Университет • 01 Ақпан, 2024

ЕҰУ әлеуметтанушылары бизнес өкілдерімен зерттеулер жүргізеді

60 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бизнес өкілдері әлеуметтік зерттеулер жүргізуге және жоғары білікті кадрларды даярлауға қызығушылық танытып отыр. Халықаралық RIXOS желісінің бастамасымен Астанада Л.Гумилев атындағы ЕҰУ «Әлеуметтану» кафедрасының филиалы ашылды, деп жазады Egemen.kz.

ЕҰУ әлеуметтанушылары бизнес өкілдерімен зерттеулер жүргізеді

фото: ЕҰУ баспасөз қызметі

«Rixos President Astana» қонақ үйінде ЕҰУ кафедрасының екінші филиалы ашылды. Онда Еуразия ұлттық университетінің әлеуметтанушылары бизнес үшін зерттеулер жүргізеді, бірлескен ғылыми жобалар жасайды, сондай-ақ білім алушыларға тәжірибелік және теориялық дәрістер өткізіледі.

«Бизнестің білім мен ғылымға деген қызығушылығы артып келеді. Серіктестеріміздің бастамасымен ұйымдастырылған кафедра филиалының ашылуы осыны дәлелдейді. Бірнеше жыл бұрын «Rixos President Astana» қонақ үйінде университетіміздің «Туризм» кафедрасы филиалы іске қосылды. Бүгінгі таңда көптеген студенттеріміз «Rixos» қонақ үйлерінде тәжірибеден өтуде, ал үздік түлектер қонақ үй бизнесінде басшылық қызмет атқарады. Осылайша біз жұмыс берушілермен тығыз ынтымақтастық орнатамыз. Бүгінгі таңда еліміздің түкпір-түкпіріндегі өндірістік орталықтарда ЕҰУ кафедраларының 74 филиалы жұмыс істейді», деді Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов.

ЕҰУ кафедрасы филиалының ашылу салтанатына университет пен қонақ үй өкілдері, жас ғалымдар, оқытушылар мен студенттер қатысты. Өз кезегінде «Rixos President Astana» бас менеджері Тансель Терджан қонақжайлық индустриясын дамытудың маңыздылығына тоқталды.

«Қонақжайлылық индустриясы адам ресурстарымен қамтамасыз етілуі керек. Қазір «human to human» қызметі бүкіл әлемде маңызды. Мен осы саладағы бірнеше мәселені анықтадым. Сондықтан біз ЕҰУ-мен ынтымақтастықты 2017 жылы бастадық. Осы уақыт ішінде біздің серіктестігіміз нығая түсті. «Rixos» қонақ үйлер желісінде ЕҰУ студенттері өздерін еркін, өз университетінде жүргендей сезінеді. Біз өзара тиімді ынтымақтастық орнаттық және ортақ мақсат – ел экономикасы үшін кәсіби кадрларды даярлау», деді ол.

Әлеуметтік ғылымдар факультетінің докторанты Жұлдыз Кәрім кафедра филиалы докторанттардың академиялық дағдыларын шыңдауға көмектесетін және ғылыми өсу үшін жаңа мүмкіндіктер беретін алаңға айналатынын атап өтті.

«Кафедрамыздың тағы бір филиалы ашылып, докторанттардың білімін, кәсіби және академиялық біліктілігін арттыруға мүмкіндік артты. Бұл бастама шетелдік әріптестерімізбен және ғылыми-зерттеу кеңістігімізбен ынтымақтастықты арттыруға көмектеседі», дейді жас ғалым.

Айта кетейік, ЕҰУ-дың Әлеуметтік ғылымдар факультетінде екі мыңнан астам студент білім алып жатыр.