Волонтер • 31 Қаңтар, 2024

Кәсіби волонтерлер топтасады

73 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елімізде кәсіби еріктілердің мобильді тобы құрылады. Бастаманы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Төтенше жағдайлар министрлігі бірге қолға алған. Қазір қос сала өкілдері оқыс оқиғалардың алдын алып, салдарын жоюда ескерілетін арнайы алгоритмді әзірлеп жатыр.

Кәсіби волонтерлер топтасады

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Былтыр республикада төтеннен ке­ліп, халықты абдыратқан оқыс оқи­ғалар аз болмады. Мәселен, 2023 жыл­дың жазындағы Абай облы­сын­дағы алапат өрттен 60 мың гектар орман алқабы жанып кетті. Осы тұста әр өңірдің белсенділері бір жа­ға­дан бас, бір жеңнен қол шы­ға­рып, көмегін аямады. Төтенше жағ­дай­лар департаменттерімен ынты­мақ­тастықта жұмыс істеген ерік­ті­лер қа­уіп­сіздікті қадағалап, аймақ тұр­ғын­­дарын сақтыққа шақырды. Апат ай­тып келмейді десек те халқымыз қа­шанда «Сақтансаң – сақтайды» дейді. Сондықтан жауапты сала мамандары жан-жақты қамдануға біртіндеп кіріскен. Жаңадан құрылатын ерікті­лер­дің мобильді тобы – осының айғағы.

– Төтенше жағдайлардың алдын алу және олардың салдарын жою саласындағы волонтерлік қызметті дамыту мақсатында Төтенше жағдайлар министрлігі волонтерлік ұйымдармен, оның ішінде Ұлттық волонтерлік желімен белсенді өзара іс-қимыл жасайды. 2024 жылы Ұлттық волонтерлік желімен бірлесіп, қанатқақты жоба аясында Қостанай облысының базасында төтенше жағдайларға ден қою саласында волонтерлердің мобильді тобын құру жоспарланған. Осы топ үшін ТЖМ кәсіби авариялық-құтқару құралымдарын дайындауға ұқсас дене шынықтыру даярлығы бойынша 10 күндік даярлау және нормативтерді тапсыру бағдарламасы әзірленеді. Оқыту Қостанай облысы ТЖД базасында ұйымдастырылады деп жос­пар­ланған. Даярлау бағдарламасы төтен­ше жағдайлардың салдарын жою мақ­сатында волонтерлердің осындай мобильді топтарын құру үшін өңір­лер­ге жіберіледі. Іс-шара 2024-2026 жылдарға арналған Волонтерлікті да­мыту мен қолдаудың Жол картасы ая­сын­да іске асырылады деп көзделіп отыр, – деді Төтенше жағдайлар ми­­нис­тр­лігінің ресми өкілі Жанна Дәуренбекова.

Бүгінде еліміздегі 136 волонтерлік ұйым, оның ішінде 47 мыңнан аса волонтер Төтенше жағдайлар министрлігі құрылымдарымен бірлесе жұмыс істейді. Олар тұрақты дайындықтан да өтіп отырады. Кейінгі үш жылды есепке алсақ, 3,5 мыңнан аса қо­ғам белсендісі салаға қатысты ведомстволарда оқыс оқиға кезіндегі қарым-қабілеті мен білім-білігін шың­даған.

– Төтенше жағдайлар министрлігі үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе бірнеше бағыт бойынша жұмысты ұйым­дастырады. Атап айтқанда, та­биғи апаттардан зардап шеккен адам­дарға көмек көрсетуге қатысу, гу­манитарлық көмек көрсету. Екін­ші­ден, төтенше жағдайлардың алдын алуға және олардың салдарын жоюға қатысу. Үшіншіден, жоғалған адамдарды іздеу бойынша іздеу-құтқару жұмыстарына қатысу, – деді баспасөз хатшысы.

Волонтерлер  –  елдің ұйымшылдығы мен бірлігін қажет ететін іс-шаралардан тыс қалмайтын жандар. Күні бүгінге дейін осы жанашырлар өрттің, газ­дың шығуының алдын алу, су айдын­да­рындағы қауіпсіздікті сақтау бағы­тын­дағы түрлі жиынға белсене қатыс­қан. Өткен жылдың өзінде 1 700-ден астам профилактикалық іс-шарада бой көрсеткен.

Қазіргі таңда былтыр ерікті­лер­дің халықаралық форумның қоры­тын­дысы бойынша министрлік тө­тенше жағдайлардың салдарын жою кезеңінде волонтерлердің қауіп­сіз­дігін қамтамасыз ету үшін мем­ле­кет­тік органдармен және волон­тер­лік ұйымдармен бірлесіп, оқыс оқи­ға­лардың алдын алу және олардың зардабымен күресу жолына волон­тер­лерді тарту алгоритмі жан-жақты талқыланып, әзірленіп жатыр.