Пікір • 01 Ақпан, 2024

Баспасөздің баянды жолы

273 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ұлт баспасөзі тарихтың түрлі сынынан өтіп, қалыптасып, дамып, кемелденді. Бүгінгі БАҚ жаңалық пен ақпаратты халыққа жеткізу пішіні, мазмұны, амалы, т.б. кәсіби шарттары жөнінен көп өзгерді. Мамандар технология мен инновация қарқынына ілесуге тырысып-ақ келеді. Сала сарапшылары әлем мен ұлт талғамын, сұранымын ескеріп, тез жетілуді ұсынады.

Халық түсігінімен айтсақ, «Түйенің танығаны – жантақ» деп, қоғамды, айналаны бұрынғыша қаузай бермей, жатпай-тұрмай іздену қажеттігін айтады. Мысалы, БАҚ технологтерінің бір парасы жобалық қызметтің маңызына назар аударады. Мұнда ақпарат қауымдастығы бірлікте, жүйелілікте қызмет істеуі керек. Енді бір мамандар технологияның дамуын ескере отырып, инновациялық драматургия, мультимедиа, мультиплатформа заңдылықтарын БАҚ-қа алып келу қажет деп есептейді. Сторителлинг тәсілін пайдалану, яғни ақпаратты әңгіме немесе тарихи баяндаумен жеткізу тиімді дейді. Үшінші топтағы мамандар журналистің психологиялық-танымдық қабілетін арттыруды дұрыс санайды. Сындарлы тыңдау (яғни мол ақпараттан қажетін алу), көп материалды тез қорыту, ақпараттың дұрыс-бұрысын тану секілді қасиеттерге екпін түсіреді. Осы орайда әріптестерімізде жиі ұшырасатын кейіпкеріне деген көзсіз сүйіспеншілік, фактіні мұқият тексеруге еріну, т.б. эмоциялық факторларға қатаң қарауды қаперге салады.

Президент Қ.Тоқаев кәсіби жауапкершілік туралы: «Шындық пен шынайылық басты қағида болуы керек. Яғни ақпарат арнасы адал­дық алаңына айналуға тиіс», дейді.

Қазіргі БАҚ формалық, құрылымдық жа­ғынан қанша өзгерсе де, асыл арқауынан, негізгі бағы­ты­нан – ақпарат жеткізуден айныған емес. Дәстүрлі талғамның орайында байыптасақ, журналист жазған материалы халыққа пайдалы ма – соны терең сезінуі қажет. Нысанасына қатысты негізгі түйінді, тұжырымды ұсына білуі керек. Оқиғаға, мәселеге қатаң, бір­жақты көзқарастан аулақ болып, талдау, салыс­тыру, ба­­йыптау, т.б. қабілетін шыңдағаны дұрыс. Мұның бәрі өз-өзін жетілдірумен, сыни ойлаумен ке­леді.

Елдің тарихи бас газеті – «Қазақтың» идеясы мен миссиясын ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы осы деңгейден көргісі келді. Ол еңбегі мен қайратының (Абай) арқасында баспасөзде өшпестей із қалдырды. Этностың атауын газеттің маңдайына жазып, өкінішті («Ай, қап!») кезең – артта, алда – Алаш болып жаңаратын, бар ағайынды бауырға басатын білім-ғылым асуы тұр деп, оптимистік жолды таңдады. Бұл – түркі дүниесінде ізашар Исмайыл Ғаспыралының «Тәржіман» газеті мұратының заңды жалғасы. Қырымның қырық батырына татитын тұлға: «Газеті мен кітабы жоқ ұлт көзі соқыр, құлағы керең адаммен тең», деген еді. И.Ғаспыралының Ақаңдар санасына құйыла кеткен тағы бір сөзі: «Газет ең әуелі ақиқат пен ағартуға қызмет етеді. Ақиқат жалған, негізсіз көзқарас пен пікірді талқандайды, ағарту халықтың көзін ашады, мұқият тыңдатқызады, мәселеге дұрыс қарап, түсінуді үйретеді. Сонымен бірге ол жұрттың мұң-мұқтажы мен мүддесін баршаға таныстырып, халық өкілдеріне қызмет етеді».

«Тәржіманнан» кейін 28 жылдан кейін шыққан «Қазақ» газетінде А.Байтұрсынұлы мерзімді басылымды – жұртқа жол көрсетуші, білім таратушы, жоғын жоқтаушы (даушы) деп, үш қызметін айрықша атады.

Алаш зиялылары әу бастан оразды деңгейге жетуде Қазақ елінің өзіндік жолы, еңбегі, оқу-тоқуы, күресі, тәжірибесі, тағдыры болатынын айтты. «Мәдениетке жетіскен жұрттар оған кеңінен толғанып, бірте-бірте жылжумен жеткен. Қазақ та мәдениетке сол жолмен жетіседі. Оған жалғыз тысқы қалыбын өзгерту шарт емес, іші-тысы бірдей өзгере барып жетіседі» деп жазады «Қазақ» газеті. Міне, осы ойды барлық салаға қатысты бүгін де айтуға болады.

Бірқатар тарихшы біледі, 1915 жылы Еуро­па­ның ірі орталығы Венаға барған түрік де­лега­циясы министр-президент Штюргктен Ресей қоластындағы түркі халықтарының, соның ішінде қазақтың азаттық алуына ықпал етуін сұрайды. Бұл істе ұлт газеті қайраткерлерінің де үлесі бар. Мұны 1907 жылы Ә.Бөкейханның тапсырмасымен Ыстанбұлға барып, саяси тұл­ғаларымен кездесіп, газеттерінде мақала жа­рия­лаған Шаймерден Қосшығұл еңбегі растайды.

Осы жылы 22 ақпанда «Қазақ» газетінде жария­ланған «Неміс мәдениеті» атты мақала­сын­да Әлихан Бөкейхан «соңғы қырық жылда 40 млн 800 мыңнан 64 млн 900 мың болып өскен» Германияның құпиясына үңіледі. Қайраткер пікірінше, бұл өсім, біріншіден, «неміс жұртының тамағы тоқтығын», екіншіден, «ғұмырын бақыт жолына аударғанын» көрсетеді. Ғылымға байланған шаруашылық сырын былай түсіндіреді: «Егін-шөп бір жыл шықпаса, жұт, ашаршылық келеді. ...Ауропа жұртында орыс­тан басқа жұртта ашар­шылық та болмайды. Мұнда адам қол жетпес Құдайдың жаңбырына жалынбайды, өз қолындағы жаһид, өнеріне жалынады».

Елдің даму бағытын таңдауда түндікті Батыс­тан ашқан, баспасөзді ұлттың бар қажетіне (мә­дени, саяси, біліми-ғылыми, шаруашылық, халық­аралық, т.б.) жұмылдырған «Қазақ» газетінің баянды жолы жалғаса береді.