Аймақтар • 31 Қаңтар, 2024

Америкалықтар Алтайда сабақ береді

102 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Алтайдың қойнауындағы орта мектепке сонау Американың ұстаздары сабақ беруге келген. Шығыстың қиырындағы ауылға қайдан тап болды дейміз ғой. Сөйтсек, Катонқарағай ауылындағы С.Ластаев атындағы орта мектеп ұжымы АҚШ-тың Массачусетс технологиялық институтының «Global Teaching Labs» атты бағдарламасына қатысуға ниет білдіріп, көп ұзамай аталған институттың екі үздік студенті Александр Эдуард Шерстнев пен Ханна Парк «Ауыл мектебі» жобасы аясындағы бағдарлама бойынша мектепке келіп, дәріс бере бастаған.

Америкалықтар Алтайда сабақ береді

Суретті түсірген – Ынтымақ ТОЛҚЫН

Айта кетейік, «Ауыл мектебі Powered by NIS» жобасының қатысушысы – С.Ластаев атындағы орта мектебі бұл бағдарламаға енген ауыл мектептерінің ішіндегі әзірге алғашқы білім ұясы. «Global Teaching Labs» бағдарламасы аясында Массачусетс институты­ның алдыңғы қатарлы студенттері жыл сайын Еуразия елдеріндегі мектептерден іс-тәжірибеден өтуге аттанады. 9 қаңтардан Массачусетс тех­но­логиялық институтының екі үз­дік студенті С.Ластаев атындағы орта мек­тепке келген. Америкалық сту­дент­тердің жоспарында оқушыларға бел­гі­ленген пәндер бойынша сабақ беру ғана емес, олармен және ұстаздар ұжы­мымен бағдарламалау негізінде топтық жұмыс жүргізу де бар. Қос студент Катонқарағай ауылындағы мектепте бір айға жуық бағдарламалау, физика, ағылшын және ақпараттық технологиядан сабақ береді.

– Мен екінші, Ханна үшінші курста оқимыз. Негізгі мамандығым – физика пәнінің мұғалімі. Досым Ханна болса, компьютерлік дизайн бойынша білім алып жатыр. Бұл біздің «Global Teaching Labs» бағдарламасы аясында өзге елге жасаған алғашқы сапарымыз. Аталған бағдарламаға қатысуға өзіміз ниет білдірдік. Қазақстан туралы осы уақытқа дейін сырттай ғана біліп келдік. Университетте оқитын Қазақстаннан келген құрбы, достарымыз да жоқ емес. Сондықтан болар осы елге қызығушылығымыз ауып тұрды, – дейді Александр Эдуард Шерстнев.

Оларды Астананың әуежайына түсе салысымен Білім беруді тұрақты дамыту қорындағы достары құшақ жая қарсы алып, қонақжайлылық таныт­қан. Ертесінде Өскеменге, одан әрі Катон­қара­ғай ауылына жеткен. С.Ластаев мек­тебіне келгендегі мақсаттары – өзде­рінің білімін, қарым-қабілеттерін мұн­дағы оқушыларға үйрету, солармен бөлісу, ағылшын тіліне деген қызы­ғушылықтарын арттыру. Ең бастысы, мектеп оқушыларының білімге деген ынталарын арттырғысы келеді.

– Оқушыларға әлемнің үлкен әрі таңға­жайып екенін, олар өз мүм­кіндік­терін барынша пайдаланып, жарқын же­тіс­тіктерге жете алатынын айтқымыз ке­леді. Бәрі де өздерінің қолында. Ол үшін қазір барлық жағ­дай мен мүмкіндік жетерлік, – дейді Александр Эдуард Шерстнев.

Шетелдік студенттер өздеріне жүк­телген пән сабақтарын ағылшын және орыс тілдерінде жүргізеді. Негізгі сабақ­тардан бөлек, Александр мен Ханна мектеп ішінде ұйымдастырылатын дебат, пікірталас алаңдары, дөңгелек үстел сияқты іс-шараларға қатысып, оқушылармен тілдік қарым-қатынас орнатып жүр. Мектеп шәкірттері де америкалық студенттердің сабақтарына қызығушылық танытып, ағылшын тілін меңгерудегі тәжірибелерін арттырып келеді.

Әмбеге таныстыра кетейік, Алек­сандр мен Ханна Солтүстік Американың Калифорния штатында туып-өскен. Александрдың ұлты – орыс, Ханна – корей қызы. Александрдың әкесі Ресей­дің Челябі қаласында туған екен. Айтуынша, Қазақстанда бұған дейін өзі болып көрмесе де, туыстарының кейбірі осында әлі күнге дейін тұрады.

– Мектеп оқушыларының қазір­дің өзінде ағылшын тіліне деген қызы­ғушылықтары жоғары. Сабақта пікір алмасамыз, әңгімелесеміз. Өзіміз де олардан қазақ тілін үйреніп жүрміз. Қазірдің өзінде «Ас болсын», «Сау болыңыз», «Сәлеметсіз бе?» деген сынды сөздерді үйреніп алдық. Ауылдың балалары жан-жақты, білімді екеніне көзіміз же­тіп отыр. Бұл бізді қатты қуантады. Бұ­дан кейін де біз катонқарағайлық оқушы­лармен және ұстаздармен үнемі байланыста боламыз, – дейді Ханна Парк.

Американың студенттері Алтайға келгендеріне шын қуанышты. Мұндай сұлу табиғатты көрудің өзі бақыт деседі. Баса айта кетерлігі, С.Ластаев мектебі Білім беруді тұрақты дамыту қоры мен «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының «Ауыл мектебі» бірлескен жобасына қатысып отырғанына биыл бесінші жыл. 2019 жылы «Айтас» холдингінің қолдауымен бұл мектептің білім беру кабинеттері жаңартылған болатын.

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Катонқарағай ауданы