

Өткен жыл түйінделер тұста елордада Қызылорда облысының мәде­ниет және өнер күндері өтті. Астана жұрты Сыр өнерпаздарының шығарма­шы­лығына ерекше ықылас білдіріп, оң ба­ға берді. Алда осындай мәдени шара Ал­маты қаласында ұйымдастырылады.

Жақын күндері 1000 орындық Өнер орталығы қызметін бастайды, Жыраулар үйі ашылады. Барлық аудан­да неке қию залы, кітапхана, музей, архив, жастар сарайы, ардагерлер мен аналар үйі орын тебетін «Руханият» орталықтары салынады. Балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығын шыңдау мақсатында облыс орталығынан «Шығармашылық академиясы» бой көтереді.

Соңғы жылдары халық жиі қо­ныстана бастаған сол жағалаудан жаңа өлкетану музейі салынатыны да Сыр руханиятындағы серпінді жаңалық болып отыр.

 

ҚЫЗЫЛОРДА